Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Стресс: Тынышсыз дәуірдің тынысы

Стресс: Тынышсыз дәуірдің тынысы


Бүгінгі заманның қарқыны мен қарым-қатынасы тым жылдам. Әр күн сайын адамдар жүздеген ақпарат алып, мыңдаған шешім қабылдайды. Осындай шапшаң өмір ырғағы адамның жүйке жүйесіне, психологиялық және физикалық саулығына әсер етеді. Соның салдарынан бүгінгі қоғамда жиі кездесетін, бірақ көпшілік оны қалыпты жағдай деп қабылдайтын дерт пайда болды. Ол – созылмалы шаршау мен стресс.

Шындығында бұл екеуі жай ғана «шаршау» немесе «көңіл-күйдің түсуі» емес. Адамның өмір сапасын төмендетіп, денсаулығын бұзатын қауіпті құбылыс.
Бүгінде таң атқаннан кеш батқанға дейін тынымсыз жұмыс істейтін, ұялы телефоннан бас алмайтын, тіпті демалыс уақытында да ойы жұмыс пен әлеуметтік желіде жүретін адамдар көбейді. Қазіргі уақыт адамнан бір сәт те тоқтамауды, үнемі «жүгіріп жүруді» талап етеді. Бірақ адамның жүйке жүйесі мен ағзасы мұндай ұзақ мерзімді кернеуге төтеп бере алмайды. Психологтар мұны «ақпараттық шаршау» немесе «цифрлық күйзеліс» деп атайды.
– Адам ағзасы да, миы да демалуды қажет етеді. Бірақ қазіргі қоғамда тынығу мен шынайы бос уақыттың ұғымы жоғалып барады. Күн сайын біз өзімізге артық ақпарат жүктейміз, демалуға мүмкіндік бермейміз. Мұның соңы стресс пен созылмалы шаршауға әкеледі, – дейді осы тақырыпты зерттеп жүрген психолог МөлдірТемірбаева.
Сонымен қатар бүгінде көпшілік өздерінің үнемі шаршап жүретінін айтып шағымданады. Медицинада бұл ұғым «Созылмалы шаршау синдромы» деп аталады. Бұл адам үнемі шаршаңқы, әлсіз болып жүруімен сипатталатын, нақты физикалық себепсіз ұзаққа созылатын дерт.
– Созылмалы шаршаудың басты ерекшелігі – адам демалғаннан кейін де бойындағы әлсіздікті аңғарады. Мұндай адамдар ұйықтаса да сергімейді, жұмысқа да зауқы болмай, зейіні мен есте сақтау қабілеті төмендейді, – дейді дәрігер-терапевт Жазира Суханова.
Оның айтуынша, бұл синдром көбінесе 25 пен 45 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдарда жиі кездеседі. Әсіресе, кеңсе қызметкерлері мен мұғалімдер, медицина саласы өкілдері, журналистер мен ІТ-мамандар тәуекел тобына кіреді.

Стресс – көзге көрінбейтін жау

Созылмалы шаршаудың бастауы – стресс. Адам күйзеліске түскен сәтте ағза «қорғаныс реакциясын» қосады. Яғни, стресс гормондары адреналин мен кортизол бөлінеді. Егер бұл гормондар жиі бөлінсе, ағзаның қалыпты жұмысы бұзылады.
– Ұзақ уақыт стресс жағдайында өмір сүрген адамның жүйке жүйесі шаршайды. Жүйке жүйесінің шаршауы ұйқысыздық, қан қысымының тұрақсыздығы, жүрек соғысының жиілеуі, ас қорыту бұзылысы сияқты түрлі физикалық белгілермен көрінеді. Көпшілік бұл белгілерді «жәй шаршау» деп қабылдайды, бірақ шындығында бұл өзгерістер ағзаның дабылы. Өз бойынан осындай өзгерістерді аңғарған адам дер кезінде дәрігерге көрініп, қажетті ем-домды қабылдауы керек, – дейді дәрігер невропатолог Гүлжазира Бегімбетова.
Жалпы, созылмалы шаршау мен стресс біртіндеп пайда болады. Дәрігерлердің айтуынша, оның алғашқы белгілерін дер кезінде байқау өте маңызды. Мәселен, адамда күн сайын ұйықтаса да сергектік сезімі болмауы, таңертең төсектен тұра алмауы, күндіз зейіннің төмендеуі, ұмытшақтық, бұлшық ет пен буындардың жиі ауыруы, бас ауруы мен ұйқысыздық, көңіл-күйдің тез ауысуы, ашушаңдық, күйзеліс созылмалы шаршау стрестің белгілеріне жатады.
– Егер адам аптасына үш күннен артық өз бойынан осындай жағдайларды сезінсе, онда ол міндетті түрде дәрігерге көрінуі керек. Созылмалы шаршау тек психологиялық емес, физикалық аурулардың да себебі бола алады. Бұл дерт жүрек, бауыр, қалқанша безінің жұмысын да бұзады, – дейді невропатолог.
Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде әрбір үшінші адам өзін үнемі шаршаңқы сезінеді. Бұған бірнеше себеп бар. Бірінші, уақыттың тапшылығы. Тұрғындардың жеке өмір мен демалуға уақыт бөлмеуі. Екінші, ұйқының азаюы. Телефон мен гаджеттерге тәуелділік ұйқы гормонының бөлінуін тежеп, салдарынан адамдар ұйқысыздыққа шалдығады. Үшінші, дұрыс тамақтанбау. Фастфуд, кофеин, газдалған сусындар ағзаны әлсіретеді. Төртінші, қозғалыстың аздығы. Физикалық белсенділіктің болмауынан қан айналымы нашарлап, ол да кісіні күйзеліске ұшыратады. Бесінші, жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігін сақтамау.
Дәрігерлердің айтуынша, адам шаршауды емес, оның себебін емдеуі керек. Өйткені, созылмалы шаршау – тек дәрі-дәрмекпен кететін нәрсе емес. Оның түбінде өмір салты мен ойлау жүйесі жатыр. Адам өз өмірінің ырғағын қайта қарамаса, ешқандай ем көмектеспейді. Осы орайда, дәрігерлердің ұсынған бірнеше кеңесін назарға алуға болады. Олар алдымен, күн сайын ұйқы режимін қалыпқа келтіріп, кемінде 7-8 сағат ұйықтау. Әлеуметтік желіден демалыс алып, экран алдында өткізетін уақытты азайту. Бір күнде кем дегенде 30 минут серуендеп, спортпен айналысу. Кофе мен тәтті сусындарды азайтып, таза суды көбірек ішу. Аптасына бір рет өзіңе ұнайтын іспен айналысып, табиғатқа шығу. Қажет болған жағдайда психолог немесе психотерапевке жүгіну.
–Қоғамда демалу ұғымы көбіне «уақыт жоғалту» ретінде қабылданады. Бірақ бұл қате түсінік. Демалу адамның миына қайта жүктеме беріп, шығармашылық қуатын арттырады. Егер адам үнемі жұмыс режимінде жүрсе, ол бір сәтте күйзеліп, еңбек өнімділігін жоғалтады. Мәселен, адамның миы күніне шамамен 60 мың ой өңдейді. Сондықтан миға тыныштық беру ағзаны қалпына келтірудің жалғыз жолы, – дейді психолог Мөлдір Сағатқызы.
Сондай-ақ, бүгінде стресс пен шаршау тек ересектерде ғана емес, жастар мен жасөспірімдер арасында да жиілеп барады. Университет студенттері, мектеп бітірушілер, емтиханға дайындалып жүрген оқушылардың көпшілігі жүйке қысымына ұшырайды. Дерігерлердің сөзінше, біздің елде жастардың психикалық денсаулығына жеткілікті көңіл бөлінбейді. Сабақ, жұмыс, әлеуметтік өмір, барлығы жүктемеге айналған. Нәтижесінде, 18-25 жас аралығындағы жастардың 40%-ы тұрақты күйзеліс жағдайында өмір сүруде. Бұл көрсеткіштің артуы қоғам үшін қауіпті. Өйткені шаршау мен стресс адамның еңбек өнімділігін төмендетіп қана қоймай, өмірге деген құлшынысты да азайтады.
Хош. Енді жүйке жүйесінің әлсіреуінен туындайтын ауруларға тоқталсақ. Созылмалы шаршаудың соңы кейде ауыр дертке ұласуы мүмкін. Медицинада мұндай жағдайлар «психосоматикалық аурулар» деп аталады. Оларға артериалды гипертония (жоғары қан қысымы), асқазан жарасы, гастрит, жүрек соғысының бұзылуы, иммунитеттің әлсіреуі, депрессия, ұйқысыздық, мазасыздық бұзылыстары жатады.
Жалпы, адам ағзасы мен жан дүниесі бір-бірімен тығыз байланысты. Егер сана тыныш болмаса, дене де сыр береді. Йога, медитация, тыныс алу жаттығулары, кітап оқу немесе табиғат аясында серуендеудің барлығы жүйке жүйесін қалпына келтіруге көмектеседі.
Ақпараттарға зер салсақ, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «созылмалы шаршау» мен «жұмыс күйзелісі» ұғымын ресми түрде еңбекке қабілеттілікке әсер ететін фактор ретінде мойындады. Кейбір елдерде тіпті «эмоциялық шаршау синдромы» бойынша арнайы емдеу бағдарламалары қабылданған. Демек бұл мемлекет деңгейінде профилактика жүргізуді талап ететін құбылыс. Өйткені мұндай дерттің алдын алмаса алдағы уақытта еңбекке қабілетті адамдар санының азайуы мүмкін. Өйткені стресс пен шаршау жасырын, бірақ қауіпті дерт.
Иә, стресс пен созылмалы шаршау ХХІ ғасырдың көзге көрінбейтін індеті. Бірақ оны жеңудің кілті өз қолымызда. Ол үшін адам алдымен өз өмір ырғағын баяулатудан бастау керек. Өйткені, өмір – жарыс емес. Кейде тоқтай білу алға басудың ең дұрыс жолы. Демек, шаршау мен күйзелісті жеңудің ең тиімді жолы – өмірдің әр сәтінен ләззат алып, өз-өзіңді тыңдай білу.

Айсұлу Алданазар
17 қараша 2025 ж. 8 445 0