Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жүйкеге неге жүк түсті?

Жүйкеге неге жүк түсті?


Жүйкенің тозуына көптеген факторлар себеп. Соның ішінде әлеуметтік, тұрмыстық қиындықтан баз кешкен адамдар тез күйзеліске ұшырайды. Бұл жүйке ауруының бастапқы кезеңі саналады. Алайда депрессияда жүргендердің басым көпшілігі дәрігердің көмегіне жүгіне бермейді. Ал, оның соңы жүйке сырқатының асқынуына әкеп соғады. Бүгін біз неврологиялық ауруларды туғызатын бірқатар себептерді анықтайтын боламыз. Жүйке жүйесі ауруларының қалай алдын алуға болады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде аудандық емхана дәрігер невропотологы Искендирова Жаннамен сұқбаттасқан едік.


– Жанна Срайылқызы, қоғамда жүйкесі жұқарып, болмашыға ашу шақыратын өкпешілдер көбейді. Тіпті, бұрынырақта «жүйкесі жұқарған» деген диагноз екінің біріне қойыла бермейтін. Бүгінде бұл аурумен бесіктен белі шықпаған баладан қарияларға дейін арпалысып жүр. Мұның себебі неде?
– Дұрыс айтасыз, жүйке жүйесі сыр берген жандар күн санап көбейді. Осы салада жұмыс жасап келе жатқаныма он бес жыл болды. Психикалық бұзылу адамның өзіндік жай-күйінің ауытқуынан ғана емес, ол негізінде экологиялық фактор мен психологиялық титықтауға жататын «психосоматикалық аурулар» деп аталатын жағдаяттар есебінен де көбейіп келеді. Ең алдымен, қоғамдағы өзгерістер, әлеуметтік саланың нашарлауы жүйкесі жұқа адамдарға қатты әсер етті. Жұмыссыздық, халық тұрмысының төмендеуі, жетіспеушілік, тағы басқа себептер. Депрессия жас талғамайды. Азаматтарымыз үйде жұмыссыз отырып қалды, оған үйрену оңай шаруа емес. Ал мұндай жағдай кез келген адамның психикасына әсер етпей қоймайды. Жүйке дертіне шалдыққандардың жүрек ауруына ұшырау қаупі сау адамдарға қарағанда екі есе жоғары. Жүйке жүйесі аурулары адам ғұмырын қысқартып, тез қартайтады.
– Емханаға сырқатына шағым айтып келетіндер көп пе?
– Соңғы уақыттары жүйке дертіне байланысты аурулардың саны көбейді. Ғалымдардың оны ғасыр дерті деп бағалауының астарында осындай ақиқат бар. Жүйке ауруларының тағы бір жиілеп кетуінің себебі – сырт көзге дені сау көрінетін көптеген адамдар қоғамдағы, отбасындағы түрлі қарама-қайшылыққа толы жағдайларды ойлап, жан күйзелісінде жүреді. Қоршаған ортаның ластанып, қоспалары көп тағамдардың көбеюі де жүйке ауруымен ауыратындардың санын алдыңғы қатарға шығарып отыр. Ағзаға артық салмақ салатын майлы тағамдармен тамақтану, уақтылы демалмау да мидағы қан тамырларын жіңішкертіп, оның жұмысын ауырлатады. Ал, оның соңы қан қысымының қалыпсыздығы, тіпті, тосыннан тамырлардың қан қысымына шыдамай жарылып, аяқ-қолдың жансыздануы сияқты сал ауруына ұшыратады. Адамдардың әлеуметтік жағдайы жақсы мемлекеттерде мұндай дерттер аз кездеседі. Азаматтары қалыпты өмір сүретін кейбір елдердегі жүйке ауруының көрсеткіші бізге қарағанда көп төмен. Іштей сарыуайымға бой алдырып, жан күйзелісінде жүретін адамның ағзасында кінәрат бар екенін сырт адам байқай қоймайды. Оны тек компьютерлік құралдар арқылы ғана зерттеп анықтауға болады.
– Жүйке ауруы мен психиатриялық аурудың арасында өзгешелік бар ма?
– Егер жүйке ауруының бастапқы сатысында ем алмай асқындырып алса, кеселдің психиатриялық сырқатқа ұласып кетуі әбден мүмкін. Бастан жарақат алу, дене қимылын жасамай бір орында тапжылмай отыру да жүйкенің ырғақты жұмысын әлсіретіп, жон арқаның ауруы, жұрт арасына кеңінен тараған остеохондроз сияқты ауруларға ұшыратады. Мұндай аурудың асқынған түрінің алдымен инсульт алдыртып, соңы өлімге душар етуі мүмкін. Оған мидағы кейбір қан тамырларының жіңішкеріп, ағзаға тарайтын қан ағысына бөгет жасауы түрткі болады. Медицинада қанның қоюланып, ұйыған түйіршегінің тамырды бекітуін тромб деп атайды. Бұл өте қауіпті. Егер ондай адамға дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетпесе, ондай адамның ажал тырнағында кетуі ықтимал.
– Аурудың 90% жүйке жүйесінің бұзылуынан болады. Жалпы неврологиялық аурулардың түрлері қандай? Жүйке ауруларының пайда болу себебі не?
– Неврологиялық ауруға кез-келген адам шалдығуы мүмкін. Яғни барлық аурулар жүйке жүйесімен тығыз байланысты. Ол талшықтардан құралған ұлпалардың шоғыры. Яғни, ми мен жүйке түйіндерін басқа органдармен байланыстырып тұрады. Демек, неврологиялық аурулар әртүрлі себептерге байланысты туындайды. Адам дүниеге келгеннен бастап, қартайғанға дейін біздің ағзаға сыртқы ортаның факторлары өз әсерін береді. Көбінесе бізге келген емделушілер бас ауруы, бастың айналуы, құлақтың шуылдауы секілді шағымдармен жиі жүгініп жатады. Сонымен қатар қазіргі таңда қимыл қозғалыстың аз болуы салдарынан омыртқа бойларында ауырсыну кездеседі. Осылайша, салауатты өмір салтын ұстанбау, стресс, және қоршаған орта бұның барлығы айналып келгенде адамға тек зиянын келтіреді. Ал, жүйке жүйесі бұған әсер етіп, жағымсыз әсердің орнын толтыруға тырысады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек қазақстандықтардың 7%-ы түрлі неврологиялық ауруларға шалдыққан. «Ал жүйке жүйесі әлсіреген адамда мына белгілер пайда болады.
Жүйке ауруына ұшыраған адам әдетті ашушаң, көңіл күйі жабырқау болады. Кез-келген нәрсеге шыдамсыздық танытады. Соның салдарынан айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы бұзылады. Жүректің әдеттегіден қатты соғуы да жүйкенің бұзылуының бір себебі. Асқа деген тәбеті болмайды. Адамның ұйқысы бұзылады. Басы жиі ауырады.

– Белгілі психолог Леонард Берковицтың пікірінше, «адам агрессияға бой алдырғанда ең бірінші ұрсысуға және жұдырық ала көтеруге бейім тұрады». Бойдағы ашуды қалай басқаруға болады?
– Адам көп жағдайда өзінің стресске түскенін байқамай жатады. Алайда, күйзеліс созылмалы аурулардың асқынуына алып келеді. Уақытылы ем-шаралар қолданбаса әрі қарай психикалық аурулардың ауытқуына, депрессияның ауыр түріне алып келеді. Сондықтан қай кезде де күйзеліске түссеңіз, ішіңізден 20-ға дейін санап, сабырға келуге тырысыңыз. Ол көмектеспесе терең тыныс алып, денені шынықтыру керек. Бірақ спортқа бұрыннан икеміңіз болмаса, әсерлі ән тыңдап демалған дұрыс. Өз-өзіңізбен сырласудың тағы бір тамаша жолы – таза ауада тыныстау. Жаяу жүріп, айналаның сұлулығына тамсану да ашуды қайтаруға септігін тигізеді. Сонымен қатар өзіңізге ұнайтын тәтті тағамды жеңіз. Басыңыздан өткен жағымды оқиғаларды көз алдыңызға елестетіңіз. Сол арқылы өзіңізге күш жинаңыз. Болмашы оқиғаларға ашуланбауға тырысыңыз.
– Әдетте адам таңертең тұрған кезде өзін сергек сезіну керек. Бірақ байқасам, көпшілігі керісінше шаршап, еш нәрсеге зауқы соқпай оянады? Бұл неден болуы мүмкін?
– Шаршау адам ағзасы мен психологиясын әлсіз күйге түсіреді. Десе де шаршаудың себебін анықтасаңыз қайтадан қалыпқа келу оңай болады. Көптеген адам күнделікті күйбен тіршіліктің жетегінде жүріп, күні-бойы белгілі мөлшерде қуат жұмсайды. Алайда, сол қуаттың орнын дер кезінде толтырып тұрмаса адамда босаңсу немесе шаршау сезімі пайда болады. Шаршау кез-келген адамда кездесуі мүмкін қалыпты құбылыс. Шаршаудың тағы бір себебі үнемі күйзелісте жүретін адамның ағзасында магний тапшылығы байқалады. Мұндай жағдайда биохимиялық анализ тапсырып, қандағы магний мөлшерін анықтау қажет. Қандай да бір ем қабылдау үшін, алдымен анализ тапсырып ағзадағы өзгерістерді анықтап алған жөн.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әсел РЗАЕВА

28 наурыз 2023 ж. 217 0