» » Тері денсаулықтың айнасы

Тері денсаулықтың айнасы

Денсаулық саласы бойынша бүгінгі күннің күн тәртібінен түспей тұрған аурудың бірі – тері аурулары екені белгілі. Лас ауа, күнделікті стресс, фастфудқа әуестік, дәрігерге қаралуға уақыттың жоқтығы – мұның барлығы дәл осы аурудың асқынуына алып келгені ақиқат. Тері ауруларына аса мән бере бермейтініміз де рас. Қарапайым адам үшін заты бір болғанымен, аты көп тері ауруларының аражігін тек арнайы дәрігер ғана ажырата алатыны белгілі. Осындай маманның бірі, дерматолог, косметолог Исабекова Бибігүл Бейсенбайқызымен арнайы сұхбаттасқан едік.
– Бибігүл Бейсенбайқызы, ең алдымен, дерматология саласын таңдауыңызға не себеп болды?
– Мен бала кезімнен адамдарға көмектескім келетін. Ал медицина саласына деген қызығушылығым мектептен басталды. Университет кезінде тері аурулары бойынша тәжірибеден өткенде осы сала маған ерекше жақын екенін түсіндім. Адамның терісі – денсаулық айнасы. Терідегі кішігірім өзгерістің өзі кейде ауыр дерттің белгісі болуы мүмкін. Сондықтан теріні сау ұстау – үлкен жауапкершілік. – Қазіргі таңда қандай тері аурулары жиі кездеседі? – Қазіргі таңда тері аурулары күрделі проблемаға айналып отыр. Бұл дерттің түрі көп болғанымен ішінара емделу жолына қарай түрлі сатыға бөлініп жатады. Кейбірі түбегейлі емделетін болса, енді бірімен өмір бойы күресуге тура келеді. Себебі науқаста тері ауруының созылмалы түрі, яғни псориаз анықталған болса, емдеу мүмкін емес. Бірақ теріні толықтай емдемесе де, қалпына келтіруге мүмкіндік беретін күтім жүйесі барын, қабынудан қорғайтын жақпа май, мазаны алатын өзге белгілермен күресу үшін арнайы дәрі-дәрмек жазып беретінін жеткізді дерматолог маман. Тері ауруларын тудыратын сан түрлі факторлар бар. Ол ең алдымен, адамның жеке бас тазалығынан басталады. Себебі тері аурулары жұқпалы, созылмалы болып бөлінетіндіктен жұқпалы түріне тап болмас үшін әрдайым тазалықты сақтаған дұрыс. Кейбір жағдайда бұл аурулар тұқым қуалайды. Яғни, ауру науқасқа ата-анасы немесе жақын туыстарынан берілуі мүмкін. Тағы бір себеп, тері нерв, қан және лимфа жүйесімен тығыз байланыста болғандықтан кез келген ішкі мүшелер мен жүйке жүйесінің аурулары тікелей әсер етеді. Бүгінгі таңдағы адамдардың тұрмыстық жағдайы, жеке басындағы түрлі мәселелер, әлемде болып жатқан, жан-жақтағы жағымсыз жаңалықтар әсері жүйке жүйесіне кесірін тигізбей қоймайды. Ал бұл өз кезегінде тері ауруларының пайда болуына әкелетіні сөзсіз. Тек бұл ғана емес, тері ауруларының өршу себептерінің қатарына адамның ішкі құрылыс жұмыстары мен эндокриндік жүйесінің бұзылуы да кіреді. Демек, тұтынып жүрген асымызға аса мән беруіміз маңызды. Соңғы жылдары ең жиі кездесетін аурулар қатарында – акне (безеу), атопиялық дерматит, псориаз, аллергиялық бөртпелер, сондай-ақ саңырауқұлақ инфекциялары бар. Сонымен қатар, жаз мезгілінде күнге күйіп қалу, пигментация, ал қыста құрғақтық пен экзема жиі байқалады.
– Соңғы кездері балалар арасында псориаз дерті көбейіп барады. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Псориаз — бұл созылмалы, қайталанып тұратын тері ауруы, негізінен ағзаның иммундық жүйесінің бұзылуына байланысты дамиды. Ол жұқпалы емес, яғни адамнан адамға жұқпайды. Дегенмен науқастың өмір сапасына едәуір әсер етеді. Псориаз кезінде теріде қызарған, құрғақ, қабыршақтанған бляшкалар пайда болады. Олар көбіне шынтақ, тізе, бас терісінде, арқада кездеседі.
– Бұл дерттің негізгі себептері қандай?
– Псориаздың нақты бір себебі толық анықталмаған, бірақ тұқым қуалаушылық, иммундық жүйенің бұзылуы, стресс, инфекциялар, кейбір дәрі-дәрмектер оның қозуына себеп болады. Яғни, адамда генетикалық бейімділік болса, сыртқы немесе ішкі факторлар аурудың басталуына түрткі болуы мүмкін. Сондықтан да, бұл дерттің белгілері байқалса өмір салтын өзгерту маңызды. Темекі, ішімдік, артық салмақ, стресс – ауруды ушықтырады.
– Болашақ тері мамандарына қандай кеңес берер едіңіз?
– Бастысы – білім мен сабыр. Әр емделуші – жеке әлем. Көп жағдайда тері аурулары ұзақ мерзімді ем мен психологиялық қолдауды қажет етеді. Сондықтан тек медицина емес, адаммен дұрыс сөйлесе білу де маңызды. Қазір көше бойынан табылатын әр дүңгіршек пен шағын дәмханалардан тез дайындалатын тағам түрін таңдап, тұтына аласыз. Бұл бір жағынан уақыт үнемдесе, бір жағынан асқазан-өт жолын толтырып, адам ағзасына кері аурулардың шығу себебі экологиялық жағдайдан және дұрыс тамақтанбаудың салдарынан. Тері саулығын сақтауға баршаңызға сәттілік тілеймін. «Науқастың өзін емдеме, себебін емде» деген сөз бар. Қарап отырсақ, өзіміздің ішкі күйіміз бен ішіпжегеніміздің өзі түрлі дерттің дендеуіне әкеліп соғуы мүмкін екен. Бибiгүл Бейсенбайкызы Түркістан қаласы, Тәуке хан 234 мекен-жайда өзінің орталығында қызмет етеді. Яғни, Bibigul_beysenbay инстаграм паракшасынан барлық ақпаратты алуынызга болады. Ендеше, «дың емін емес, ауырмаудың жолын» іздегеніміз абзал.

Әсел Рзаева



21 маусым 2025 ж. 120 0