Жүйкеңіз неге сыр берді?
Бүгінде екінің бірі ашуланшақ, ауыр сөз көтере алмайтын хәлге жеткен. Қит етсе, «жүйкемді тоздырма», «ашуыма тимеші» деп бір-біріне алакөзденіп жатады. Бұл тіпті бесіктен белі шықпаған балаларға тән ауруға айналды.Жасы үлкендерді түсінуге болар, жасөспірімдерге не жорық? Болмашы нәрсеге қабағымыз кіржиіп, агрессияға беріліп жатамыз. Бұның себебі неде? Тарқатып көрелік...
Адамның бәрі асығыс. Жұмыстың бәрі қарбалас. Нәпақа табамыз деп сабылған жұрттың отбасына бөлер уақыты аз. Тіптен жұмыс бабымен айлап, жылдап үй бетін көрмейтіндер қаншама?
Ата-ана баланың, баласы ата-ананың қалауын таппай әлек. Баршамыздың досымыз сырласымыз – телефон. Одан пайдалы нәрсені көріп, жақсысын бойына сіңірсек бөлек әңгіме. Интернетте өріп жүрген жас түгіл, жасамыстың жанын түршіктірер сорақылықтардан уланған сананы қайта қалпына келтіру оңайға соқпасы анық.
Осындай жағдайлар адам жүйкесіне жүк түсірері анық. Жүйке жүйесі – адам ағзасының қоршаған ортаға бейімделуін реттейтін жүйе. Кезкелген бұзылулар, тамақтанудың жетіспеушілігі, созылмалы улану, күнделікті стресс жағдайларында жүйке ұлпалары нашарлайды. Жүйке жүйесінің әртүрлі аурулары туындайды. Неврологиялық бұзылыстар жас талғамайды, тіптен жатыр ішінде де дамуы ықтимал. Бұл әлемде ең көп таралған аурулардың бірі. Жүйке жүйесіне әсер ететін бұзылулар мен аурулардың саны өте көп. Оларға: эпилепсия, ісіктер, көптеген склероз, диабеттік нейропатиялар және басқа метаболикалық бұзылулар, инфекциялар және т.б ауру жатады.
Ересектерде және балаларда жүйкенің әлсіреуіне не себеп екені жөнінде аудандық аурухананың дәрігер-невропатологы Жанна Искендирова былай дейді.
– Бүгінгідей алмағайып уақытта әлеуметтік-экономикалық жағдай, экология, бас ауруы және көбіне әйел адамдардағы қаназдық жүйке жүйесінің әлсіреуіне әкеліп жатады. Осы салада жұмыс жасап келе жатқаныма он бес жыл болды. Психикалық бұзылу адамның өзіндік жай-күйінің ауытқуынан ғана емес, ол негізінде экологиялық фактор мен психологиялық титықтауға жататын «психосоматикалық аурулар» деп аталатын жағдаяттар есебінен де көбейіп келеді. Оның ішінде жұмыссыздық, халық тұрмысының төмендеуі, жетіспеушілік, тағы басқа себептер болуы мүмкін.
Депрессия жас талғамайды. Азаматтарымыз үйде жұмыссыз отырып қалды, оған үйрену оңай шаруа емес. Ал мұндай жағдай кез келген адамның психикасына әсер етпей қоймайды. Жүйке дертіне шалдыққандардың жүрек ауруына ұшырау қаупі сау адамдарға қарағанда екі есе жоғары. Жүйке ауруларының тағы бір жиілеп кетуінің себебі – сырт көзге дені сау көрінетін көптеген адамдар қоғамдағы, отбасындағы түрлі қарама-қайшылыққа толы жағдайларды ойлап, жан күйзелісінде жүреді. Адамдардың әлеуметтік жағдайы жақсы мемлекеттерде мұндай дерттер аз тіркеледі. Іштей сарыуайымға бой алдырып, жан күйзелісінде жүретін адамның ағзасында кінәрат бар екенін сырт адам байқай қоймайды. Оны тек компьютерлік құралдар арқылы ғана зерттеп, анықтауға болады.
Егер жүйке ауруының бастапқы сатысында ем алмай асқындырып алса, кеселдің психиатриялық сырқатқа ұласып кетуі әбден мүмкін. Бастан жарақат алу, дене қимылын жасамай бір орында тапжылмай отыру да жүйкенің ырғақты жұмысын әлсіретіп, жон арқаның ауруы, жұрт арасына кеңінен тараған остеохондроз сияқты ауруларға ұшыратады. Мұндай аурудың асқынған түрі алдымен инсультке соқтырып, соңы өлімге душар етуі мүмкін. Оған мидағы кейбір қан тамырларының жіңішкеріп, ағзаға тарайтын қан ағысына бөгет жасауы түрткі болады. Медицинада қанның қоюланып, ұйыған түйіршегінің тамырды бекітуін тромб деп атайды. Бұл өте қауіпті. Егер дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетпесе, ондай адамның ажал тырнағында кетуі ықтимал, – дейді невропатолог маман.
2022 жылы дәрігер невропатологтың алдына Жаңақорған кенті бойынша ересектер мен балаларды қосқанда 8219 адам барса, 2023 жылдың қараша айына дейінгі мәлімет бойынша 13362 адам маман көмегіне жүгініпті. Есепте тұратындар саны 713 адамды құрайды.
Невропатолог маманның алдына мұғалімдер жиі жүгінеді екен. Баламен жұмыс оңай емес. Ұстаздың жүйкесі темірден жаратылмаған.
Көп жағдайда баланың сөзін сөйлейтін ата-аналдар мұғалімдерді жазғыруға дайын тұрады. Кезкелген сала өкілдері жұмыс барысында шаршағандарын байқатпағанымен, жүйкесінде салмақ басым.
Психолог Аида Айнақожаева:
– Адам дүниеге келгеннен бастап, қартайғанға дейін ағзаға сыртқы ортаның факторлары өз әсерін береді. Адамдардың бәрінің басында жағдаяттар болады. Мысалы, бірінде денсаулығы нашар, бірінің материалдық жағдайы төмен және отбасылық мәселелер. Осы аталғандардың бәрі жиналып адамның жүйкесінің әлсіреуіне әкеліп соғады. Көбінесе бізге келгендер бас ауруы, бастың айналуы, құлақтың шуылдауы секілді шағымдармен жиі жүгініп жатады. Қазіргі таңда қимыл-қозғалыстың аз болуы салдарынан омыртқа бойларында ауырсыну кездеседі. Салауатты өмір салтын ұстанбау, стресс, және қоршаған орта, айналып келгенде адамға тек зиянын келтіреді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың 7%-ы түрлі неврологиялық ауруларға шалдыққан. Ал жүйке жүйесі әлсіреген адамда мына белгілер пайда болады: сөздегі өктемділік, агрессия, депрессия, стресс жағдайлары диструктивті мінез-құлықты тудырады. Ата-ананың баласына көңілі толмайды, ал бала көп шектеу қояды деп ата-анаға ренжулі. Осындай адамдармен сырласып, сауалнамалар алып, кеңес береміз. Барлық мәселені сөйлесіп, ортақ шешім шығарып, ашуға бой алдырмай, ұрыс-жанжалсыз шешуге шақырамыз. Мектептерді аралап, оқушыларға семинар өткіземіз. Адамдар қандай жағдайда да барынша сабырлы болып, өтпелі нәрселерге жүйкені жұқартып, денсаулығын сақтаса екен дейміз, – дейді ол.
Ұялы телефонмен ұзақ сөйлесетін балалардың жүйкесі жұқарып, депрессиялық синдромға ұрынуы жиілейтінін де ескермеске болмайды. Адамдар пойызда, лифт ішінде телефонмен сөйлесіп жатады. Ең зияны да осы екен. Әсіресе, жастар қазір алаңсыз қалта телефонына таңылған, қолдарынан бір тастамайды, құлақтарынан түспейді. Түнде құшақтап ұйықтайды. Әйтеуір тыным жоқ. Бұл адамға білінбегенмен жүйкесіне үлкен салмақ түсіріп жатыр. «Бүгінгінің балалары ашушаң» дегеннің себебін тек осыдан көрсек болады.
«Ауруды емдегеннен гөрі, алдын алған оңай». Денсаулықтың барында қадірін білейік. Егер әрдайым көңіл күйіңіз жабырқаулы болып жүрсе, өміріңізде бірдеңені өзгерту керек. Жұмыстан көбірек демалуға тырысыңыз, таза ауада табиғат аясында серуендеңіз, ұйқыңызды реттеп, уақытылы ұйықтауға қалыптастырыңыз. Ойыңызды басқа жаққа бұрып, көңіліңізге жағатын істермен айналысып көріңіз.
Әсел РЗАЕВА