Соңғы жаңалықтар

№81 (8792) 12

12 қазан 2024 ж.

№80 (8791) 8

08 қазан 2024 ж.

№79 (8790) 5

05 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » МАЛ БАСЫН АСЫЛДАНДЫРУ: САПАСЫ МЕН САУДАСЫ ТЕҢ БЕ?

МАЛ БАСЫН АСЫЛДАНДЫРУ: САПАСЫ МЕН САУДАСЫ ТЕҢ БЕ?


Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында соңғы кезде ауыл шаруашылығы кәсіпшілігінде белең алған кемшеліктерді сынға алып: «Арнайы комиссия 2 миллион ірі қараның және 3 миллионнан астам уақ малдың санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек» – деген еді. Ауыл халқы қолда бар төрт түліктің жайын жасап, оның тұқымын асылдандыруға ерекше көңіл бөле бастады. Мұны соңғы жылдарда инвестиция мен субсидияның көлемі мен шаруа қожалықтардың санының артуынан бағамдауға болады. Ауданда мал шаруашылығын асылдандыру қарекетінің тынысы қалай? Мал басын асылдандыру ісін неден бастау керек? Осы тақырыпты тарқатуды жөн көрдік.


«Есесі қайтпас еңбек жоқ». «Мал – баққандікі, пұл – тапқандікі». «Ер еңбегі – елге ортақ». Қазақтың дәстүрлі сөз өнерінің тереңіне бойласақ, төрт түлікті кәсіп етудің мәні мен маңызы осылайша сипатталады. Туған халқымыз ежелден-ақ мал шаруашылығына бейім, әрі төрт түліктің қасиетін ұққан. Ата дәстүрді жалғастырып, мал шаруашылығын отбасылық кәсіпке айналдырып, табысын еселеп отырған жерлестеріміз көп-ақ. Оның ішінде мал басын асылдандырып, халықтың сұранысын қанағаттандырып жүрген шаруалардың ісі құрметтеуге лайық. Бұл бағытта еңбектенумен бірге іздену де өз алдына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Алдымен, статистикалық мәліметті сөйлетер болсақ, 2024 жылдың 1 шілдесінде ауданда мүйізді ірі қара 73 961 бас, қой 333 090 бас, ешкі 18 734 бас, жылқы 25 853 бас, түйе 1 797 бас, шошқа 60 бас, құс 21 881 бас болып ресми тіркелген. Пайызға шаққанда, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 7,1 пайызға, қой 35,6 пайызға, ешкі 90,2 пайыз, жылқы 8,9 пайызға, түйе 109,7 пайызға, құс 97,5 пайызға өскені байқалады. Бұл туралы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің орынбасары Бақыт Жексенбаев тарқатты.
– Ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Шаруақожалық иелері мемлекеттен қолдау алғалы бері асылдандыру бағыты жедел дамып, шаруақожалықтың іргесі кеңіп, табысы ұлғаюда. Әрбір қожалықтағы асылтұқымды малдың жай-күйі жіті бақылауда. Жем-шөбінің қоры мен өсім деңгейі есепке алынуда. Ауылда ветеринария мамандары жеткілікті, көп шаруашылық иелерінің жеке мамандары бар, – деді Бақыт Айтөреұлы.
Асылтұқымды малды қалай баптау керек? Оның күтімі қандай? Осы шаралар төңірегінде респуб­ликалық конференциялар ұйымдастырылып, онда елге белгілі профессорлар дәріс өткізіп, пікір алмасып, кәсіп көкжиегін кеңейте түскен. Мұны осы салаға бет бұрған кәсіпкерлердің қадамынан аңғардық.
Ауданда асыл тұқымды малдың үлес салмағы артқан. Мүйізді ірі қараның 4,5 пайызы, уақ мал қойдың 43,0 пайызы асыл тұқымды. Оның ішінде, мүйізді ірі қараны ет бағытында өрбіптіп отырған шаруақожалықтар жетерлік.
Мәселен, «Бақытжан» шаруақожалығында қазақ­тың «Ақбас» сиыр тұқымы бар. «Қалмақ» пародалық сиыры «Заман Ата», «Бекарыс Агрофуд», «Ерлан» және «Барыс Агро» шаруақожалық пен «Есимова» дара кәсіпкерлігінің негізгі бизнесіне айналды. Ал, «Әулиекөл» тұқымы «Жер-казына» шаруақожалығын­да бапталса, американдық «СантаГерпруда» паро­дасы «Агротехнология» ЖШС-нің тұрақты табысы. Сондай-ақ, сүт бағытындағы «Әулиеата» мен «Қара-ала» сиырлары «Мырзабай», «Мырзалы» және «Абай» шаруақожалық бақташыларының күтімінде. Қойдың «Қаракөл» төлі «Ынтымақ» ЖШС, «Тұртан-Ата», «Бакытжан», «Шайык» шаруақожалығында көбейтілуде.
Соңғы уақытта атакәсіпке де мән беріліп, дәстүрлі қазақ қойының сортарына қолдау көп. Осы ретте, «Қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын» «ЖанакорганАгросервис» ЖШС, «Көбелдес» шаруақожалығы өсіруді қолға алды. Жылқының «Жабы», «Мұғалжар», «Көшім» тұқымын көбейтіп, жылқы еті мен сүтін қатар өндіруді мақсат еткен «Бақытжан», «Бекарыс-С» шаруақожалық табысты еңбек ете бастады. Осындай, тыңғылықты тіршіліктің арқасында ауданның мал шаруашылығы облыста көш бастап тұр. Десе де, базарда ет бағысы да, сүт бағасы да тұрақты емес. Әсіресе, елдің аңсары ауған табиғи өнімдерге алыпсатарлар алуан баға ұсынып, нарықты құбылтуы қарапайым халықтың қалтасын қағатынын жасыра алмаймыз. Осындай келеңсіздіке жол бермеу үшін Үкімет отырысында ауылшаруашылығы өнімдерін шетелге сатуға және мүйізді ірі қаралардың аналығын сатуға шектеу қойылды. Мұның астарында, халық толықтай табиғи өнімді тұтынып, шетелден келген «арзан әрі беймәлім» ет пен сүттен алшақ болсын деген ізгі ниет.
Жасыратыны жоқ, дәл қазіргі уақытта «Маймыл шешек» аталған қауіпті індеттің қармағына іліккендер қатары күн санап артып келеді. Ғалымдар әлемді әбігерге салған індетке қарсы тұру үшін сапалы тамақтанудың маңызын айтты. Оның ішінде жусан жеген малдың етінде ерекше қорғанысқа ие антидене барын дәлелдеді. Демек, біздің аудан осы кезеңде халыққа шипалы сусындар, пайдалы тағамдар, емдік-шаралар ұсынуға мүмкіндігі мол. Бұл жөнінде «Бекарыс ауыл шаруашылығы жолы» серіктестігінің төрағасы Серік Мырзабаевтың пікірін білген едік.
– Бала жастан мал шаруашылығының қыр-сырын үйрендім. Жүйрік тұлпарым болса деп армандайтынмын. Міне, бүгінде 600-700 бас жылқы баптап, оның ырзығын айырып отырмын. Тәубе, еңбегім еш кетпей, ел қатарлы күн көріп келеміз, – дейді кәсіпкер. Серік Мырзабаевтың иелігінде 600- ден аса жылқы, 700-ге тарта сиыр, мыңнан аса қой, жүзге жуық түйе бар. Оның жыл бойы күтімінен бөлек, қажетті жем-шөбі, кірісі мен шығысын есептеп отыру істің көзін тапқан кәсіптілікті жауапкершілік пен іскерлікті талап ететіні сөзсіз. Аудандағы ірі шаруақожалық «Бекарыс ауыл шаруашылығы жолы» серіктестігі жұртшылықты айран-сүт, қымыз-қымыран, құрт және ірімшікпен қамтамасыз етіп келеді.
– Ағамыздың ауылдастарына деген құрметі ерек. Талай рет науқас жандардың отбасына жәрдем көрсетіп, ауыл тұрғындарын қолдап, көпшілікке саумалын тегін үлестірді. Мұны нағыз елге жанашырлық дер едім. Ел ақшасына саумал таба алмай іздеген шақта науқастарға саумал үлестіріп, қайырымды жан екенін байқатты, – деді Тұрысынай Жарқынқызы.
Мал шаруашылығын қалай бастауға болады? Биылғы жылы осы бағытта қандай мемлекетттік көмек бар? Бұл туралы аудандық ауылшаруашылығы бөлімі жағымды жаңалығымен бөліскен еді.
– Биылғы жылы мал басын асылдандыру бағытында ерекше ережелер ендірілді. Бұрындары тек еркек малға ғана субсидия берілсе, соңғы жылдары шет елден мүйізді ірі қара малының аналығын сатып алу жоспары түзілді. Яғни, асыл тұқымды аналыққа мемлекеттік субсидия берілудің мүмкіндіктері қарастырылған, – деді ауылшаруашылығы бөлімінің орынбасары Бақыт Айтөреұлы.
Сонымен, жыл басынан бері шет елден 208 бас асыл тұқымды «қалмақ» қашарлары сатып алынды. «Сыбаға» бағдарламасының игілігін көрген «Парадин» шаруақожалығы 128 бас, 70,0 млн теңге және ДК «Ерасыл» 80 бас, 45,0 млн теңге қаражат көлемінде қолдау алып, кәсібін кеңейтті. Айта кетерлігі, 2020 жылғы индикативті жоспардың орындалуына келер болсақ, бұқашықтарды 1000 бастан басталатын бордақылау алаңына өткізу жоспары 2000 бас болса (жоба), бүгінгі күнде 1334 бас бұқашық өткізіп отыр. Бұл да болса, мал шаруашылығымен айналысып отырған жандарға үлкен көмек. Оған қоса, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жандарды қолдау мақсатында арнайы өңірлік инвестициялық орталықтың мамандары тұрғындарға кәсіп игерудің қыр-сырын түсіндіреді. Мүлікті қалай кепілге қою керектігін, несие алудың алғышарттарын, кәсіпті заңдастырудың мәселелерін үйретеді. Яғни, екі аттап, биге шығудың тамаша тәсілін игерген жаңақорғандықтар игі мақсаттарына жетуде.
«Тәуекел – істің жартысы» дегендей, талабы болса да табандылығы жетпей жүрген жастар жігеріне қамшы басып, атакәсіптің құлағынан ұстаса құба құп.

Мақпал МАРҚАБАЙ
23 қыркүйек 2024 ж. 464 0