“Кітап аяулы досы ете білім – кітапта әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады” деген екен Мұхтар Әуезов. Әлемдік классиктермен терезесі тең, Абай арқылы қазақты жер жүзіне жария еткен қаламгерден артық баға береміз деу бекершілік. Енді ұрпақ алдындағы миссиямыз – болашаққа көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтжанды әрі интеллигент тұлғаларды тәрбиелеп шығаруға тер төгуіміз қажет. Бүгін педагог ретінде осы мәселе жайлы біраз ой өрбітсем деп отырмын.
Науаише айтсақ – «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына». Расында да бүгінгі ақпарат ағылған заманда шын білімнің асылын табу, жас толқын түгілі ересек оқырманның өзіне ауырлап барады. Әлеуметтік желіде ақыл сатқыш, білім бергіш «мамандардың» санына жете алмайсың. Ал шындығында «Артық білім – кітапта».
Жас ұрпақтың. Техника тілін меңгеруге, жаңашылдыққа ұмтылып, заманауи қабілеттерді игеруге ұмтылысы әрине қуантады. Бірақ кез келген қабілеттің түбіне тек кітап оқу арқылы ғана жететінін ескермей жататыны өкінішті.
Мемлекет басшысының инициативасымен «Оқуға құштар мектеп» жобасы бекітіліп, соның аясында ауданымызда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Ауданда 6 cеминар өтті. Онда педагогтар мен кітапханашылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, нағыз практикалық, әдістемелік шара болғандығына өзім куәмін. Ауданымызда 42 мектепте 52 кітапханашы жұмыс жасайды. Негізгі кітап қоры 718265 дананы құрайды. Осы жобаның аясында әрбір білім ордасының кітапханасында арнайы коворкинг алаңы ашылды. Мұндай коворкинг орталықтарында балаға еркін көркем әдеби кітаптарды оқуға бар жағдай жасалған. Тіпті отырып, жатып оқуға арналған арнайы бұрыш, сонымен қоса «Мобильді кітапхана» жүйесі арқылы QR кодпен телефоннан кітап оқу мүмкіндігі қарастырылған. Мұның бәрі оқушы жастардың кітап оқуға қызығушылығын оятып, таным көкжиегін кеңейтуге жасалған керемет мүмкіндіктер. Бүгінгі интернеттің шексіз мүмкіндігі дәуірінде жас жеткіншекті телефонды тиімді пайдалануға үйретіп қана қоймай, олардың оқуға құштарлығын ояту оңай іс емес. Осындай келелі істерді қолдап, барынша басықасында жүретін аудандық білім бөлімі басшысы Болат Мақсұтұлына ерекше алғыс білдіргім келеді.
Заман алға жылжыса да құндылығы артпаса азайматын бір дүние болса, ол – кітап. Қандай жаңа технология жарыққа шықса да, ешқайсысы кітапты алмастыра алмасы анық. Бір ғана кітап оқуды әдетке айналдырудың пайдасын жіпке тізіп біте алмаспыз. Қазіргі оқырман назары секундтарды қана құрайтын заманда қаншама мәселемен бетпе-бет келіп жатырмыз.
Есте сақтау қабілетінің төмендігі, сыни ойлау қабілетінің жоқтығы, ортамен коммуникацияға түсе алмау, қоғамда ойын ашық жеткізе алмау, сөздік қордың таяздығы, шығармашылық қабілеттің жоқтығы, сауаттылықтың төмендігі, ғылымға құштар жастардың тапшылығы – қоғам дерті болып отырған үлкен проблемалар. Мұның бәрін бір ғана кітап оқуға баулумен жеңіп шыға алар едік. Себебі ұрпақты кітап оқуға тәрбиелей алсақ, ары қарай кітап өзі тәрбиелейді.
Жетістікке жеткен танымал тұлғалардың қай-қайсысын алсаңыз да, олардың бәрі кітапты жанына серік еткен тұрақты оқырмандар екеніне куә боласыз. Мысалы табысты миллиардердің басын бастап тұратын Билл Гейтс жылына 50 шақты кітап оқыса, ғарышты қолжетімді етіп, тіпті Антарктидаға дейін интернет орнатқан Илон Маск күніне 8-10 cағатын кітап оқуға арнайды екен. Одан бөлек Финляндияда әрбір адам айына ең кемі 2 рет кітапхана есігін қағады деседі. Ал Финляндия әлемдік статистикада халқы ең бақытты елдердің алдында тұратынын білесіздер. Яғни кітап оқуға ұмтылыс бақытты болашағымыз бен кемел келешегіміздің бір кепілі десек артық айтқандық емес.
Ақниет Ераханқызы, Жаңақорған ауданы
бойынша білім бөлімінің әдіскері