«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Топтық төбелес неге тыйылмай отыр?

Топтық төбелес неге тыйылмай отыр?


Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дүйсенбі күні өткен отырысында жастар мен жасөспірімдер арасында топтасып төбелесуді болдырмау және алдын алу бағытындағы шаралар талқыланды. Жиында аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев баяндама жасады.

  Хабарлама барысында жастар арасында топтық төбелес орын алып, соңы қайғылы жағдайларға ұласқан көріністер туралы облыс көлемінде әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаны көпшілік назарына ұсынған бас сақшы нақ осындай жағдайларға қадам өз ауданымызда да аптасына екі-үш рет бой көрсетіп, тек полиция қызметкерлерінің оперативті жұмысының нәтижесінде түрлі зардапты оқиғаларға тосқауыл қойылып отырғанын жеткізді. Арал ауданында да бірнеше жасөспірім шолақ мылтықтан атылып жарақаттанып, қазіргі жағдайлары ауыр екендігін, жастарды осындай қатерден сақтандырудың жоспарлары жөнінде ойын бөлісті.

 Қазіргі кезде Жаңақорған кентінде «Аташ ауылы», «ТТС», «Братья», «Казахский» деген атаумен жастар мен жасқспірімдер арасында тұрақты бұзақы топтар бар. Бұл топтарға көше-көшемен белгілі бір аумақ тұрғындарының балалары кіреді. Олардың топ басшылары болады. Сол топ жетекшілерінің нұсқауымен бұзақы әрекеттерге баратындар қатарын мектеп жасындағы жасөспірімдермен қатар қазіргі кезде демалыста жүрген студенттер де арттыра түскен. Олардың арасында қақтығыстардың алдын алуда полиция қызметкерлері нарядты күшейтіп, жиналатын жерлерін, топ басшыларының автокөліктерін бақылауға алған. Мұндай көріністер елді мекендерде де орын алып отыр екен.
Атап айтқанда, 13 тамыз күні Өзгент ауылының он жеті мен жиырма жас аралығындағы бір топ жастары түнгі сағат 23 шамасында Машбек ауылына келіп, сол ауылдың жастарын топтық төбелеске шақырған, көшеде қолға түскенін сабаған. Негізгі себебіне келсек, екі ауылдың баласы ұялы телефонмен бір-бірімен сөзге келіп қалыпты-мыс. Содан келіп араларында ерегіс туындаған. Төбелес сақшы қызметкерлер арқылы ыдыратылып, есеп айырысуға келген Өзгенттің он үш «жаужүрек» азаматы бөлімге жеткізіліп, олардың ата-аналарына ескерту жасалыпты.

 Былай қарасаңыз, бұл жастағыларды бала деуге де келмейді. «Он үште отау иесі» дер білген қазақ үшін бұлар бір жанұяны меңгеріп алып кететін арқасүйер азаматтар емес пе? «Тек қана тыйым салумен, заңмен, қорқытумен, аңдысумен тентектікті тежей аламыз ба? Олардың болашағында байыпты адам болмағына кім жауапты? Осы аталған топтарда шоқпар арқалап, сойыл сүйретіп жүрген біздің жастарымыз көшпенді дәуірдің күйкі көрінісін аңсап, құр айқай, жалаң қолмен айқасып жүргенде айналадағы озық мәдениетке ұмтылған өз қатарластарынан білімі, ақыл-ойы, мінез-құлық, әдеп-ұстанымы жөнінен кейіндеп қалмай ма? Өресі озық ел өркениетке құлаш ұрып, ілім-білімге ұмтылып жүргенде біздің балаларымыз атыс-шабысқа аттандап, ақылынан адасып жүргені қалай? Бұл орайда егемен елдің ертеңгі келешегі деп сенген жастарымыз жауға шапқандай суық қарумен сайланып, жазымға ұшырап, өмірлік өкінішке ұрынарын да ескермейтін сияқты. Енді біреулері қаруы қате тиіп, біреуді қара жамылтып, соның салдарынан өзі айып арқалап, бірнеше жылға қараңғы қапасқа қамалатынын қалай ұмытады?»

 Бүгінгі күннің осындай ащы шындығын айтқан аудандық іполиция бөлімі басшысы Ғани Түрсекеев тез арада барлық құзырлы мекемелер, қоғамдық ұйымдар, ата-аналар, қоғамдық бірлестіктер болып кең көлемде жанжақты іс-шара жүргізбесек ертең бәрі кеш болатынын, сондықтан бірлесе ісқимылға шақырды.

 Комиссия төрағасы, аудан әкімі орынбасары Бектас Нұридинов жоғарыдағы санатта айтылған, бассыздық әрекеттерге барудан айылын жимай жүрген жасы жиырманың айналасындағы азаматтардың жай-жағдайын електен өткізу, жұмыссыздарды пайдалы кәсіпке тарту жұмыстары бойынша тиісті тараптарға тапсырма берді. Оларды мәдени іс-шараларға тартудың маңыздылығына тоқталды. Ата-анасымен байланысты тереңдетуді айтты. Осы бағытта қандай жұмыстар жасалып жатқаны туралы аудандық полиция бөлімі басшысына берген сауалына орай осы топтардың жетекшілері туралы ішкі істер бөлімінде толық мәлімет бар екенін білдік. Тек оны ереже бойынша жарияға жар салуға болмайтын заңдылығы да бар. Дегенмен, бірлесе жұмыс жасаймын деген мүдделі азаматтарға ақпарат бере алатынын айтты. Өйткені жастар тәрбиесі – ортақ міндет.

 Жиында Жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасар баяндама жасады.
Ол жастар арасында жарасымдылыққа, достыққа бағытталған түрлі мәдени шараларды атап өтті. Ол жоғарыда айтылғандай топ-топқа бөлініп жүрген жастар мәселесіне келгенде кешкі уақыттарда жоспарға қойылған түрлі мәдени шараларды ұйымдастыруға жүрексінетінін де жасырмады. Өйткені арты төбеслеске ұласып кететіні қиын. Сондықтан осы топтың лидерлерімен жұмыс жасауға талпынып келеді екен. Өйткені көпшілігі солардың артынан еріп, қосақ арасында жаманатты арқалап жүргендер деуге болады. Жастар жетекшісі осы бағытта жыл басында аудан орталығындағы №110, №125, №163 орта мектептеріндегі топ жетекшілерімен жеке бас қосып, сөйлескенін, ортақ түсіністік тауып, сол кезеңдері жағдай тұрақталғанын, сондықтан осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табуы қажеттігін айтты.

 Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бағлан Момынхановтың хабарлауынша, ауданда полиция бөлімінде құқықбұзушылық санаты бойынша мектеп оқушысы есепте тұрмайды. 2022 жылдың сегіз айында мектеп оқушыларымен қылмыстық оқиға тіркелген жоқ. Дегенмен төбелеске әрекет және мектеп оқушысына қарсы зорлық-зомбылық әрекеттер бар. Ауданда білім беру ұйымдары бойынша қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан 54 бала бар, оның ішінде 5-уінің ата-анасы ішкілікке саолынғанына байланысты ішкі істер органында тіркелген, сонымен қатар 122 мектепішілік бақылауға алынған балалар, 137 өгей әке немесе өгей шешемен тұратын балалар бар.

 Балалар арасында топтық төбелестің алдын алуды ұйымдастыру бағытында ішкі істер органы қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік шараларға шығып, нәтижесінде жасөспірімдердің түнгі жүрісіне тыйым салуға жұмыс жүріп жатқанын айтты.
Оқушылар арасында тәртіпті сақтаудың бір жолы – бейнекамера мәселесі. Осы талапты орындамай отырған мектептердің жағдайы туралы қатаң сұрақ қойған аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбековтың сұрағына жауап төмендегіше берілді:
 – Былтыр қаражат мәселесінің шешілмеуіне байланысты бейнекамера қоюға мүмкіндік болмады. Биылғы оқу жыылында тиісті қаражат көлемінде ережесі сәйкес келетін орындарда толық қойылады. Әр жыл сайын облыс тарапынан бес дана бейнекамера аппаратын қоюға жоспарланып отырғанын жеткізді.

Баян Үсейінова
16 тамыз 2022 ж. 433 0