Қахзақтан шыққан ұлт қайраткерлері қатарында маңдайы озық, жұлдызы биік, оқшау тұрған тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы туралы біз толық танып блодық па? Жоқ. Дара тұлғаның 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО деңгейінде атап өту талабы осы олқылықтың орнын толтыруға жасалған қадамның бірі дей аламыз.
Алаш ардақтыларын бүгінге дейін тани алмауымызға не себеп? Өткен ғасырдың басынан қазақ жеріне көктей еніп, жымысқы саясатын жүргізе бастаған орыс отаршыларының көздеген мақсаты да осы. Ұлтты уызынан ажыратып, тағынан тайдырып, тәуелді ел етудің бар амал-тәсілін қолданған жоқ па? Ахмет секілді ұлт қамын ойлаған арыстарымыз «халық жауы» атанып, «итжеккенге» айдалды, атылды, асылды, асыл арманы күл-талқан болды. Сондықтан келесі буын олар туралы аз біледі. Онда да ел егемендігіне ие болған отыз жылдың айналасында олардың аттары атала бастады, там-тұмдап болса да мектеп оқулықтарына енді. Ал одан алдыңғы буын бұл кісілердің атын да естіген жоқ, айтыла қалған күнде қазаққа күмәнді, ұлтты адастырған тұлғалар ретінде бірді-екілі қаралау құпия деректермен шектелді. Мәселен, біздің буын мектепте олар туралы бір ауыз мәлімет алған емес. Кейін мерзімді басылымдар арқылы аттарын оқып, еңбектерімен таныстық. Одан гөрі «ұлы халық» саналған орыстың оқымыстылары, батырлары туралы көп оқытылып, көп насихатталды. Бір қуанарымыз, біздің балаларымыз ұлт қайраткерлері жөнінде балабақшадан біліп, саналары сайрап тұр. Алдағы мақсат – ұлт көсемдерін өз тағына шығарып қана қоймай, олардың ұлы өнегесін әрбір намысты жан әрмен қарай жалғауға міндетті.
Ұлт қайраткерлерін, қамқоршыларын тану бізге не береді? Оларды білу арқылы танымдық бірлігіміз, саналық тұтастығымыз қалыптасады. Тұтас ұлт болып намыс деп аталатын бір идеяның төңірегіне топтасады.
Алаш қайраткерлері арасында Ахмет Байтұрсыновты бөле-жара айшықтап тұрған ерекшелік не? Бұл жерде Сәкен Сейфуллиннен артық баға бере алмаспыз «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Халықтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарын күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып, ұлықтық іздеп жүргенде Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды. Өзінің ойға алған ісі үшін басын бәйгеге тікті. Ахмет бір халықты біз құсап, «бай», «кедей» деп екіге бөлген жоқ, тұтас жақсы көрді.
(Ахмет Байтұрсынұлының 50-жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінен) десе, екіншісі, кейінгі ұрпақ өкілі, Тәуелсіздікке ерекше үлес қосқан халқымыздың ғұлама жазушысы Әбіш Кекілбаев: Ахмет Байтұрсынов ұлттық дамудың талай жыл әбден тот басып, қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған теперішін бір өзі айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз еңбек етіп, мәңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған қайраткер қазақ топырағында оған дейін де, одан кейін де болған емес. (Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдығында жасаған баяндамасынан), – деп бағалайды. Міне, сонау аласапыран заманда адам төзбес азаптың, жан шыдамас қорлықтың небір сұмдығының зардабын бастан кешкеніне қарамастан халқының азаттығы жолында «бір ұлттың талайының қолынан келе бермейтін шаруаны бір өзі тындырып, болмайтынды болдырған» жанкешті еңбегі ел есінде осылай қалуы тиіс.
Ахмет Байтұрсынұлының қоғамға қызметінің қай бір қырын алып қарасаңыз да «тұңғыш» деген ұғым оның есімімен ажырағысыз үлгіде қосамжарланып шыға келеді. Соның ең басында Ахметтің туған халқының көкірегіне білімнің шырағын маздатқан ағартушылық қызметі тұр. Ол өзінің ұстазы – Ыбырай Алтынсариннің Ресей ортарлаушылары қорлығына төзе жүріп қазақ балаларына мектеп ашқан жанқияр еңбегін көрді, сол үлгіні жалғастырды. Қазаққа білім алу не үшін қажет еді? Білімдінің мақсаты – шен-шекпенге қол жеткізу емес, елді азаттыққа жеткізіп, озық елдің қатарына қосу. «Басқадан кем болмау үшін біз білімді һәм күшті болуымыз керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек» деді. Нақ бүгінгі қазақ ұлтының алдында тұрған міндетті Мемлекет басшысы да дәл осылай айқындап отыр. Кешегі қаңтар оқиғасы біздің бойымызда кезінде Ахметтер аңсаған осы қасиеттердің кемелденіп бітпегенін көрсетті. Елдің ортақ мүддесін емес, жеке бас пайдасын, атағы мен мансабын күйттеп, сол жолда қатты да құрбан ете алатын алақол, пасық пиғылды жандардың бар екенін дәлелдеді. Ендеше Ахметтің ұлы арманы бүгін де өзекті, бүгін де өміршең болып тұр ғой.
Ұлт тізгіні – ұлттың өз қолына тиюі керек. Елді түзеу үшін баланың оқуын түзеу керек. Алаш ардақтылары осы мақсатты басты орынға қойды. Ұлт болу – ең алдымен қазақша оқуды жолға қоюдан басталатынына ерекше ден қойды
Төрт жылдық мұғалімдер семинариясында білім алған Ахмет алдымен Ақтөбе, Қостанай уездерінде орыс-қазақ мектебінің оқытушысы, одан соң 1895- 1909 жылдары Қарқаралы қалалық училищесінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Ал білімінің тереңдігі, қайраткерлігінің кемелдігі арқасында ұлт тағдыры мен келешегі мәселелеріне арналған бағытбағдардың көшбасшысы болды. Ол Ресей патшалығына, Атқарушы үкіметіне Ішкі істер министрлігіне ұлттың саясиәлеуметтік мәселелерін атап көрстетіп, шешілуін талап етіп, тұңғыш рет жазылған «Қарқаралы петициясына» қол қоюшылардың белсендісі болды. Осы үшін «мемлекеттік қылмыскер» ретінде жандармдық бақылауға алынды. Семей түрмесіне жабылды. Орынборға жер аударылды. Басына қандай қиын іс түсіп, қуғында жүрсе де ол ұлт азаттығы жолындағы қызметін тоқтатпады.
1913 жылы тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Онда қазақ жұртының көзін ашып, саяси көзқарасын қалыптастыруды басты мұрат етіп алды. Осы кезеңдері қазақтың бар құнарлы жерін орыс шаруаларына меншіктеп беріп отырған самодержавиенің құйтырқы саясатын ашып айта алды. Қазақ батырақтарын отырықшы тұрмысқа байімдеуді көздеген саясатты сынады, жұртшылықтың оған көнбей, көшпенді тірлігінен ажырап қалмауды үгіттеді. Ұлттың асыл болмысына тырнағын салған зорлықшыл биліктің өктемдігіне ұлттық бірлік арқылы қарсы тұра алатынымызды тынбай насихаттады. Осының барлығы жалпақ жұртқа газет арқылы жайылды. Дана жазушы Мұхтар Әуезов бұл туралы: «Қазақ» газетінің келуі – шырт ұйқыда жатқан қалың қазақты оятты» деуінде осындай мән бар.
Осы жұмыстарда Ахметтің рухани серігі болған Міржақып Дулатовты да Алаш қозғалысының орталық тұлғасы деп санау орынды. Олар ең бастысы ұлт теңдігін көкседі, ұлттық автономияға қол жеткізуге тырысты. 1917 жылы шілде айында Орынборда өткен жалпыхалықтық құрылтайда тұңғыш автономиялық тәуелсіз «Қазақ мемлекетін» құруды ұсынды.
Бүкілресейлік орталық атқару комитеті 1919 жылы 27 тамызда Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешім шығарғанда Ахмет соған тастүйін қарсы шығып, Қостанай уезі Қахақстанға қайтарылды.
Екінші жалпықазақ сьезінде Оқуағарту комиссиясының тұңғыш төрағасы болды. 1919 жылы Алашорда үкіметінің Торғай облыстық бөлімшесінінң мүшесі болды. Мәскеуде кеңес үкіметімен келіссөзге қатысты.
Алғашында адал сеніммен Ресей коммунистік партия қатарына кірген Ахметтің көңілі қалып, көп ұзамай оның құрамынан шығып кетуі де оның адымын тарылтуға тұзақ құруды тездетті.
«Менің идеалым – қазақ халқының тұрмыс-жағдайын, мәдениетін көтеру, ал мұның өзі оның дамуының игілікті алғышарты болғандықтан мен осы мұратты қандай билік қамтамасыз ете алса, соған риза боламын» деген Ахметтің сөзінен алашордашылардың түпкі ойы көрініс беріп тұр. Олар қандай бір Үкімет, партияның қолжаулығы бола алмайды, қандай бір тұғырлы билікті туған ұлтына бағытталған қарымқатынасымен ғана бағалап, дос тұтады не бітіспес жауға айналатынын ашық айта да білді.
Ахмет – тұңғыш қазақ әдебиеттану ғылымы негізін қалаушы
Ұлт тағдырында шешуші роль атқарған Алашшыл азаматтың қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан еңбегін ешнәрсемен теңгеруге болмайды. Ол әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет анықтама берді. Қазақ әдебиеті ғылымының жүйесін жасады. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерге терминдік жаңа мән берді. Соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жарыққа шығарды. «Қазақтың бас ақыны» Абайдың орыс әдебиетімен байланысын зерттеді.
Қазақ әдебиетінің тарихи мұрасын жинақтады. Соның негізінде «Ер Сайын» жырын, қазақ жырының 400 жылдығын қамтитын «23 жоқтау»,жинағын 1923 және 1926 жылдар аралығында жарыққа шығарды.
Өзінің де бірнеше жыр жинақтары баспа жүзін көрді. Санкт-Петербург қаласында жарық көрген «Қырық мысал» кітабына енген еңбегінде әр аударманың соңында өзінің қоғам, саясат туралы ойларын қосып отырды. Оның ішінде «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», Жиған-терген», «Тілек-батам», «Жауға түскен жан сөзі» атты өлеңдері сөз орамдары, тіл шеберлігі, ұйқас сонылығы жөнінен қазақ поэзиясына тың леп әкелді.
Көркем аударма саласында Пушкиннің «Балақшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы», деген шығармаларын аударды.
Көне дәуірдің үлгілері – Асан Қайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай би, Әбубәкір Кердері, Шортанбай, Сүгір, Мұрат, Досжан, Шалкиіз жыраудың мұрасын зерттеп, жарыққа шығарды.
Ол – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы
Қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым сол арқылы түріктануға да да келелі үлес қосты.
Ол жаңа жазуды қалыптастырды. Жаңа әліппені жасап шықты. Тұңғыш емлені, тұңғыш фонетиканы, тұңғыш грамматиканы, тұңғыш синтаксисті, тіілдің терминологиясы мен әдістемені жасады. Тіл ашар, тіл танытқыштар құрастырды. Ол түріктанушы ғалым ретінде қазақ тілінің табиғатының өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілінің оқыту әдістемесі туралы маақалалар жазды.
Ахаңның ұлтына қалдырған өсиетөнегесі ішінде әліпбиге байланысты қағидаларының өзгеріске ұшырап, тіл заңдылықтарының бұрмалана бастауы, басқадан бұрын біздерді, қаламгерлер қауымын қатты ойландырса керек. Соның ішінде үндестік заңы деп аталатын ап-айқын ереженің өзі орасан бұзылып, сөздің жазылу мен айтылу табиғатында оралымсыздықтар болып жатқанын күнде естіп, күнде кездестіріп жүрміз. Мәселен, отбасы сөзін сол күйінше отбасы деп оқитын дикторлардың дауысы жүректі айнытатын болды. Содан соң тағы бір мәселе, қазақ тілінде дауыс екпіні не соңғы, не соңғының алдындағы буынға түседі деген қағида далада қалды. Сөйтіп, дауысты дыбыстарды созып айту орнына жөпелдеме оқып кете беретін быдық сөйлеу басталып кетті радио мен телевизорда. «Дауысты дыбыс – сөздің жаны, дауыссыз дыбыс – сөздің тәні» деген Халел Досмұхамедтің қағидасын да ешкім ескермейді. Сөз ажарынан, сөйлем сазынан айрылып барады. Мәселен, «қыйын» деп жазылу грамматикасын орыс тіліне икемдеп «қиын» деп жазып жүрміз. Ахмет Байтұрсынов өз қолымен жазып кеткен мына өлеңдегі қатарларға қараңызшы:
«Қыйнамайды абақтыға жапқаны,
Қыйын емес, дарға асқаны, жапқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз ауылымның йттерінің қапқаны».
Бұдан шығатын қорытынды, ұлт тілінің келешегін ойласақ, бізге әріпті емес, емлені өз ұлтымыздың ерекшеліктеріне сай жасауымызға тура келеді. Бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлының «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін» деген өсиеті әрбіріміз үшін жарық шамшырақ болуы тиіс
Баян Үсейінова