Төрлет, Әліппе!
Биылғы жаңа оқу жылында 1 сынып оқушыларына «Әліппе» салтанатты түрде табысталады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетов мұғалімдердің Тамыз мәслихатында мәлімдеді.
«Алғаш мектеп табалдырығын аттаған 1 сынып оқушыларына «Әліппені» ұстатуымыз керек. Бұл өте жақсы дәстүр. «Әліппе – баланың ең жақсы оқулығы. Сондықтан былтыр уәде бергеніміздей «Әліппені» дайындадық. Жалпы Әліппе дайын. Өңірлерге жеткізіліп жатыр», – деді елдің бас ұстазы.
Қазақ жері түгел сауаттануға көшкен ХХ ғасырдың басынан бері жас өреннің қолынан түспеген Ахмет Байтұрсынұлы жасап шығарған «Әліппе» қай толқынның болсын жүрегіне ыстық екенін мойындау керекпіз. «Оқу құралы» деген атпен 1912 жылы Орынборда шыққан Қазақ Әліппесінің ең соңғы жаңа үлгісі 1929 жылы жарық көрген. Бірнеше буынның қажетіне жарап, сауаттандырып, өмірге көзін ашқан «Әліппе» содан бері қолданыстан түспеді. Тек, 2016 жылдан бастап сол кездегі Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің шешімімен «Әліппе» оқулығының орнын «Сауат ашу» басты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Асылына адам ақылы жетпейді» деп бағалаған Әліппені бір-ақ күнде тәрк еткен тоңмойындық бес бірдей буынды білім қайнарының қасиетті уызынан ажыратып, ойы олақ, өрісі шолақ, шалажансар біліммен қаруландырып келгені екінің бірін шын өкіндіріп, осы олқылықты түзету жөнінде ұлт жанашырлары мәселе көтеріп келгені рас.
Жасөспірімдердің төл оқулықпен қайта табысуына ата-ана да қатты қуанулы. Олар кезінде өздері оқыған Әліппеден де артық ұлт құндылығына етене жақын мазмұнда жарық көрген оқулықтың балаларына базарлығы мол екеніне сенімді. Министрдің айтуынша, оқулық Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылғы Әліппесіндегі басты қағидат негізінде әзірленген. «Бұл әдістеме бойынша көп рет мәселе көтерілді. Осының негізгі ұстанымындағы дыбыспен жаттығу, әрбір дыбыстың сөз жасаудағы қызметін еске алу, буын бойынша оқу, оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту қағидасын сақтадық», – деді министр. Бұл бағытта әдіскерлер мен ғалымдар орасан көп тер төгіпті.
Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов «Ана тілі» оқулығы бойынша да дайындық жүргізілгенін айтты. Балалар бұрынғыдай 1 және 2 тоқсанда «Әліппе» мен «Букварьды», 3 тоқсаннан бастап «Ана тілін» оқиды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында ширек ғасыр бала оқытып, алғашқы «А» әрпінен бастап жаттатып, жеке тұлға етіп тәрбиелеп шығаруда ересен еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, №125 мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Мадина Ахметжанованы әңгімеге тартып, қуанышты жаңалық жөнінде пікір алмасқан едік.
Ұлағатты ұстаз былай дейді:
– Көп жылдық ұстаздық тәжірибемде Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі бойынша жарық көрген, ғасырлық қазынамызға айналған Әліппені ешнәрсеге теңгермеймін. Әліппеде алдымен дыбыстарды танып жаттығамыз, содан соң әріптер, буындар мен сөздер зерделенеді. Әліппені түгескен бала шағын мәтіндерді оқып, түсініп, жаза алуы тиіс. Бес жыл бұрын қолданысқа енген «Сауат ашу» оқулығында бұл реттілік жоқ. Қатты қиналдық. Сөздері ауыр. Бірден оқып кету керек. Биыл жиырма тоғызыншы жыл еңбек етіп келемін. Расын айту керек, балалардың обалын ойлап, ішінара бұрынғы методикаға ат басын бұрып, шама-шарқымызша өрендерге толыққанды білім беруге тырыстым.
Биылғы сүйінші жаңалық, «Әліппе» мен «Ана тілінің» қайта жарық көруіне ата-анамен бірге қатты қуанып, білім саласын басқарып отырған министрге алғысымыз зор».
Жаңа оқулықтың біз оқыған әліппеден қандай айырмашылығы бар деген сауалымызға ол былай деп жауап берді:
– Әліппе атаулы «А» әрпін үйретуден басталады. Ал екінші әріп біз оқыған кездегідей, «Азбукадағыдай» немесе алфавиттегі А,Ә,Б деп емес, «Н» әрпіне жалғасып тұр. Яғни бала екі әріптен буын құрап үйренуі тиіс. Одан соң «Т» әрпі келеді. Енді «АНА», «АТА» сөздерін жазуға болады.
Бұл жаңа Әліппеде ұстаз бен шәкірттің сурет арқылы бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалған. Бірінші сабақта-ақ бүлдіршін мұғалім көмегімен Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран сияқты киелі рәміздерімізбен танысуының өзі оқулықтың отаншылдық рухта жазылғанынан хабар береді. Бұдан кейінге «Сәлемдесу», «Мектептегі бір күнім», «Мен әдепті баламын» атты суретті сабақтар жас буынды ата-баба дәстүріне адалдыққа шақырады, – дейді ол.
Иә, «Ештен кеш жақсы» дегендей, тек әріпті үйретуді ғана емес, шәкірттерді қоршаған ортамен таныстырып, балалардың танымдық, коммуникативтік білімге ынталандыра түсетін тараулар қоса қамтылған жаңа Әліппе төрімізге озды. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын әлемдік білім биігіне бастайтын кітапқа «Төрлет, Әліппе!» дейміз.
Баян ҮСЕЙІНОВА