№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Алаш арыстарын ардақтау – Тәуелсіздікке құрмет

Алаш арыстарын ардақтау – Тәуелсіздікке құрмет


Қазақтың күнтізбесінде саналы адамның қай-қайсын да тебірентпей, толғандырмай қоймайтын ерекше бір күн бар. Ол – Саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Қазақ не көрмеді? Талай азап пен қасіретті бастан кешірді. Солардың ішінде жазықсыз «халық жауы» атанып, өмірлері ерте қиылған Алаш арыстарының орны айрықша. Олар бүкіл қазақ халқын азаттық жолына бастады. Осы жолда жандарын құрбан етті.

Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бө­кейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұ­мабаев, Халел Досмұхамедов. Олар­дың есімдері осылай жалғаса бере­ді. Халқы үшін, ұлт үшін аянбай қыз­мет еткен, жүректері «елім, жерім» деп соққан ардақтыларымыздың қалай «халық жауы» атанғанына таңырқайсың әрі күйінесің. «Шіркін, сол жақсыларымыз бен жайсаң­дарымыз тірі болғанда еліміз дамудың биік шыңына көтерілген болар еді-ау» деп кей кездері қиялға ерік беретініміз бар. Олар, шын мәнінде парасатты, намысшыл, озық ойлы, әрқайсысының өзіндік орны бар, біртуар тұлға болатын.
Осындай ұлт жанашырларының алдындағы міндетіміз – елім деп өткен ерлерді санадан өшірмей, кейінгі толқын жастарға олардың өмірін, елдік істерін үлгі ету. Отанды, елді Ахметтерше, Әлихандарша сүюге, осы жолда бүкіл білімді, күш-жігерді жұмсап қызмет ете білуге тәрбиелеу. Мұндай қасиеттерді бойға дарытқан ұл-қыздарымыз ертеңгі елдің бетке ұстар, ардақты азаматтары боларына еш күмәніміз жоқ.
Қаншама ұлт қайраткерлері, Алаш арыстары орынсыз жабылған жала­ның құрбаны болды, нақақтан атылып, жазаланды. Осылайша біз қаншама зиялы қауымнан айырылдық. Олар қазақ қауымын өркениетті мемлекет қатарына қосуды мақсат тұтқан, ал өздері азаттықтың ақ таңын көрмей кеткен жандар. Тәуелсіз ел ұланда­ры бодандықтың бұғауында болған сол уақытты, жазықсыз жала­ның құрбандары атанған зиялыларын мақтан тұтады.
Енді тарихқа шолу жасасақ. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем өзгеше жағдай қалыптасты. Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесі, қазақ жерін орыс мемлекетінің меншігі етіп жариялауы, қазақ бұқарасының егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы тарихта бұрын-соңды болмаған күрестің басты себебі болды. Дәл осы сәтте қазақ қоғамы алдында екі жол тұрды. Бірі қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, екіншісі өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу. Бұл жолда ұлтын жүрекпен сүйген Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Мұхамеджан Тынышпаев, Бақытжан Қаратаев, Смағұл Сәдуақасов, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Мұстафа Шоқай сынды тұлғалар тізе қосып, білек түйістірді.
Олар қазақ халқының ертеңі үшін күресуге бел шеше кірісті. Басты мақсаты халықтың мүддесін қорғап, жастарды оқытып, ана тілін дамыту және қазақ даласында оқу орындарын ашу. Ең бастысы қазақты егеменді, азат ел ретінде таныту еді. Бұл жолда ұлт көсемі болған Әлихан Бөкейханов: «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – деп бүкіл өмірін қазақ халқы үшін сарп еткені, Ахмет Байтұрсыновтың «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» деген сөзде­рі қазақтың ұлт болып ұйысуына үлкен үлес қосты. Нәтижесінде алаш өкілдері қазақ мемлекетінің іргета­сын қалады. Алайда ұлт болашағы үшін қызмет етуді басты ұстаным санаған олардың кей мақсаттары мен армандары сол кезеңдегі кейбір жағдайларға байланысты жүзеге аспай қалды. Өйткені большевиктер алашордашылардың бұл жоспарының жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, қазақтың қамы үшін от кешуге даяр Алаш арыстары жазаланды, жер аударылды, ату жазасына кесілді. Ұлт­тық рухымыздың тынысы тарылды. Қазақ үшін ең ауыр жаза да осы еді.
Соған қарамастан сағымыз сынбады. Қазір Тәуелсіз елміз, өзімізге тиесілі кең байтақ жеріміз, рухани байлық салт-дәстүріміз бар. Алаш қайраткерлерінің асыл армандары шындыққа айналған осынау заманда біздің басты парызымыз тәуелсіздігімізді баянды ету болмақ.
31 мамыр күні туралы ой қоз­­ғағанда, 1920-21, 1932-33 жылдар­дағы ашаршылық оқиға­ла­ларын ерекше айтуымыз керек. Қолдан ұй­ымдастырылған ашар­шылық біздің халқымыздың демогра­фиялық өсім көрсеткішіне кері әсерін тигізбей қоймады.
Егер бұл оқиға орын алмаған болса, қазақ халқының саны, ғалымдардың айтуынша, бүгінгі таңда 50-60 миллионға жеткен болар еді. Жалпы біз осынау үлкен оқиғалардан қандай тағылым алуымыз керек? Мәселе осында. Бүгінгі жастар, оқушылар бұл туралы қаншалықты біледі? Осы бағытта белгілі насихат жұмыстары жасалуы керек-ақ.
Қазір жастарға тарих пәнін оқытып қана қоймай, ұлт ардақтыларының өмірбаяны, атқарған игі істерін жан-жақты танытуымыз керек. Сондай-ақ олар туралы тарихи-деректі ки­нотуындыларды көптеп түсіру қажет деп ойлаймын. Театрларда, өнер ордаларында сахналық қойылымдар көрсетудің маңыздылығы жоғары. Архивтер арқылы тарих беттерінің ақтаңдақтарын түгендеуге көңіл бө­лінсе деймін. Бір сөзбен айтқанда, боздақтарға лайықты құрмет көр­сетілуі тиіс.
Өйткені ұлт үшін жанын оққа байлаған көшбасшылар мен қайрат­керлер заманында өздері сағынған азаттыққа жеткен ұрпағына мейір­лене қарайды. Бұл Тәуелсіздік Алаш арыстарының жанын пида етуімен жеткен ұлы аманат екені бүгінгі ұрпақ санасында жаңғырып тұруы тиіс.

Лаура БИБАСАРОВА
31 мамыр 2022 ж. 2 844 0