№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қышқала қалашығындағы қазба жұмыстары

Қышқала қалашығындағы қазба жұмыстары


Сыр бойында талай дәуірлер сырын бүккен көне ескерткіштер көп. Соның бірі – Алтын Орда кезеңінде кереметімен көпке таң­дай қақтырған Қышқала. Жуырда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі бағзы заманда байырғы жұрттың ордасы болған қонысқа баспасөз турын ұйымдастырды.

Облыс орталығына жақын қалашық түрлі деректерде Бар­шын­кент, Барчинлыгкент, Бард­жинлигкент, Қызқала деп те аталады. Алтын Орда дәуірінде ірі сауда әрі қолөнер орталығы болған қала туралы дерек көп. Табылған жәдігерлерден ХІІІ-ХV ғасырларда берекелі байтақ болғаны білінетін шаһар туралы алғашқы деректі Италия жиһанкездері Карпини, Рубруктар ХІІІ ғасыр ортасында жазып қалдырған. Саяхатшы Карпини жазбаларында осы шаһармен бірге Жанкент және Асанас қалаларының тіршілігінен дерек береді. Жер жүзін шарлаған жиһанкез Баршынкенттің Жошы әскеріне ұзақ уақыт берілмей тұрғаны жөнінде жазып қалдыр­ған. Берік қамалды ала алмай қал­жыраған қол өзен арнасын бұрып, суға бастыру арқылы тас қамалға кірер жол тауып, кейін қираған шаһар қалпына келтіріліп, Жошы ұлысының Сыр бойындағы орталығына да айналған.

Он тоғызыншы ғасырда Перовск уезінде барлау жұмыс­тарын жүргізген В.А.Каллаур Кыс-қала немесе тасқала деп ата­ған шаһарыңыз да осы. Ал 1946 жылы С.Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этно­г­ра­фиялық экспедициясы шашылып жатқан ыдыс сынық­тарын, заттарды жинап, картада қаланың ортағасырлық Аса­нас пен Женттің аралығында орна­ласқанын көрсеткен. Өт­кен ғасырдың алпысыншы жыл­дарында Ә.Қоңыратбаев, Ғ.Мұса­баев зерттеу жұмыстарын жүргі­зіп, мұнда қыштан салынған кішігірім орда болғанын анықтап, қала атауының шығу тарихын бекіте түседі. Бірақ қазақстандық археология ғылымының мектебін қалыптастырған академик Әл­кей Марғұлан Баршынкентті «Алпамыс батыр» жырындағы Гүлбаршынның есімімен байланыстырады. Шаһарды Қызқала деп атауға қазық байлататын тұжырым осыдан келіп шығады.

Төрт жылдан бері көне қала орнында тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов жетекшілік ететін «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Бастапқыда жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға жасалған жұмыс кейін мемлекеттік гранттар есебінен жалғасты.

– Бағзы заман куәгері саналатын Баршынкенттегі әр төбенің астында әлі де талай дүние жатыр. Зерттеу бастала салысымен анықталған сегізбұрышты мед­ресе осы уақытқа дейін біздің еліміз тұрмақ Орта Азиядан кездесе қоймаған архитектураның озық үлгісі. Сонымен қатар қыш күйдіретін пештің және ХІV ғасырдағы құдықтың орындары аршылып, консервацияланды. Қазба жұмыстары басталғалы бері 11 нысан аршылып, мерзімделді. Қазба жұмыстары кезінде Қытай юанінің, аса қымбат бағаланатын селадон фарфор сынықтарының табылуы қаланың кезінде аса ірі өркениет ошағы һәм сауда орталығы болғандығын дәлел­дейді. Он тоғыз бөлмелі, төрт мұ­наралы, сегіз қырлы медресе атақты Ерзен хан билігі тұсында салынған болуы мүмкін. Ендігі бір мәселе, талай құпияны қойнына жасырған қала орнының қорғауға алынуы. Елімізде Алтын Орда дәуіріне жататын ескерткіштер көп емес. Сол заманның куәсі саналатын көне қаланы тез арада мемлекеттік қорғауға алмасақ, қазіргі күйіне зар болып қаламыз, – дейді ғалым.

Облыстық тарихи және мә­де­ни ескерткіштерді қорғау жөнін­дегі мекеме директоры Ерғазы Алданазаров Қышқала қазір ал­дын-ала есепке алу тізіміне енгі­зілген тарихи-мәдени мұра нысаны екендігін айтады. Ен­ді сарапта­ма жасап, арнайы комис­сияға ұсы­ну қажет. Бүгінгі күні облыс­та ті­зім­ге алынған 556 ескерт­кіш­тің 31-і республикалық мәрте­бе­ге ие. Биыл облыстық бюджет есебінен ежелгі Бәбіш мола, ор­­та­­ға­-
сырлық Жанкент, Сығанақ қа­ла­­шықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Былтырдан бастап Білім жә­не ғылым министрлігінің грант­тық қаржыландыруы бойын­ша қазба жұмыстарын жалғас­тырған археологтер көне қоныс­тың орталық бөлігін зерттеп жа­тыр. Кесенелерден шыққан адам сүйектері Ұлыбританияға антро­пологиялық зерттеуге жібері­ліп, олардың мерзімделуі ХІІІ-ХІV ғасырлар деп берілді. Жалпы, қазба кезінде ұзын саны 148 жә­дігер табылыпты.

Мадияр Елеуов тарихи жәді­герлерді сақтап қалу үшін әуелі археологиялық карта жасалуы керектігін айтады. Көршілес Түр­кістан облысында осындай картаны тарихтың тағылымын түсінетін жеке адамдар қаржы төлеп жасатқан жағдайлар болған. Ал ен байлықтың үстінде отырған біз ол жағына әлі селсоқ қарап келеміз. Осындай тарихи орындарды кітапқа топтастыратын «Қызылорданың 7 кереметі» атты жоба пісіп тұр. Жергілікті билікке жеткен бұл ұсыныс ескерілер деген үміттеміз. Әйтпесе, қараусыз қалған қазыналарымыздың қата­ры арта бермек. Мысалы, Қара­таудың Шиелі ауданы тұсындағы Сауысқандық шатқалындағы тас­қа шекіген жазбалар тарихи маңызы жағынан әйгілі Таңбалы тастан бір мысқал да кем түспейді. Бірақ тас және қола дәуірінен, одан кейінгі кезеңдерден де сыр шертетін, 8-10 мың сюжетті ау­қымына сыйдырған тарихи-мә­дени ескерткіштер кешені еске­русіз қалып келеді.

Құпиясы көп Қышқалада аршылып жатқан он бірінші қазба туралы Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың жетек­ші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Тәлеев айтты. Бұл қара­пайым тұрғындар мекен еткен тұрғын үй орамының орны. Биыл ашылған он бөлме ғимараттардың ХV ғасырларға тиесілі екендігін көрсетіп тұр. Одан да ерте кезең дерегін табу үшін қазбаны тереңдете түсу керек.

Құпиясы көп Қышқаладағы зерттеу жұмыстары жайлы жер­гілікті, шетелдік басылымдарда жарияланды. Шетелдік демекші, бізден сәл кейін көне қала орнына италиялық және бельгиялық ғалымдар жетті. Қазіргі технология арқылы ежелгі қоныстардағы ирригация жүйесін, өзендердің арнасын ауыстыруын зерттейтін олар шаһардың өз заманындағы келбетін анықтауға сеп болмақ. Осылайша, бағзы заман куәгері Баршынкенттің бейнесі бірте-бірте айқындалып келеді.
 
20 маусым 2022 ж. 333 0