№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Пресс-тур: Сығанақтың сан сыры бар

Пресс-тур: Сығанақтың сан сыры бар

Аудан әкімі Руслан Рүстемовтың бастамасымен облыстық, республикалық газет-сайттар мен телеарналардың журналистері Жаңақорғанға арнайы келді. Ондағы мақсат – аудан көлеміндегі тарихи-мәдени орындардың құндылығын насихаттау.


Күздің қара суығы жолымызды тежей қоймады. Көлік Сығанақты бетке алды. Өлке тарихына қанық тілшілер ой үстінде барады. Сығанақтың бұл жолғы сыйы қандай? Иә, Ұлы Дала елінің өркениет орталығы болған Сығанаққа әр барғанымызда тың жаңалық естіп, тарихи жадымыз кеңейіп қайтатынымыз рас. Ой үстінде отырғанымызда орта ғасырлық шаһарға қалай жеткенімізді байқамай да қалдық. Пресс-турдың мән-маңызын түсіндіру үшін аудан басшысы Руслан Рүстемұлы сөз бастап:
– Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов ағамыздың Маңғыстауда 362 әулие болса, Сыр бойында 452 әулие-әмбие бар дегені ойға оралады. Оның басым көпшілігі Жаңақорған ауданына тиесілі екені анық. Расында, Жаңақорған ауданы тарихы терең, ескі қалалар мен әулие, әмбиелер жатқан киелі мекен. Сыр бойында ислам дінін, мәдениеті мен салт-дәстүрін қалыптастырған белгілі тұлғалар көптеп шыққан. Оның үстіне, Ұлы Дала елінің, қала берді Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі-ірі орталыққа айналған Сығанақ, Сауран, Өзгент және т.б шаһарлардың ізі бар. Бұл орындар орта ғасырлық өркениеттен хабар беріп, кемел тарихымыздан құнды ақпарат береді, – деді.
2015 жылы Руслан Рүстемовтың бастауымен бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен «Жаңақорған-2015» киноэкспедициясы аясында «Туған жерге тағзым» деректі фильмінің тұсауы кесілген-ді. Оны жерлесіміз, белгілі кинорежиссер Қалила Омаров түсіргені белгілі. Елге танымал теолог-ғалым Досай Кенжетай мен көрнекті ақын Адырбек Сопыбеков ағамыз фильмге ғылыми консультант болды. Көне қаланың таныстырылуы деректі фильмді көрсетілуімен басталды. Автор Қалила Омаров өзі де арнайы келіпті.
Сығанақ қаласының тарихына терең бойлаудан жалыққан емеспіз. Орта ғасыр дәуіріндегі ең көрнекті, бай, әрі дамуы ілгерілеген қала осы болды. Тізбектей берсек сырын ішіне бүккен, тарихы тым тереңде жатқан қаланың құпиясы әлі көп. 
–  2003 жылдан бері ортағасырлық Сығанақ қаласын Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті зерттеп келеді. Жетекшісі – Сейден Жолдасбаев ағамыз. Негізгі жұмыстар қаланың шархистан бөлігінде, екі мұнаралы шығыс қақпасы арқылы жүргізіліп жатыр. Бұл жерді жергілікті тұрғындар киелі тұтады, сондықтан тиісе бермейді.
Археологиялық деректерге сүйенсек, қала XVIII ғасырдың соңында тіршілігін тоқтатқан. Жазба деректерде қала  XI-XII ғасырда айтылады. Бірақ, археологиялық заттай деректер арқылы оған әлі жеткен жоқпыз, – дейді археолог, қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Қуаныш Арынов.
Сығанақ қаласының саяси-стратегиялық мәні 2 мың жылға жуық Ұлы даланың саяси орталығы болғанынан көрінеді. Бүгінде көне қаланың сырын ашуда ғалымдар мен археологтар еңбектенуде.
– Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің археолог ғалымдарымен сөйлестім. Желтоқсан айында археолог-ғалымдар осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстары жөнінде есеп беретін болып келісті. Біз үшін бұл құнды дерек, мазмұнды материал болғалы тұр, – деді аудан басшысы.
Сығанақ шаһары әрбір қазақтың мақтанашы. Себебі қазақ ұлтының қалыптасуына әсер еткен оқиғалар осында орын алды. Екінші жағынан, елдік мұраттың діңгегі саналған Қыпшақ мемлекеті, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығының саяси, экономикалық һәм рухани-мәдени орталығы болды. Оның үстіне, батыстан шығысқа, шығыстан батысқа жол жүрген саяхатшылар, дипломаттар Сығанаққа арнайы соғып, шаһардың кереметіне қанығып, өз еңбектеріне арқау етті. Мұндай мәліметтерді парсы, арап, грек, рим, француз, армян және т.б елдердің тарихшылары мен саяхатшыларының еңбегінен көруге болады. Яғни Сығанақ қаласының атын алыс-жақын шет елдерге әйгілі. Бұл дегеніміз, ортағасырлық шаһарда туристік орталыққа айналдыруға әбден болады деген сөз.
– Сығанақ шаһарын туристік маршрут­тың бір арнасы етуде бізге жүйелі жұмыс жасау міндеті тұр. Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында қаланы жаңғырту ісін жандандырып, сол аумақта археологиялық қазба жұмыстары кезінде шыққан жәдігерлерді қоятын орын ашудың жөні бар. Бұл – Сығанақ қаласына деген қызығушылықты арттыратыны сөзсіз. Біз бұл бағытта байыпты істерді жалғастыра береміз, – деді әкім.
Соңғы кездері тарихшылар Орда Ежен, Ұрыс хан (Орыс хан) Сығанақ қаласының маңында жерленуі мүмкін деген сөзді айтуда. Тіпті хандар мен сұлтандар әулетін жерлейтін арнайы орын болғаны жайында болжам бар. Мұндай орын табылса Сығанақтың тарихи статусын биіктетіп, Жаңақорғанды әйгілей түсуші еді...
Расында Жаңақорған қашаннан тари­хи нысандарға бай өлке. Әрбір төбесі мен тасын түрте қалсаңыз тіл бітеді. Қаншама құпиясын ішке бүккен көне шаһар мен мәдени мұра көмбеде жатыр. Иә, бізде тамсана тамашалайтын, жалықпай көрікті жерлерді аралайтын орын жеткілікті. Сан ғасырдан сыр шертетін тарихи, мәдени ескерткіштер тағы бар. Ең басты мәселе – осындай тұмса табиғатқа, тарихи таңғажайыпқа құмар шетелдік туристерді қызықтыра отырып, тарлан тариғымызды әлем елдеріне паш ету. 
15 қараша 2020 ж. 691 0