Бізде ақылы жолдың бағасы қанша?
Жоғарыда Шымкенттен Қызылордаға дейінгі бағыттағы ақыны айттық. Енді Жаңақорғанның Түркістанмен шекарасынан бастап, облыс орталығына кіре беріске дейінгі ақылы жол қанша болатынына тоқталсақ.
– Жалпы ақылы жолдар әлем елдерінің тәжірибесінде бар. Біздің елге енді ғана келді. Көліктерден түскен ақша жолды күтіп ұстауға жұмсалады. Жол салынғаннан кейін асфальттан бөлек жол бойындағы белгілерге қыруар қаржы кетеді. Осы ақшаны үнемдеу мақсатында іске асып отырған дүние. Қазіргі уақытта аралық бақылау бекеті Түркістан мен Жаңақорғанның шекарасында, Сунақата ауылдық округінің тұсында, Бәйгеқұм ауылы тұсында және Қызылорда қаласына кіре берісте орналасқан. Көліктер осы бекеттерден өткенде бейнебақылауға түсіп, автоматты түрде жүрген жолының қашықтығы шығып, ақысы есептелінеді, – дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компания АО ның Қызылорда облысы бойынша пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Нұрлыбек Үсенов.
Маманның айтуынша, жеңіл көліктер шақырымына 1 теңгеден, ал, автобустар мен ауыр жүк көліктері салмағына қарай шақырымына 5 теңге мен 25 теңге аралығында төлейді. Егер жүргізуші ақылы жол жүру ақысын бір апта ішінде төлемесе жеке тұлға 5 АЕК (яғни 2917×5=14585 теңге) көлемінде, заңды тұлға 10 АЕК (29170 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
«Таяқтың екі ұшы болады», демекші бұл бастама бюджетке пайда түсіргенімен, қарапайым халықты қуанта қоймаған сияқты. Осы ретте тұрғындар пікіріне кезек берсек.
– Мен ауыр жүк көлігінің жүргізушісімін. Өздеріңізге белгілі, облыстағы кез-келген құрылыстың іргетасы Қаратаудың тасымен салынады. Біз соны облыстың түпкір-түкпіріне тасымалдаймыз. Орта есеппен қарасақ ауданнан Қызылордаға дейін барып қайту 6000 теңгеден асып кетпесе, кем түспейді. Бұл соманы төлеу бізге қиынға соғуда. Өйткені біз тауарға мұндай ақшаны бірден қосып қымбаттата алмаймыз. Оны халықтың қалтасы көтермейді, – дейді кент тұрғыны Бағлан Серікқалиев.
– Ұлы Жібек Жолын жаңғыртып, жаңадан тынысын кеңейткен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының оңайлықпен салынбағанын білеміз. Оның бойындағы белгілер мен жолақтарды жаңарту да үлкен қаражат. Дегенмен ақылы жолды алдымен аздау сомамен қосқаны дұрыс еді. Өйткені қазіргі қымбатшылық уақытта бұндай қаржыны жолдан нәпақасын тауып жүрген азаматтарға төлеу өте қиын, – дейді жүк көлігінің жүргізушісі Қуаныш Жолтаев.
Жүргізушілермен тілдесуден ұққаным, өзгесін қайдам, біздің ауданның тұрғындары бұл жаңашылдыққа дайын еместей көрінді.
Айсұлу АЛДАНАЗАР