№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ақылы жол тиімді ме?

Ақылы жол тиімді ме?


Жол – стратегиялық маңызы зор капитал. Еуразия құрлығындағы алып империялардың құлдырауына халықаралық маңызды жолдарда қатынастың азаюы себеп болды. Мәселен, Ұлық Ұлыстың тарихын зерттеушілер Ұлы Жібек жолының тоқтауымен байланыстырып жүр. Иә, кешегі керуен жолдары – бүгінгі жүк көліктері тізбектей тізіліп көш түзейтін халықаралық жолдар табыстың көзіне айналды. Бұл санатқа «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолын әбден жатқызуға болады. Бұл жол арқылы күніне жүздеген, мыңдаған көліктер батыстан шығысқа, шығыстан батысқа ағылып жатады. Осы ағылған көліктерден қаржы түсіруге болады. Мәселен, «Астана – Щучинск» жолы арқылы соңғы төрт жылда 4 млрд теңге қаржы қазынаға түсті.

Жол қашанда экономиканың, тіршіліктің қайнар көзі іспетті. Жол құрылысына әдетте көп қаржы жұмсалады. Ал оны күтіп, ұстау да оңай емес. Оған да қомақты қаржы керек. Бұл мақсатта бюджеттен қаржы шығынын азайтудың бір тәсілі – жолды ақылы ету.
Осы бағыттағы жұмыстар «Арман» мәдениет үйінде «Самара-Шымкент» автожолында зият­керлік көліктік жүйе элементтері бар төлем қабылдау жүйесін енгізу туралы қоғамдық тыңдауда талқыланды.
Онда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқармасының өкілдері Санжар Қасымханұлы, Берік Сәнсенов және аудан әкімінің орынбасары Ердулла Сұлтанбеков пен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесуде «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында атқарылатын істер сараланды. Яғни ақылы жүйені енгізудің мақсаты мен артықшылығы, төлем қабылдау жүйесінің жұмысы және төлем жасаудың түрлері, төлем мөлшерлемесі, төленетін сома мөлшерін есептеу және ақылы автомобиль жолдары туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама нормалары сөз болды.
Ел ағалары Ақылбек Жәнібеков, Үмбетәлі Абибуллаев, Әбдіхан Шайықов, Жақсылық Әбішовтер және шетелдік көліктер қанша теңге төлейтінін, аудан тұрғындары көрші облыстарға барып-қайтқан сайын төлей ме, әлде жылына бір-ақ рет төлей ме, осы секілді сұрақтарға жауап іздеді.
Қоғамдық тыңдауда белгілі болғандай, аудан тұрғындары күре жол торабына жылына бір рет 1000 теңге төлейді. Бұл Қызылорда облысы аумағында қатынайтын жолаушыларға қатысты. Ал, егер Алматы қаласына баратын болса, Жамбыл облысының аумағынан бастап әр шақырымға ақы төлейді. Қызылорда және Ақтөбе облысы аумағында жүру тегін. Өйткені екінші техникалық санатты жолға жатады.
Айта кететіні, Қызылорда облысында Самара-Шымкент халықаралық жолында 9 бақылау аркасы (ашық жүйе) бар. Соның біреуі – Жаңақорған ауданының Сунақата елді-мекенінің тұсында орнатылды. Бұл жүйе өте қолайлы. Көліктің нөмірі арқылы барлық ақпарат беріліп отырады.
Жауапты мамандардың айтуынша, қаражат жолдың күтіміне жұмсалады. Жол сызықтарын сызу, шөп, қоқыс, қыс түссе қар тазалау және тағы басқа жұмыс күштері мен техникаға бағытталады. Жүргізуші ақша төлеп жолға шыққаннан кейін оған қолайсыздық тудырмауға жағдай істейтін болады.
Автожолдар ақысын төлеудің бірнеше тәсілі барын да айта кетейік. Бұл жерде әр адам өзіне ыңғайлысын таңдауға құқылы. Сонымен сараланған тариф бойынша QIWI, Kassa 24, CyberPlat, Tenge, QIWI, Wooppay, Salempay электронды әмияндары, KazDriver қосымшасы немесе Beeline, Activ, Kcell ұялы телефондарының балансынан төлем жасауға мүмкіндік бар. Ұялы байланыс нөмірінен төлеу үшін 5505 нөміріне төлейтін ақша мөлшерін, мемлекеттік автомобиль нөмірін SMS-хабарлама арқылы жіберіп төлеуге болады. Ал егер мобильді қосымшалар немесе интернет арқылы онлайн төлеу ыңғайлы болса, Payway.kz, Интернет-банкинг, Kaspi bank, Халық банк, Сбербанк, Евразия банкі, Capital Bank Kazakhstan және АТФ банкінің мобильді қосымшасы арқылы төлем жібере аласыз.
Автокөлік ақылы жолдармен жүріп, төлем қабылдау пунктінен өтпесе немесе шотында қаражат жетпеген жағдайда төлеуге тиіс сомасы мемлекеттік нөмірге қарыз ретінде тіркеледі.
Осы орайда айта кететіні, 2022 жылға қарай Қазақстандағы ақылы жолдар мемлекет бюджетіне жылына 220 миллион доллар пайда әкеледі деп жоспарлануда. Бұл үшін мемлекетішілік және халықаралық бағыттағы 7 мың шақырым жолдың құрылысын аяқтауы тиіс. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Астана – Қарағанды», «Алматы – Талдықорған», «Астана – Жақсы», «Астана – Павлодар», «Қарағанды – Алматы», «Орал – Ақтөбе», «Петропавл – Щучье», «Ташкент – Шымкент» бағытындағы жол ақылы болмақ.

P.S.: Жалпы ақылы жолдар бюджетке жүктемені азайтуға, сервисті дамытуға автомагистральдің сапасын көтеруге, бәрінен бұрын, ортақ қазынаға қаржыны көптеп түсіруді қамтамасыз етеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойындағы Тараз, Түркістан сынды қалаларды дамытудың бір сыры – халықаралық жолмен жүретін жолаушыларға сервистік қызмет етіп, қомақты қаржы түсіруді көздейді. Демек Ұлы Жібек жолының ізімен құрылған халықаралық жолдан табыс табатын уақыт жақындай түсті.
Дегенмен бұл оймен келіспейтін азаматтар да жоқ емес. Олар ақылы жолдар халықтың тұрмыстық деңгейіне әсер етуі мүмкін дегенді алға тартып, ақылы жолдар тиімді ме деген сұраққа жауап беруді сұрайды...

Әсел РЗАЕВА
16 ақпан 2021 ж. 518 0