№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балаларға ойын алаңы қажет

Балаларға ойын алаңы қажет


Ипподром аймағында тұрамын. Кешкісін көлікпен орталыққа шықтық. Көшеде баланың қарасы көп. Бір жағы, қуанасың. Себебі ұялы байланыс құралына үңілгеннен ойнағаны жақсы. Екінші жағы, балаларды аяйсың. Неге десеңіз, құмарын қандырып ойнайтын алаңдар тапшы. Иә, солай! Бұған кент тұрғындары келісетін шығар...
Баланың көзқарасы қалыптасып, дүниетанымын жетілдіруде ойын негізгі құрал. Бала атаулы ойынмен өсіп, ойын арқылы бір-бірімен араласады, көпшілік ортасындағы өмірге үйренеді. Ал олсыз үйге тығылған баланы телефонмен ғана тыныштандыруға мәжбүрлік туады.
– Біз Саяжайда тұрамыз. Сөздің шыны керек, ауданның бір шеті ғой. Күн жылынса болды немерелерімді алып орталыққа серуендетіп қайтамыз. Әйтпесе, балалар мазасызданып, үйге сыймай кетеді. Парктегі ақылы балалар алаңы іске қосылмаған күнде стадион жақтағы ойын алаңына барамыз. Әрине күнде бара беруге мүмкіндік болмайды. Кейде уақыт тапшы, кейде көліктің ретін таппаймыз. Ал тұрмысы төмен отбасылардың балалары аптасына бір барғанға қуанады. Шыны керек, ойын алаңы – әр адамның балалық шағының бір бөлшегі. Жадыраған жаз мезгілінде балалардың ойын алаңы сәбилердің күміс күлкісінен жайнап тұрғанға не жетсін?! Сондықтан көше-көше болмаса да әр аумаққа бір-бір ойын алаңын салып берсе деген тілегіміз бар, – деді Әсия апа.
Әлбетте, бұл қалың бұқараның ортақ пікірі деуге болады. Əсіресе, жаздыгүні үй көрмей ойнайтын балалар шаршағанын білмейді. Тіпті, қараңғылық түссе де, үйлеріне барғысы келмейді. Сол себепті де балалар ойнайтын алаңдардың көп болғаны – балаға жасалған қамқорлықтың бірегейі. Осы тұста аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары Нұрбол Қосаевқа хабарластық.
– Биыл бізде ойын алаңдарына арнайы қаржы бөлінбеген. Бірақ, спорт алаңдары яғни жаттығу орталықтарына  бюджеттен 84 млн теңге бөлінді. Кент орталығы мен ауылдық округтерде қарастырылған, – дейді маман.
Естіген адамға 84 млн аз қаржы емес. Ойша жүгіртіп шықсақ, ауданның біраз бөлігіне жеткілікті секілді. Сонымен,  аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмут Рахымжановпен сөйлесіп, мән-жайды толығырақ білуге тырыстық.
– Аудандық бюджеттен 14 ауылдық округке тренажер құрылғылары орнатылды. Атап айтсақ, Манап, Қыраш, Келінтөбе, Байкенже, Кейден, Машбек, Сунақ ата, Шалқия, Төменарық, Жайылма сынды ауылдық округтерге орнатып, қаржысын игеріп қойды. Кент орталығында 7 ойын алаңы болса, оның бесеуі жөндеуден өтті. Ал, Ынтымақ пен Алтынсарын аймағында орналасқан спорт алаңдарында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ескірген құрылғыларды жаңартып, тағы керек деп табылғандарын әкеліп орнатып, газондарын жаңартып және балалар ойын алаңқайларын қоса орналастырып жатыр, – дейді бөлім басшысы.
Қош, жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Бірақ, бала қиялына қанат бітіретін ойындар балаларға кішкентай кезінен қоғаммен араласуды үйретеді және татулыққа тәрбиелейтінін ескерсек, қаншама балапандар дала кезіп жүр. Бұл біздің ғана емес, қарапайым халықтың пікірі. Әзірге санаулы ғана аймақта балалар ойын алаңы бар болса, өз алдына бір орталыққа айналып үлгерген Саяжай, МАИ бекеті, Қорғантоғай, Алтыкрант секілді шеткі аумақтарға қашан салынады? Бұл сұраққа кент әкімдігіне хабарласып, бас маман Қуаныш Нәрзілдаұлынан жауап алған едік.
– Жаңақорған кентінде 7 ойын алаңы бар. Оның бесеуіне 2020 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. 2021 жылы екі спорт алаңын күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Тағы екі спорт алаңы салынып жатыр. Бірақ, оны жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып, өздері салып жатыр. Негізі, бюджеттен арнайы ойын алаңына қаржы қарастырылмаған. 2022 жылға 4 ойын алаңы салу жоспарланып жатыр. Көпшіліктің сұранысы бойынша, Саяжай, МАИ бекеті, Жаңа ауыл және Қорғантоғай маңы деп болжап отыр. Алайда, бұл нақты емес, алда қоғамдық кеңеспен ақылдасып шешілетін дүние. Нақты биылғы жоспарда балалар ойын алаңын қалыптастыруға қаржы қаралған жоқ, – дейді бас маман.
Әлбетте, қуанышты жаңалықты естіген бойда Жастар ресурстық ортағының директоры Наурызбай Орынбасаровқа қоңырау шалдық.
– Ауданымыздағы өзекті мәселенің бірі – балалар ойың алаңы ғой. Қай жерге барсаң да көшенің бойында балалар жүгіріп ойнап жүреді. Кейде қатты өтіп жатқан көліктерді көргенде, әжептәуір алаңдап қалатынымыз жасырын емес. Сол себепті де, «Ипподром» аймағынан белгілі меценат Несібелі Жүсіпованың демеушілігімен үлкен ойын алаңы салынды. Қазір ол жер сәбилердің шат күлкісіне толып, балалар асыр салып ойнап жатыр. Одан кейін Алтынсарин аймағынан да салынып жатыр. Қазір аяқталуға жақын қалды. Көп ұзамай ол жерде балалардың алаңсыз ойнайтын мекеніне айналады деп сенеміз, – дейді Наурызбай Ерікұлы.
Игілікті істің қасынан табылған жанға Ипподром аумағының бүлдіршіндері дән риза. Осыған дейін ойнайтын орын таба алмай, үй-үйде отыратын балалар енді күндерін осы аумақта өткізіп жүр. Кішкентай балғындарға аталмыш алаңқайдың жазғы маусым қарсаңында қолданысқа берілгені де қуантып отыр.
Иә, арамызда Несібелі әпкеміз секілді қалталы азаматтар аз емес. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Соларға құлаққағыс болсын, бала ертеңгі елдің келешегі екенін ұмытпаған жөн. Бір ойын алаңын салып беруге әлеуеті жететін кәсіпкерлер де аз емес. Қазір көшеде доп қуалап, топыраққа аунап жүре беретін заман емес. Заманның ағыны өзгерді, талғамы артты. Сондықтан балалар ойын алаңын көбейтсек нұр үстіне нұр.
Әсел РЗАЕВА
21 қыркүйек 2021 ж. 870 0