№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Дәйексіз сөздің дәнегі дүбәра

Дәйексіз сөздің дәнегі дүбәра


Қазақ секілді қайыңдай қайырып, ақ пен қараны айырып айтар халық жоқ шығар, іштегі шер ірің болмай тұрғанда іркілмей түйінімен төгіп тастаған да дұрыс екен. Әйтпесе мәкүрік мәселе матала береді.
Жалпы, «жақсылыққа қуанбаған ағайын өлгеніңде өкінбес» деген, барды бағалап, жоққа сабыр сақтаған салқынқандылықпен сөз бастағым келді. Оған түрткі болған, тіпті толғақты тақырып болған мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев туралы түрлі алыпқашпа әңгіме еді. Қазір әлеуметтік желіде сыпсың сөз қаптап кетті. Кейде жиіркене, кейде күпірлік көзқарасқа қарның ашып, көңіл құлазиды. Құдды жала көмір сияқты: күйдірмесе де күйелейді, тәйірі, қара нар қайраткерге қара дақ салуға құмарпаз болып алдық. Бұл не сонда, демократия дүрбелеңі ме?


Бүгінде билікті жамандаған адам халықтық батырға айналып барады. Осы әдет түбі оңдырмайды. Жарыса жамандап жүрміз, келе-келе жер бетінде тәуір адам таппай қалатын түріміз бар. Мұсылман жұртында уәжап деген бар еді, ол да аяқасты болып кетті. Осылай олқы ой жетегімен жанын салып, жұртымен жұмылып, жұмыс жасаған адам өсекке жұтылып кете бере ме?
Кемшіліксіз кісі болмайды, ет пен сүйектен жаралған адам жаңылады, сүрінеді. Бұл табиғи процесс. Ол өмірлік сынақтан мен де, сен де өткенбіз. Туасы, көрген, естіген жәйттер көз шарасынан, құлақ құрышынан кете қоя ма, соны сабақтап, серпіліп жазғым келеді, ақиқатты ашқым келеді, ар-намысты қорғағым келеді.
Бүгінде бәрі білгіш заман емес пе, оқыстан ой тастайтын, кейде келеңсіз сөз саптайтын, тіпті мәселенің анық-қанығына бармай, адам нанғысыз небір сұмпайы оқиғаларды жарнамалап жіберетін жәйт жетерлік. Маған сол уайым. Себебі, тисе терекке, тимесе бұтаққа деген немқұрайлылық нышан шаң беріп, жазықсыздың жүрегін сыздатып, жанын ауыртқанды мақтаныш санап кеттік. Бұл трагедия! Мұны Жұмекенше айтсақ, «Жеңілдігі көбіктей, ауырлығы табыттай»!
Мен құдайға ғана құлмын, дегенмен жеңіл-желпіге жанаса салатын жағдайым жоқ, басқасын пендешілігім білсін. Сондықтан ештеңеден сескенгім жоқ.
Қазақта «Алашағым кетсе де, айташағым кетпесін» деген мәтел бар. Бұлай деуімнің байыбы: 1996 жылы «Жас алаш» газетінде тілші қызметінде жүрген кезімде Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшінің орны босады. Соған лайықты журналист іздей бастады. Сәтін салған шығар, таңдау маған тоқтапты.
Ол кезде Бердібек Сапарбаевтың Қызылорда облысына жаңадан әкім болған шағы. Аймақтың аты бар да, өңірдің өмірі тығырыққа тіреліп, күйі кері кетіп тұрған. Арал ауданы болашағы жоқ аудан қатарында болатын. Жұрт жүгін жинап, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе облыстарына, Алматы қаласына үдере көшіп жатты. Есі кеткен ел елең-алаң күйде. Мұндай мазасыз уақытта идеологияның игілігі керек. Халықтың құлазыған көңіліне басу айтар бәтуәлі ой ауадай қажет болды. Соған шама-шарқымша үлес қостым.
Бердібек Машбекұлы экономиканы да, ауыл шаруашылығы саласын да жедел дамытудың жолын тауып, облыста іс жүргізудің озық дәстүрін қалыптастыра бастады. Біртіндеп, елдің көші тоқтады. Аралға таза ауыз су барды, Кіші Аралды сақтап қалу ғасырлық жобасы (САРАТС) қолға алынды.
Қызылорда қаласының Бас жоспары кеңейіп, шаһарға шырай кірді. Республикада тұңғыш рет Қызылордаға Арнайы экономикалық аймақ мәртебесі берілді. Міне, қысқа уақытта шашетек шаруаның тиегі осылай ағытылып, өсім мен өркендеу өркен жая бастады.
Көп уақыт өтпей Елбасы Бердібек Сапарбаевтың іскерлігін, табандылығын бағалап, Оңтүстік Қазақстан облысына әкім етіп тағайындады. Өйткені оңтүстіктің халі мүшкіл жағдайда еді. Жарық пен газ ажыратылып, қала қара түнекте қалған тұғын.
Қызылорда халқы онымен қимай қоштасты, тіпті шекараға дейін аяғынан тік тұрып шығарып салды. Әдетте ел ішінде жек көрген кісісінен кеткенше асығатын дәстүр бар. Әйткенмен бұл Жұбан Молдағалиевтың «Кеткен бастықтың жақсысы жоқ, келген бастықтың жаманы жоқ» дегеніндей болмады, ол «Құл жиналып, бас болмайды. Құм жиналып, тас болмайды» дегенді дәлелдеп кетті.
Көп әңгіменің бірі – Машбек Нәлібаевтың атындағы ауыл туралы болып тұр. Осы жерде ескінің есті әңгімесін айтсам артық болмас.
Қаратау бойында Мырзабай датқаның баласы Сапарбай болысты білмейтін ел кемде-кем. Тарихи Түркістанға төрелік еткен төбе би, тұғырлы тұлға болған. Сол болыс бірде Нәлібайдың шаңырағына түскен екен. Қазақ «би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» демей ме, міне, сол ниетке сай қадірлі қонақ болды. «Құтты қонақ келсе қой егіз табады» дегендей, дәл осы мезет отбасында ұл өмірге келді. Нәрестені етегіне орап Нәлібай болысқа әкелді де ат қоюды сұрайды.
– Құс жолындай қияларға самғасын, биік-биік белестерді жалғасын, – депті болыс сонда. Сол бала Сапарбай атанды. Ол - Машбектің әкесі. Ырымшыл халықпыз, Сапарбайдың бағы Бердібекке қонды деген сөз содан қалса керек.
Ал, Машбек Нәлібаевтың есімі елге несімен елеулі?
Кешегі ашаршылық заманда ел нан іздеп бет-бетімен кетті, дария бойын жайлаған ауылдар қаңырап бос қалды. 1966 жылы елге көшіп келген Машбек ата Задарья, Политотдел ауылдарын құру ісіне белсене қатысты. Баяғы көшкен елді қайта жинады. Сол ауылдар бүгінде бай шаруашылықтарға айналды, егін мен мал шаруашылығынан мол жетістікке жетті.
Ол қолынан кетпенін, аузынан иманын кетірмеген керемет кісі еді. Билікке де бармады, егін бригадирі ретінде өмірінің соңғы сәтіне дейін елге болсын деп өтті. Кіндігінен шыққан тоғыз перзентін белі қатаймаған бейкүнә шағынан бейнетке үйретіп, еңбектен ерінбеуді санасына мол сіңірген әке. Бибіш анамыз да құдайға қараған өте қарапайым, ертелі-кеш егістік басында жүрді, күрішші болды. «Біреудің ала жібін аттама, орынсыз даттама» дегеннен артық аузынан сөз шықпаған салиқалы да, сараман шеше тұғын. Ұл-қыздарының ұлағатқа ұйыған ұстынын осы тәлімді тәрбиенің тағылымы деп білген жөн.
Машбек ата ауылдың биі еді, ақылман атаны жақсылыққа араша, көптің қорғаны, халықтың қорғаны деп бағалады. Жанында Бексаба, Берден қажы секілді ел ақсақалдары жүрді. Өзі Әбдіжәлел бабты (Хорасан) пір тұтты, бес уақыт намазын қаза қылмады. Қазір қабірі сонда. Мәңгілікке дамылдап жатыр.
«Құрмет» орденінің иегері, еңбек және тыл ардагері Машбек Нәлібаевтың есімін мәңгі қалдыруды құптаған ауылдастары бірауыздан мақұлдап, жоғары жаққа ұсыныс берді. Ол жүзеге асты, бүгінде берекесі тасып, басыр деңгейге жеткен жоталы ауыл қатарында. Осындай белеске жеткен, тарихи жолдан өткен шағын ауылдан Бердібек шықты. Бұл соншалықты дабыра жасайтын дүрмек емес, керісінше, дәремет етудің дәнекері болу керек. Ауыл адамдары Машбекпен де, Бердібекпен де мақтанады.
Жалпы, қарапайымдылықтан қайраткерлікке жеткен деп Машбекті мойындауға тиіспін. Еңбек адамы бола тұрып, бір отбасының айналасында емес, елдік мақсаттарды шешуге атсалысуы абыздық жолы емес пе? Кешегі Құнанбай мықты болмаса Абай туылар ма еді? Машбек те солай, Бердібек аспаннан түскен жоқ.
Туасы, елімізде бес облысты басқарған, министр лауазымын атқарған, Үкіметтің басшылық құрамында болған тұлға некен-саяқ және оны тегін кісі дей алмаймын. Үнемі тіршілігі тоқыраған, тынысы тарылған аймаққа апаратын азамат талайлы сыннан бірде-бір рет сүрінген емес. Бұл – сенімге селкеу түсірмеген іскерлігін, ұйымдастырушылық қасиетін қанықтырса керек.
Мен көзім көрген көрініске куә ретінде барды бар деп айтқым келгені сондықтан. Жалпы, халық даналығынан үстем ештеңе жоқ.
«Бір нәрсені өзгерткің келсе – батыл бол. Қиын нәрсені өзгерткің келсе – сабырлы бол. Қай жерде батыл, қай жерде сабырлы болуды білу үшін - ақылды бол» дегені маған түрткі болды.
Ең бастысы, дәйексіз сөздің дәнегі дүбәра келеді.

Қаныбек АБДУОВ
27 шілде 2021 ж. 549 0