№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СЫЙЛЫ БОЛУДЫҢ СЫРЫ

СЫЙЛЫ БОЛУДЫҢ СЫРЫ


Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне тағайындалғанын сүйіншілегендер көп. Әлеуметтік желіде «дұрыс шешім» деп қуанды, қуаттады. Енді қордаланған күрделі мәселелер түйіні табылатынына ел сеніп отыр.
Әрине, іскер, еңбекқор, талапшыл менеджер қай жерде болмасын күрделі мәселелерді шешудің ұтымды жолын тауып, тың идеялар мен жобаларды жүзеге асырып, елдің ықыласына бөленетіні ақиқат...


2014 жыл. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Бердібек Сапарбаевты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындады. Шығыстағы ағайын әкімін әуежайға дейін шығарып салып, қимай-қимай қоштасқан еді.
2019 жыл. Бердібек Сапарбаев қайтадан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне бекітілді. Енді ақтөбеліктер әкіміне алғыс жаудырып, қимастықпен шығарып салды.
Саясаттанушылар мен журналистер «Сапарбаев сыйлы болудың жолын біледі», «Имидж жасаудың шебері» десті. Қалай болғанда да, ол қай жерде, қандай қызметте болмасын абырой биігінен түскен емес...
Б.Сапарбаев Қызылорда облысын сақтап қалуға себепкер бірден-бір тұлға. Шымкент қаласында электр жарығы қайта-қайта сөніп, көгілдір отыннан қиылған тұста мәселенің оң шешілуіне ықпал еттіп, іскерлігін көрсетті. Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде Лениннің ескерткішінің орнына Абайдың мүсін-ескерткішін тұғырға қондырып, батылдығымен ерекшеленді. Ақтөбе облысындағы қытай компаниялары мемлекеттік тілді құрметтесін дегенді талап етіп, елшілдігін дәлелдеді. Бәрінен бұрын, қай облысты басқарамасын халықпен етене жақын араласып, олардың мәселелерін дер кезінде шешуді басшылыққа алып, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін берді. Жаңа әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым жобаларды іске асырды.
Халықтың оған деген ықыласының негізгі сыры – қай аймаққа бармасын міндетті түрде тұрғындармен емін-еркін кездесіп, жақынындай әңгіме-дүкен құрып, мәселесін тыңдай білуінде жатыр.
– Жергілікті әкімдерге «маған осы ауылдан жолығамын, арызын айтамын деген адамдарға ешқандай кедергі жасамаңдар, есіктің алдында кесе-көлденең полиция тұрмасын» деген талап қоямын. Алақандай ауылға облыс әкімі келіп жатқан соң, жергілікті тұрғын басшыға жолығып, әңгімелесіп, арызын, өтінішін, өз ойларын айтып қалуы керек емес пе? Қайбір кезде бір ауылға барсам, екі аптадан бері ме, жоқ, бір айдан бері ме, әйтеуір, жарық жоқ. Әкім ол жағдайды білмейді де… Өзінің үйінде жарық бар. «Осы ауданда 11 жылдан бері әкім екенсіз, бұл қалай болды?» деп едім, жарытымды жауап бере алмады. Сосын айттым, «әкімнің үйінің жарығын қиыңдар» деп… Қиып тастап еді, ертеңінде жүгіріп жүріп ана ауылдың жарығын жағып берді, – депті бір сұхбатында.
Расында, оның жұмыс істеу тәсілі өте қарапайым. Халықпен жақын болып, мәселені өз көзіммен көріп, жұрттың пікірін құлағымен естімейінше жаны тыншымайды. Сондықтан кабинетте қамалып отырмай, халықты аралайды. Мәселені білген бойда бос уәде бермей, нақты шешімін табады. Әсіресе, Мемлекет басшысының халықшыл бағдарламаларын орындауда жүйелі жоспар құрып, тапсырманы сапалы орындауға күш салады. Содан болар, Президенттің ең қиын учаскелерді сеніп тапсыратыны...
Осыдан бірнеше жыл бұрын Өскемен қаласында өткен рухани-мәдени жиынға қатыстым. Сонда өскемендік жастар Бердібек Сапарбаевты мемлекет әрі қоғам қайраткері, ірі ұйымдастырушы ретінде мақтан тұтатынын білдім. Оның бастамаларын қазіргі басшыларымен салыстыруды әдетке айналдырыпты. Тіпті, қайсыбір басшының елге адалдығын, шыншылдығын, іскерлігін, уәдеге беріктігін салмақтағанда таразының бір басын да Сапарбаевты қояды екен. Халықтың шынайы ықыласы, құрметі деген осы болар.
Кеше Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII Съезінде: «Әкім тұрғындармен жылына бір рет емес, бірнеше рет кездесуі керек. Мұғалімдермен, дәрігерлермен кездесу керек. Жылына бір рет шығу деген болмау керек. Жиі кездесу қажет», – деп халыққа жақын болуды тапсырды.
...Сапарбаевтың тәжірибесіне ауыл-ауылдың әкімдері жіті мән беріп, меңгеріп, халықпен шынайы қарым-қатынасқа түссе, сыйлы болудың сырын түсінер еді. Міне, жерлес қайраткерден осыны үйренуіміз керек-ақ секілді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
03 наурыз 2019 ж. 1 209 0