№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Әттең...

Уақыттың үстемдігін қарашы, кеше ғана көз көрген кісілер бүгін келмеске кетіп жатыр. Алдымызға аға деп салып жүретін, жел өтінде желкен болып, қарсы бетте қасқайып тұратын қара нардай қанша азамат қазір арамызда жоқ.  Қара жер қойнына сыйдырып жатыр, тығыны тарылар емес. Опырған оқпан тәрізді орамы ұзын. Әттең...
Бір күндік бақыт үшін бет жыртысып қалатын, бір ауыз артық сөзі үшін теріс айналып кететін олақ кейпіміз опық жегізіп қояды. Бес тиын артық дүниені көтере алмай мастанамыз. Пендешілік-ай, пайым солай ғой. Жақсылықтан бұрын жамандыққа жанымыз үйір. Әйтпесе, алпыстағы адам арыз жазуға әуестеніп, жетпістегі шал жетесіз әңгіме айта ма? Әдемі қартаю қайда? Әттең...
 Қайран өмір, қызығы мен шыжығы мол жылдар бір сәттік ғана екен, өткен соң өкінсең де қайта оралмайды. Дүние жалған деген осы. Ескексіз қалған қанша қайық бар, олар да кезінде солай ойлаған шығар. Мүмкін. Біз тіріден гөрі өліге құрметіміз көп халықпыз. Тіпті жаназада жақсы адам еді дейміз. Онымен кімді алдып, онымен кімді жұбатып жүрміз? Ия, өмірде кім қалай болғанын тәңір таразысы өлшеп берер. Бірақ оны кеш түсінеміз. Әттең...
 Біздің мақсат басқа: бар мен жоқтың арасы. Немесе пендешілік ғұмырдың пернесі. Байлық пен билікке қызығудың бетбұрысы. Күпірлік болмасын, бүгінде билікке шамасы келген де, келмеген де жапатармағай жармасып жатыр. Жансақ ой қайда жетелеп жүргенін білмедім, әйтеуір қиялмен қияға қонғысы келетін көбейді. Бірақ бақ пен тақ таласқанның емес, жарасқанның жоралғысы. Әттең...   
Әрине, тарихтың беті көп. Керегіңді алсаң, қажетіңе жарайды. Кәделі нәрсе кемдік етпейді. Дала академигі Ыбырайдың әкесі Жақай  ақсақал ауылдан ұзап, Сарыарқаға көппен бірге сапарға шыққан баласына: “Өзін бір ойлап, өзгені екі ойлаған азамат – нағыз ер. Кеудеңде жан барда, адам атыңа дақ түсірме! Аштан өлсең өл, тек азғындап өлме, былғаныш өмірден адал ажал артық. Жолың болсын”, деген екен. Осындай тілекті баласына айта алатын,  сүйегі асыл, сөзі асыл сары тісті ақсақал азайып барады. Әттең...
Ұлы Абай «Асыл адам айнымас, бір бетінен қайрылмас» деген. Ал, Мұхаммед пайғамбар «Адамның ең жақсысы көпке пайда тигізген кісі» деген екен. Қандай керемет ойлар. Егер түсінуге ықыласты жан болса...
Әлемдік ұстаз Платонның «Ұлды тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» — дегені де еске түседі. Жақсы пікір, өмірлік ұстанымға айналса тіпті жақсы. Сонда деймін-ау,  жастық – жаңалық, қарттық – даналық  деген ұғым  айнымас еді. Әттең...
Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды. Қай заманның да қағидасы осы болу керек. Өнегені бір адамнан алуға болады, бірақ оны мың адамға жаратуға болады. Қазақтың «бір адам жаққан алауға мың адам жылынады» дегені осы.
Сөзден сөз туады ғой, қазақтың биі Әйтекенің әкесі Ораз баба әмірі әлем асқан Ақсақ Темірдің ұстазы болған ғой. Темір он жеті жасқа толғанда бата беріп, келешекте көреген боласың деп болашағын болжаған. Бірде Әмір:
– Ұстаз, мен жаулап алған Үргеніш, Жизақ, Самарқанның қайсысын астана етсем болады деп сұрайды.
–Жаздың ыстық кезінде үш қаладан үш қой алдыр, соны сойдырып, 10 күн қақтап қой, — дейді Ораз.
Осы айтқанды Темір бұлжытпай орындайды. Сонда Үргеніш пен Жизақтан әкелінген қой аптапқа шыдас бермей, Самарқанның қойы ғана бұзылмапты. Сөйтіп, Самарқан астана мәртебесін алған деседі.
Осылай билікке науқаншыл, ру-рудың әңгімесін емес, халықтық мәселе айтатын ұлы ұстаздар көп болса, шіркін. Әттең...
Көз көріп, құлақ естіп жүрген осы  жәйттер мені «әттең» дегізді. Айтпасқа да амалым жоқ...

Қаныбек ӘБДУОВ.
17 қазан 2019 ж. 1 066 0