№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шаңырақтың шайқалуына не себеп?

Шаңырақтың шайқалуына не себеп?

Қазақ халқы үшін кезінде сүйекке таңба саналатын отбасының ажырасу жағдайлары бүгінде  әдетке айналып кетті. Ата-бабаларымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаса керек. Отбасын құру өткінші сезімге бой алдыру емес, ол үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Бір қынжыларлығы, бүгін үйленіп, ертең ажырасып жататын жағдайға көзіміз үйреніп, көңіліміз түршікпейтін болды.
Ата-баба дәстүрінде ажырасу деген болып па еді? Қайтып келген қыз жаман деп, теріс әдеттен тыйған, әулет, ру, ел болып ортаға салып, пәтуаға келтіріп отырған.
Әулет үлкендері бүгінде бірінің ісіне бірі араласып ақыл айта қалса айыпты болып қалады.  Қыздың бетімен кетуіне де ата-ана кінәлі. Сәл нәрсеге ренжісіп қалса болғаны, ата-анасы басалқы болудың орнына «үйге кел, ішіме сыйған сыртыма да сияды» деп құлағын көтеріп тастайды. Шаңырақ көтермес бұрын, екі жас бір-бірін әбден танып, қыр-сырын біліп, ертеңгі күні жақсы отбасы бола аламыз-ау деген жағдайда ғана бас қосу керек.
Табиғаты екі бөлек еркек пен әйел бір-бірін түсінуі керек. Еркек мықты болғанымен әлсіз тұсы көп. Осындайда әйел адам оған күш беріп, қолдап отыруы керек. Ал, әйелдердің сұлулыққа құмарлығы, нәзіктігі, әдемілігі өзіне үнемі назар аудару керектігін қажет етеді, бұл Алладан дарыған қасиет. Осындай тұста ер адамдарымыз әйелдерді де бағалап отырса дұрыс болады. Бірақ, мұндай жағдайлар керісінше болып жатады, бір-бірін түсінгісі келмейді, өзімшілдік басым.
Атақты жазушы, психолог Доста­евский өзінің қанатты сөздерінде үйленетін адамдар бір-біріне бейімделіп, оларға шаңырақ құру үшін үлкен төзімділік, сабырлылық керек екенін айтып кеткен. Шын мәнінде, бір-бірінің кемшілігін беттеріне айтып, салғыласып жататын отбасылардың түтіні түзу шықпасы анық.
Сенесіздер ме, еліміз ажырасу деңгейі бойынша әлемде 10-орында тұр. 2019 жылы елімізде 917 мыңға жуық жұп некеге тұрса, жыл аяғына дейін ажырасу деңгейі 9,2 пайызға жеткен, яғни 45200 жұп ажырасқан. Ал 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында 15 мың неке тіркелген. Статистика елімізде некеге тіркелгендердің санынан неке бұзушылардың басым екенін көрсетіп тұр. Оның бірден-бір себебі – баспананың жоқтығы, соңғы кездері карантин жағдайында қаражаттың жетіспеуі де мәселені күрделендіре түсуде. Ал енді осыған дейінгі дерекке сүйенсек, көбіне тума-туыстардың, бауырларының араласуы жұбайлар ортасына жік салып, ажырасуға себеп болады екен: 61 пайыз – туыстарының араласуы; 41 пайыз – барлығына рұқсат ету; 36 пайыз – отбасылық құндылықтардың дағдарысы; 28 пайыз – эгоизм; 28 пайыз – әлеуметтік желілердің ықпалы. Ал жұбайлардың ажырасуына себеп болатын материалдық жағдай тек 1 пайызды ғана көрсетіп отыр. Психологтардың бұл зерттеуімен заңгерлер келісе қоймайды. Өйткені күнделікті тәжірибеден көріп жүргендей, алдарына келген жұптың ажырасуына ең бірінші себеп – тұрмыстың қиындығы, жалақының жоқтығы, жұмыссыздық. Алайда жағымды жаңалық та жоқ емес, карантинге қарамай елімізде 1152 жұп отбасын құрған. Ең қызығы, карантин уақытында некеге тұрғандар саны ажырасумен салыстырғанда екі есе көп екен.
Сондай-ақ, бұрынғы кезде отбасында басшылық рөлді еркек адам атқарған, ер адам үнемі түзде болып, әйел адам сол үйдің түтінін түтетіп отырған. Ал қазіргі таңда әйелдеріміз көп жағдайда қоғамда болсын, үйде болсын басшылықты қолға алып жүргені белгілі. Бұл да ажырасудың бір себебі. Әйел заты басшылықты қолына алып, үстемдік жасап отырғанда ер адам абдырап, іштей қорлана бастайды. Бұл оның табиғатына қайшы.
Статистикалық мәліметтер бой­ынша, жылдың басында он отбасы отау тіксе, соның жетеуі ажырасып үлгереді екен. Бұған бей-жай қарауға болмайды, бір шаралар қолдану керек. Мысалы, жоғалып бара жатқан үнді тайпаларында үйленіміз деген екі жасты қолдарына азық-түлік, киім-кешек бермей, жыртқыш аңдар мекендейтін ну орманға жібереді екен. Сол жерден барлық қиындықтардан аман шыққан жағдайда ғана үлкендер келісімдерін беріп, шаңырақ көтереді.
Біздің ата-бабаларымыз да ұл-қыздарына өте жақсы тәрбие бере білген. Ұлына болашақ әке ретінде, қызына болашақ ана ретінде қарап, үлкен өмірге бейімдеген. Сондықтан әрбір ата-ана өз баласына дұрыс қарап, болашағын бесіктен бастаған жөн.
Әйел таңдау кез келген ер азаматтың басына түсетін іс. «Жақсы әйел алғанның үйінен ырыс кетпейді, жаман әйел алғанның үйінен ұрыс кетпейді» дегенді бұрынғылар бекер айтпаса керек. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда өзіңмен бірге болып, тұрмыс кешетін, ұрпағыңды өсіретін отанасы және отбасының тірегі бола білетін отағасын таңдау оңайға түспейді. Сондықтан да ертеңгі күні өкініп қалмас үшін, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін жастарымыз көбейіп жатса, еліміздің ертеңі еңселі болатыны сөзсіз.
Әсел Рзаева
31 наурыз 2021 ж. 524 0