№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ерлі-зайыптылардың ажырасуы не сән?

Ерлі-зайыптылардың ажырасуы не сән?

Отбасы құндылықтарының рухани-өнегелі негіздері өзгерді. Ердің бойындағы жауапкершілік, әйелінің бойындағы мейірбандық қасиеттері төмендеді. Оған бір ғана мысал – ажырасу белен алды. Тіпті ұлттық трагедияға айналды.


Жыл өткен сайын ажырасу фактісі артып келеді. Статистикаға сенсек, Қазақстанда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталса, оның 83 процентінде ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бар. Бұл – 2019 жылғы дерек. Ал 2018 жылы Қазақстанда 40 мыңнан астам ажырасқан.
Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған дерек­терге қарағанда, соңғы он жылдықта 1,5 миллион қазақстандық некесін қиған. Осы уақыт ішінде жарты миллионнан астамы ажырасып кеткен. Британдық «The Economist» басылымының зерт­теуінше, әлемде ажырасу көрсеткіші бойынша 10-шы орындамыз.
Жаңақорған ауданында да ажы­расу саны артып келеді. Әсіресе, соңғы 5 жылдың мәліметіне сүйенсек, ұябұзардың әрекетінен ұяласың. Ажырасудың басты себебі неде? Қос жүректі қайта қосуға бола ма? Ер мен әйел нені ескеруі қажет? Осы сұрақтарға тиісті мамандардан сұраған едік.
Алдымен қолұстасқан жастардың некесін заңды түрде тіркеп, қолына неке куәлігін табыстап жүрген азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінің меңге­рушісі Гүлнар Абдуллавадан мән-жайды білдік.
– Өткен жылы 108 неке куәләгі табысталды. Биыл жыл басынан бері 31 неке тіркелді. Алайда араларында бала жоқ, бір немесе бірнеше ай ғана некелескен жастар өз өтінішімен некені қайта бұзғаны бар. Қос жастың алға тартатыны – көңілі жараспаған, – деді маман.
Арасында баласы мен ортақ дүние-мүлкі бар ерлі-зайыптылардың ажырасуы не сән? Қисынға келе бермейді. Отбасы берік болуында ер де, әйел де жауапты. Мұны аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Бибайым Нәлібаева айтты: «Ажырасудың негізгі себебі – жастардың арасындағы түсінбеушілік дау-жанжалға ұласады. Мұндайда жас келін өз орнын біліп, шаңырағы үшін кішірейгенді білмейді. Азаматтар да жауапкершілігін толық сезіне алмайды. Жалпы ажырасу фактісінің көбейгені, ұлттың болашағына көлеңке түсіретіні анық».
Отбасы – шағын мемлекет десек, жас отбасының іргесі берік болуы мемлекеттің өміршең болатынынан хабар бермей ме?! Өмірде келісу де, керісу де болады, адалдық пен әділетсіздік орын алмасып келетіні ақиқат. Бірақ өмірде кездесетін қиындықтар ажырасуға себеп болса, мемлекеттік мүддеміз баянды болатынына күмәнмен қарауға болады. Әсіресе 4-5 баласы бар отбасылар ажырасқанын көріп, қатты қынжыласыз.
Бұған не себеп? «Ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды деген қағидасының әсері бар. Қазіргі қыздар үйдің шаруасына араласып өспейді. Сүт пісіріп, ас дайындай алмайтын келін ортаға қалай сіңіседі? Шеге қағып, істің ебін білмейтін жігіттер қалай бәсекеге қабілетті болады? Қысқасы ебедейсіз қыз, қабілетсіз ер – берік отбасыны қалыптастыруы қиынның-қиыны. Мәселенің бір ұшы осында секілді. Мұны бірінші себеп деңіз.
Екінші себеп – бүгінгі адамдар тым есепшіл болып кетті. Әйел адамдардың арасында эгоцентристік, яғни қазақы түсінікке салғанда менмендік көзқарас басым екенін көруге болады. Мұндай көрініс ер адамдардың басында да бар.
Үшінші себеп – әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі. Қаланы айтпағанның өзінде ауылдық жерлерде жас отбасылардың үйі, жұмысы шешілмеген әлеуметтік мәселе. Оған той жасауға, құда күтуге жұмсаған кредиттің қарызын қосыңыз. Мұндай қиындықтарды жас отбасылардың бәрі еңсеруге қабілетсіз.
Төртінші себеп – қазір әке де, ана да тым балажан болып кетті. Ата-анасының қамқорлығында қиындық көрмей өскен жастар жаңа ортаға бейімделіп кетуі қиын болады. Өйткені ата-ана баланың өзін танып білуіне еш мүмкіндік қалдырмайды. Ал қиындық көрмей, тек қамқорлықта өскен бала үлкендерге құлақ аспай, тек өз қалауымен өмір сүргенді ұнатады.
Бесінші себеп – психологтар жастар ашылып сөйлесіп, бір-біріне сырларын айта бермейтінін алға тартады. Яғни бір-біріне сенім аз, ортақ мәселені ақылдасса шешу жоқ. Ал неке – ұзақ әңгімелесу, сырласу, ортақ мақсат құрумен баянды болады.
«Екі жастың ортасына есі кеткен түседі» дегендей, тұтанған дауға май шашқандай үшінші адамның араласуы да ажырасуға себеп болып жатады. Бұл да біздің қоғамда жиі кездесетін жағдай. «Атам мен енем күн көрсетпейді», «Қайын апаммен басым піспеді», «Абысыным көре алмады» деп уәж айтатындар да бар. Осындай отбасылық кикілжіңдер де ажырасуға әкеледі. Бірақ ажырасқаннан кейін бармағын тістейтіндер де жоқ емес.
Жақында редакцияға оқырманнан хат келді. Хат иесі 5 балалы Айжан Исаның басынан осындай ауыр нәубет өтіпті. Балаларымен төркін жағалап, панасыздық пен шарасыздықты көрген. «Күйеуіммен текке ажырасыппын. Балаларымды ойламаппын. Олар әкесін сағынып, көңілдері пәс болып кетті. Мұнда қаншалықты жағдай жасалса да, әкесінің кең құшағына жетпейді екен. Егер бәрін ұмытып, қайта қосылуға қадам жасаса, қайта қосылар едім», – деп өкінішін жазыпты.
Тарихшы Халел Арғынбаев «Қазақ халқындағы семья мен неке» тарихи-этнографиялық кітабында қазақ қоғамында ажырасу болғанын, алайда көп орын алмағанын, тіпті жесірін жылатпай, әмеңгерлік жолмен қайнысына отастырып отырғанын жазады.
Белгілі қаламгер Қаныбек Әбдуов қазақ қоғамында ажырасудың көп болмауының негізгі себебі – дала заңдары бойынша ер мен әйел ажырасқан жағдайда балалары әке­ сінде қалды.
Сенат депутаты Әли Бектаев ажырасқандарға баж салығын көбей­туді ұсынып жүр. Орынды ұсыныс. Бірақ баласына алиментін төлемей, қашып жүрген әкелер көп. Бұл қалай болады екен, ә?!
Қалай болғанда да, ажырасу фактісінің көбеюі – қоғамға келген үлкен қатер. Ерлі-зайыптының ажырасуынан үлкен әлеуметтік мәселе туындайтыны хақ. Бұл – бала тағдыры. Психологтар ажырасқан отбасының балалары тұйық, өзін керексіз сезінетінін айтады.
Қысқасы, «Мәңгілік Ел» боламыз десек, ажырасуды азайтудың жолын табу керек. Болмаса өркениет көшінде бағыт-бағдарамызды адасты­рып алуымыз бек мүмкін...

Мақпал МАРҚАБАЙ

07 сәуір 2020 ж. 955 0