№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ШАҢЫРАҚ ШАЙҚАЛМАС ҮШІН ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

ШАҢЫРАҚ ШАЙҚАЛМАС ҮШІН ҚАЙТПЕК КЕРЕК?



Жақында ҚР Қоғамдық даму министрлігі елдегі үйленген жұптардың үштен бірінің ажырасуы мен бұл үрдістің өсу мәселесенің алдын алу мақсатында кешенді зерделеу жұмысын жүргізді. Нәтижесінде 2018 жылы республикада ажырасу деңгейі 1,8 пайызға өскенін анықтады. Мәселен, өткен жылы Қазақстанда 150 мың неке тіркеліп, 54 мың неке бұзылған. Өкініштісі, жұбы жараспаған жас отаулардың 80 процентінде ортақ бала бар.

Хош. Енді ерлік-зайыптылардың аудандағы ахуалына тоқталсақ. Біздегі жағдайда кісі қуанарлық емес. Соңғы жылдықта ажырасу проценті ұлғайған. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылы 482 неке тіркеліп, 94 неке бұзылған, 2017 жылы 519 неке тіркеліп, 88-нің жұбы жараспаған. Ал, 2018 жылы 498 неке тіркелген. Алайда 23,1 проценті некені бұзған. Бұл – 91 жұп. Әрине, статистикалық көрсеткішті санап шыққаннан жұптардың қайта жараспайтыны айқын. Десе де, бізді ойландыратыны қоғамдық мәселенің қай тұсынан кемшін кеттік? Кінә кімнен? Жылдан жылға ажырасудың саны неге ұлғайып бара жатыр? Міне, біз осының тереңіне үңілуге тырыстық. Сала мамандарын тыңдап, салдарымен емес, себебімен күресудің жолын сұрадық.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің бас маманы Гүлнар Абдуллаеваның пікірінше, ажырасу үрдісін қоғам болып қолға алу керек. Бұл мақсатта кент, ауылдық округтерде әйелдер кеңесі, ардагерлер кеңесі, жастар ісі мамандарымен бірлесе насихат жұмысын жүргізген дұрыс.
– Негізі аудандық әйелдер Кеңесі жанынан арнайы жұмысшы тобы құрылса. Жұмысшы топтың жұмыс жоспарын жасап, әрбір ауылдық округке жас отбасылармен жүздесу кестесін бекітсе игі. Жасыратыны жоқ, жас шамасы бойынша ажырасуға барып отырғандар 25-45 жас аралығындағы және отбасы құрғанына 5-15 жыл болған отбасылар. Жыл өткен сайын бала саны өсуіне қарай бала-шағаны қамтамасыз етуге шығын да көбейеді. Бірқатар отбасында ата-ана жұмыссыз, кейбірінің табыс көзі тек балаға берілетін жәрдемақы. Міне, осындай тағдыр тауқіметі кейде екі жастың шаңырағының шайқалуына себеп болып жатады, – дейді Гүлнар Абдуллаева.
Маманның айтуынша, кей жағдайда көп салмақ аналарға түседі. Баланы бағып-қағудан бөлек, тұрмысына талғажау болатын жұмыс тауып, бір мезгіл шаруамен айналысады. Алайда, мұндайда қолдау көрсетудің орнына тапқан теңгесіне ішімдік ішіп, үйдің берекесін қашыратын отағасыларда аз емес екен. Түптеп келгенде, шағын мемлекеттің шайқалуы – қос тарапқада байланысты. Бабадан келе жатқан құндылық ол ер – үйдің асыраушысы. Отбасын, бала-шағасын адал жолмен бағып, асырау. Отбасын жалпақ жұртқа жалтақтатпай, жылы шырай танытып, көңіл мен қарындарын тоқ қылу. Жұмыс жоқ деп үйде жатпай, түзде табаны тозып, тиын-тебен табуға барын салу. Десе де, мұны ой елегінен өткізетін кісі болмағандықтан жұптар жарасымын таппай, екі айырылып жатады.
Сондай-ақ тақырыпты зертеу барысында аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Бибайым Нәлібаеваның есігін қақтық. Неке бұзуға ниетті жандар талап-арызды сотқа жазатыны белгілі. Алдына келгенің бәрін ажыратуға емес, керісінше татуластыруға жұмыс жасап жүрген сот қызметкерлерінен өзекті мәселе жайлы пікірін тыңдадық. Кеңсе меңгерушісінің айтуынша, өткен жылы аудандық сотқа неке бұзу жөнінде 124 арыз түскен. Оның ішінде, 13 ерлі-зайыпты медиация бойынша қайта татуласқан. Төртеуін қараусыз қалдырса, 11-і өздерінің талаптарынан бас тартқан.
– Өткен жылы сот бойынша ажырасқан 84 отбасының 71-нің арасында 18-ге толмаған балалары бар. Бұл балаға психологиялық ауыртпалық түсіретіні ақиқат. Өйткені, есін білетін есті ұл-қыздың алдағы өміріне ауыр соққы. Енді сотқа арыз берудің себебіне тоқталсақ. Бірінші кезекте, жұмыссыздық жайы. Екіншіден, отағасының ұрып-соғуы. Яғни, ішіп келіп, қол көтеру – бұл әліде өзекті мәселе. Үшіншіден, жастар қауымында орынсыз қызғаншақтықтың кесірінен кикілжің туып жатады. Оған смартфонның кесірі бар. Кейбір жігітағасы үндемей жүріп, телефонмен талай келіншектің көңілін аулап жүретіні жасырын емес, – дейді Бибайым Нәлібаева.
Сонымен қатар, көбіне екеуара мінездердің үйлеспеуі де өзіндік мәселе тудырады екен. Үйленгенге дейін білінбеген ерлі-зайыптылар арасындағы оғаш қылықтар уақыт өте, айқындалып жатады. Бірінің алдында бірі кішіреймей өз дегендерін алға тартуы-шаңырақтың шайқалуына жол ашады. Кеше ғана «күйдім, сүйдім» деп үйленіп, неке қиып, Алланың алдында ант суын ішкен жастар уақыт өте жараспай жатады. Бұл сот маманының салмақты пікірі.

МЕДИАЦИЯ –
МӘМІЛЕ АЛАҢЫ

Астын сызып тұрып, айта кетерлігі, бүгінде жастардан гөрі бала-шағасы ер жетіп, судай сіңгеннен сәтте, сеңдей шайқалатын шаңырақтардың басым екенін байқадық. Тараптардың пікірінен ұққанымыз мынау: Мінезі жараспапты. Көзіне шөп салыпты. Күйеу бала әйелінен гөрі арақты жақсы көреді екен. Жүрісі көбейіпті-мыс деген секілді себептер сағыздай созыла береді. Осы тұста, бұрнағы бабалардың алқа билік сотын жандандырып жүрген кәсіби медиаторлардың да орны ерек. Мәселен, өткен жылы аудандық сотқа неке бұзуға ниеттенген 13 отбасының қайта татуласуына дәнекер болған. Міне, сондай майталман медиатордың бірі – Орынкүл Өскенбаева. Өздеріңізге белгілі, бұл кісінің есімі аудандық әділет басқармасының АХАЖ бөлімінде ұзақ жылдарғы еңбегі сіңген кәсіби маман ретінде ел таниды. Жаңақорғандық қаншама жұптың некелесуінің куәсі болған Орынкүл Тоймырзақызы, бүгінде аудандық сот жанындағы «Бітім» медиация орталығында медиатор. Яғни, бұрындары өзі жарастырып, неке куәлігін табыстаған отбасыларды ендігі шаңырағының шайқалмауына мәмілеге шақыруда.
– Сыныққа сылтау іздегенге ажырасудың мың сан себебі бар. Дана қазақ «мінезі шайпау әйелден-ері, шатақшыл еркектен-әйелі безеді» дейді. Мұнан мінез-құлық пен ашудың дұшпан екенін байқаймыз. Отбасының босағасы берік, шаңырағы биік, мерейі үстем болуы үшін ер мен әйелге өзара сыйластық қажет. Міне, осы қасиет жетіспей жатады. Неке бұзуға қатысты сот өндірісіне дейінгі 10-15 істі қарадым. Кейде тараптарды мәмілеге шақырып, татуласуы үшін психолог болуға тура келеді. Шүкір, кәсіби медиатор ретінде жүктелген істен нәтиже шығарып, ерлі-зайыптылардың татуласуына дәнекер болып жүрміз. Мені, ойландыратыны немере сүйіп отырғандардың ажырасуға арыз беруі. Мұндай жағдайда қос тарапты мәмілеге шақыру қиынға соғады, – дейді Орынкүл Өскенбаева.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ. Бірде өсіп-өнген үлкен әулетте жүзге тарта жан бақытты да баянды һәм тату-тәтті өмір сүріпті. Сол елдің патшасы бұл әулет жайлы естігенде, қызығушылықпен арнайы барып үйдің үлкені абыз ақсақалға жолығыпты. Қариямен кездескенде патша: «Әулеттің тату-тәтті бейбітшілікте ұстап тұруыңыздың сыры неде»? – деп сұраған екен. Сонда қария біршама уақыт бір нәрсе шимайлап жазып патшаға ұсынады. Патша қараса, қағазда бар-жоғы бір-ақ сөз жазылыпты. Үсті-үстіне әбден шимайланып жазылған сөз «САБЫР» екен. Міне, бізге де кейде осы бес әріп жетіспей жатады. Бес әріп дейміз-ау, кез келгенге бұйыра бермейтін бақыт дерсін. Ашуға ерік берсең, сенен безетін де осы сабыр. Яғни, бұдан шығатын қорытынды «бірің ашулы болсаң, бірің басулы бол», ашуға емес, ақылға жеңдіріп, кешірімді болу. «Екі жақсы бас қосса, бірін-бірі ойлайды, екі жаман қосылса, отбасына сыймайды». Жас отаудың түтінінің түзу шығуы үшін тек қалыңдықтың жақсы болуы жеткіліксіз. Күйеу жігіт те қалыңдығына қамқор, отбасы жауапкершілігін бірге көтере білуі тиіс екен. Егер ер мен әйел өзіне тиісті болған міндеттерін дұрыс атқарып, бір-бірлерінің құқықтарына құрмет көрсетіп өмір сүретін болса отбасында келеңсіз жайттар туындамайды.
Не десекте, шаңырақтың шайқалуы – жеке адамдардың бұзылғандығының көрсеткіші секілді. Отбасы қорғалмаған қоғамның бейнесі: ішкіш әке, жесір әйел, жартыкеш жанұя болып тізбектеле береді. Отбасы ойран болса, ақырында қоғамның бірлігі ыдырайтыны даусыз. «Жарасымды отбасы болу үшін ғалым болудың не бай-дәулетті болудың қажеті жоқ. Тек имани ақылың, екеуара тұрақты түсіністігің, жаман мен жақсыны ажырата алатындай қабілетің болса болды» дейді, бұрнағы бабалар бүгінгі ұрпаққа. Біздің мақсат. Ерлі-зайыптылардан мін іздеу емес. Тек, шаңырақтың шайқалмауының шешу жолдарын қарастыру. Биік мінберлерде «Отан отбасынан басталады» деген ұранды жиі айтамыз. Олай болса, шағын отбасын да тыныштық салтанат құрса, Отанымыздың да іргесі мығым болмағы сөзсіз.

Әбдісамат ӘбДІШ.
20 ақпан 2019 ж. 920 0