» » Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш

Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш

Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық улгісі. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік дағдысын жаңғырту маңызды іс. Қай заманда да қазақ сөзге тоқтаған, қара қылды қақ жарып айтқан билердің сөзін аяқасты етпей, ымыраға келіп, бейбіт тірлігін жалғастырған ел. Бір кездергі жер мен жесір дауы, барымта мен қарымта дауы ел ішіндегі от ауызды, орақ тілді шешендер мен данагөй ақсақалдардың араласуымен әділ шешімін тауып отырған. Сол ұлы дәстүр бүгінде заңнамаға еніп, өмірімізге қайта келуде. Түптеп келгенде мұның барлығы қазақтың қадыр-қасиетінің ең биік, асыл қазынасы.

Кезінде иісі қазақ халқына әділ төрелігін айтқан Төле би де хан-болыстардың атақ-мансабына емес, қара халықтың әділ бағасына бет бұрғаны белгілі. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген даналық сол дәуірлерден дәріптеліп келеді. Расында, өмір сан-қилы соқпаққа тіреп қояды ғой, содан сабақ алып, жіберген қателігін мойындап, кешірім сұрап келген жанның қатесін кешпеу үлкен қателік болады.
Шетелдердегі сот саласында бұл тәжірибенің қолданылу аясы кең. Өйткені олар бұл жүйені ертерек енгізіп қойған. Көптеген даулы істер сотқа жетпей осындай бітімгершілік жолмен шешіп отырған мемлекеттер жетерлік. Мәселен, Америкада істердің 95 проценті, Англияда 87 процентке жуығы осы жолмен түйінделіп, нүктесі қойылып келеді. Сондықтан да мұндай бітімгершілік тәжірибе біздің еліміздің азаматтарына да көп істерді уақыт созбай, жүйке тоздырмай бітірулеріне көмектеседі.
Мәселенің ақ-қарасын анықтау-
да сот пен медиация арасында айырмашылық көп. Сот туындаған дауды заң тұрғысынан қарайды. Ал, бітімгершілік туралы заңда екі тараптың мүддесі көзделіп, шешім шығарылады. Оның үстіне сотқа шағымданушы уақыттан ұтылады. Екі жақты дау-жанжалды сотқа жеткізбей нүкте қою тараптарды эмоциялық күйзелістен сақтайды. Аталмыш заң өз кезегінде соттар мен прокурорлардың мойнындағы жүктемені азайтып, сапалы сот шешімдерінің көбеюіне және бюджет қаражатын үнемдеуге, сонымен бірге қарапайым халықтың сот жүйесіне сенімділігін әкелері
сөзсіз.
Сот көпшілік алдында өтсе, медиация көпшілікке жария етіле бермейді. Медиация – қарапайым тілмен айтқанда, дауды шешудің бітімгершілік институты халқымыздың билік дәстүрінде бағзы замандардан бар ұғым. Бітімгершілік тәсілінің қазақ тарихында бұрын да пайдаланылғанын ескерсек, медиацияның дауларды балама шешудің өте жеңіл нысаны екені айқын. Ол – Қазақстан Республикасында жеке және заңды тұлғаларға қатысты азаматтық, еңбек және отбасылық т.б. өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларда қолданылады.
Жаңақорған ауданында ұсақ-түйек істер өте көп. Келіп түскен әсіресе азаматтық істердің көбісі сотқа жолдауға келмейтін арыз-шағымдар. Жыл басынан бері қаншама арыз келді, соның ішінде отбасылық кикілжіңдер, қарыз алу, балағаттау сынды шағымдар өте көп. Осыдан-ақ қоғамның ұсақталып бара жатқанын көру қиын емес. Сондықтан әсіресе ер-азаматтарымыз істі сот былай тұрсын, медиацияға жеткізбей шешіп тастауына болады ғой. Қазір билер кеңесі құрылды, елге сыйлы ел ағалары соның мүшелері. Алдымен солармен ақылдасып, жол көрсетуін өтінген жөн болар.
Қорыта айтқанда, құрметті жерлестер, азаматтар қазір заман ағымы жылдам өзгеріп барады. Бәсекеге қабылетті болудың жолында еңбектеніп келеміз, сол жолда болмайтын мәселелерге май-шаммен қарап, істі күрделендіріп алудың керегі мүлдем жоқ деп ойлаймын.

Эльдар РЫСКУЛОВ,
аудандық соттың судьясы
28 қараша 2020 ж. 2 952 0