МЕДИАЦИЯ ТУРАЛЫ ЗАҢ – БИЛЕР БИЛІГІНІҢ ЖАЛҒАСЫ!
Медиация сөзі «mediare», латын тілінен аударғанда, делдалдық ету, яғни тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деп түсіну абзал. Медиация – үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың, яғни медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең құқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады.
Сондай-ақ медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, жүргізу қағидаттары мен рәсімін және медиатордың мәртебесін айқындайды.
Сондай-ақ медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, жүргізу қағидаттары мен рәсімін және медиатордың мәртебесін айқындайды.

Дала билігінің дара тұлғалары –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтауға баса назар аударған. Яғни, қолданысқа енген Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы аты бөлек болғанымен қазақ құқығы үшін жат дүние емес. Бұл «алдыңа келсе атаңның да құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған дарабоз билердің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы деп есептеймін.
Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Қылмыстық істерді қарау аясында тараптар келісімге келгеннен кейін іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады. Ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша жәбірленушіге айыпталушы жақ келтірген залалдың орнын толтыру туралы екі жақты келісімге келетін болса, қылмыстық іс қысқартылады.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен қолға алынуы құптарлық жайт. Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды.
Алма Оразбаева
Жаңақорған аудандық
сотының бас маманы
сот отырысының хатшысы