№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Той уақытылы басталуымен құнды...

Той уақытылы басталуымен құнды...


Жыл басынан бері «Жаңақорған тынысы» газеті аудандық ішкі саясат бөлімімен бірлесе той мәдениетін арттырып, тойды уақытылы бастауға байланысты идеяны көтеруде. Бұған ел ағалары үн қосып, той төңірегінде түйдек-түйдек ойларын ортаға салып, қоғамдық пікір туғызды. Қазір ауданда тойға байланысты қызу пікір-талас өрбуде. Тіпті, мейрамханаларда тойды уақытылы бастау жөнінде талаптар қойыла бастады. Сондықтан, ел ағаларын төл басылымның «Көзқарас» алаңына жинап, пікір-пайымын біліп, той төңірегінде түйінді шешімге келуге тырыстық.

Әбілғазы ТӨЛЕГЕНОВ,
аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Өздеріңізге белгілі «Жаңақорған тынысы» газетінің бастамасымен ауданда той өткізу мәдениетін қалыптастыру жөнінде бірнеше мәрте тақырыптар көтеріліп, той төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Әсіресе, ысырапшылдық пен той мәдениетін қалай қалыптастыруға болатынын айтып, тойдағы тәрбиемізге жат қылықтардан арылуға шақырды. Мәселен, Серік Мұсабаевтың «Тойған ел тойшыл келеді», Мұзарап Махмутовтың «Той – қуаныш, той – бірлік...», Дәрібай Айдарбековтың «Қазақтың тойы: талғам мен тағлым таразысы», Зада Исаеваның «Той бәсеке алаңы болмасын» мақаласы жарық көрді. Көтерілген мәселелерді жүзеге асыру тетігін табу мақсатында өздеріңіздің бастарыңызды қосып, талқылауды жөн көрдік. Біздің тойды шектеуге немесе біреудің қызықшылығын бұзуға ниетіміз жоқ. Тек тойды уақытылы бастау жөнінде үндеу тастасақ дейміз...

Зинабдин ШЕРМАҒАМБЕТОВ, ел ағасы:

– Көрші тұрған Түркістан қаласы тойды түнгі 23.00-ге дейін тоқтатуды қолға алды. Біз де осыдан үлгі алуымыз керек. Ол үшін тойды ерте бастау маңызды. Біздің ауданда той кешкі 22.00-ден кейін басталады. Сосын қалай 24.00-де аяқталсын. Міне, бірінші кезекте уақытылы басталуды жөнге келтіру керек. Бұл жерде асабалардың да орны маңызды. Тойдың сәні – асаба. Олар да әр той жүргізген сайын халықты тойға уақытылы келуді насихаттап отырса, тойды даңғаза әуендер мен мәнсіз әзілдермен емес, адам жанына тыныштық сыйлайтын, адамға рухани азық болатын мән-мағынасы зор әндермен, мағыналы әңгімелермен өрбітсе. Бүгінде тойға барғанда шыңғырған дауыстан не естіп, не ішкенімізді ұмытып қаламыз. Тойға барып демалудың орнына шаршап қайтамыз. Осыны да жөнге қою керек сияқты. Беташар әр шаңырақтың өзінде өтсе. Сосын жас келінге сол әулеттің бесіктен белі шықпаған балаларына сәлем салдырудың қажеті қанша?..

Мәжит БАЛҚОЖАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары:

– Той – жастарды тәрбиелейтін орта. Онда аға буын мен ел ағалары жастарға өнеге болатын, тәрбиелік мәні зор қарекет көрсетуі орынды-ақ. Біз осыған дайынбыз ба? Мәселенің мәні осында. Сондықтан, қазақы тойдың формасын қайта жаңғырту жөнінде ойлануымыз керек.
Ал, тойға, кешігіп баратын қасиетіміз соншалықты бойымызға сіңген дәстүрге айналғандай. Өз кезегінде, кеш басталған тойда топтап-топтап тілек беріледі. Беймезгіл уақытта шаршаған тойшыл қауым тілек білдіргенен кейін жай-жайына кететінін көріп жүрміз. Ақыры аяғы жүздеген адамнан оншақты ғана адам тойды аяқтайтын кездер бар. Егер той ерте басталса, мұндай жағдай орын алмас еді...

Мұзарап МАХМУТҰЛЫ,
Жаңақорған кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Тәуба! Елде тыныштық болып, қуаныштың көбейгені жақсы. Көптің қуанышына қол сұғу ойда жоқ. Халық осыны түсінгені абзал. Біздің ойымыз – ысырапшылдықтан ада, жат қылықтардан аулақ, салт-дәстүрге сай тойды қалыптастыру. Енді бұл мәселені шешу үшін алдымен аудандағы сыйлы ақсақалдардың басын қосып, үлкен көлемде ауқымды деңгейде талқылауымыз керек. Әулетін артынан ерте алатын, елдің алдында жүрген ел ағалары той мәдениетін қалыптастыруды қолға алып, оны көпшілікке жеткізгені дұрыс. Өйткені, әр әулет өз қарияларының сөзін жерге тастамайды. Сондықтан, тойдың жастарды тәрбиелеудегі маңызын жан-жақты саралап, ортақ шешімге келуіміз қажет...

Сайдулла қажы ОМАРОВ,
ауданның бас имамы:

– «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте», – деген нақыл бар. Біреудің уақытын және өзіңнің уақытыңды алу – нағыз ұрының ісі. Сондықтан, бірінші кезекте тойдың өз уақытында басталуын және аяқталуын жолға қою керек. Екінші, тойдың өзіндік әдебін қалыптастыру маңызды. Үлкендерді үйге беташарға шақырып, тойханаға даңғаза қылмай шамамен жүз адамдық жастар тойын жасауға көшкен жөн. Сонда ғана ысырапшылдық азаяды. Ешкімге салмақ түспейді. Бір тойда асабаның жастарды шақырып алып, келінге сөз бергенін көрдім. Қазақта «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген сөз бар. Осындай олқылықтардың алдын алу қажет.

Әзия ҚЫСТАУБАЕВА,
аудан әкімінің отбасы және әйелдер ісі жөніндегі кеңесшісі:

– Жалпы, негізгі қызықшылық жастардікі. Бірақ жастардың тойын даңғаза қылып жіберудеміз. Бірінші, беташарды үйде жасап, әулеттің үлкендерінен сол жерде бата алу керек. Содан кейін тойханада жастардың тойы өткені дұрыс. Қазір біз қарызданып жүріп, несие алып жастардың тойын жасаймыз. Одан кейін ары қарай олардың өмірі қалай болады? Сол қарыздан құтылу үшін олардың қиналатыны анық. Сондықтан, аста төк ысырапшылдықтың алдын алып, жастарымыздың болшағын ойласақ мұндай бейберекетсіздікке жол бермес едік. Ең алдымен той өткізгелі отырған ата-ана осыны ойлауы керек. Сосын бүгінде неке куәлігінің құны қалмады. Үйленген жастарға неке куәлігін Мемлекеттік Рәміздер бар жерде салтанатты табыстап, шаңырақ көтерудің маңызы түсіндіріліп, жауапкершілікке шақыруды жолға қою керек секілді. Бұл – тойдағы жүзік тағу рәсімінен 100 есе артық құндылық болар еді.

Дәрібай АЙДАРБЕКОВ,
зейнеткер:

– Біз мына жерде тек тойдың басталуы мен аяқталуын айтудамыз. Ал, той мәдениеті қайда қалды? Біз өзі қандай той жасап жүрміз? Қазақы тойдың нышаны қалмады. Осы орайда, тойдың егесі – асаба. Тойдың жақсы өтуі асабаға байланысты. Сондықтан, мейілінше тойды мағыналы да мәнді өткізуге тырысу керек. Жастарға тәрбие беру маңызды. Олар бізден көргенін қайталайтыны анық. Бұл істі билік қолға алмайынша той мәдениеті қалыптаспайды, тәртіп орнамайды. Бұл жөнінде мен газетке көлемді мақала бердім...

Қуандық ҚАРАҚОЖАЕВ,
аудандық кәсіпкерлік
қауымдастығының төрағасы:

– Кез-келген кәсіпкер бірінші кезекте мол табыс табуды көздейді. Сондықтан олар тапсырыс берушінің талабын орындайды. Егер билік той өткізу уақытына шектеу қойса, той мәдениетін қалыптастырып, оны уақытпен өткізуді тойхана иелері қолдайды деп ойлаймын. Өйткені, оларға да жұмыстың түннің екінші жарымына дейін жалғаспай ерте біткені жақсы. Тойхана қызметкерлері асын уақытылы беріп, дастарханын жайып үлгереді. Бұл жерде тойға уақытылы бармайтын халық. Сондықтан алдағы уақытта тойдың уақыты белгіленіп, ол көпшіліктің құлағына жетсе, бұл жүзеге асатын шаруа деп ойлаймын.

Жәнібек СЫЗДЫҚОВ,
асаба:

– Асабалардан тойды мәнді де мағыналы өткізуді талап еткендеріңіз өте орынды. Өйткені, той асабаның басқаруымен қызықты болатыны рас-ақ. Алайда, көбіне бізге той иелері талап қояды. Біз сол талаптарды орындаймыз. Тіпті, кей тойларда бата беретін ақсақалдарды табу қиынға түседі. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ қарияларымыздың арасында бата бере алмайтындары да кездеседі. Осыны көрген жастардан қандай мәдениет күтеміз. Айта кететіні, қазір нарық заманы. Тұрғындар үнемдеу мақсатында үлкен тойдың алдында келіннің бетін аштырады. Әрине, әркім қалтасына қарай көсілетіні рас. Бірақ, той иелері әулетіндегі бала-шағаның атын тізбектеп, тойда барының да жоғының да есімін ататып, уақытты алып жататыны бар.

Анарбек БАЙМҰРАТОВ, медиатор:

– Бейберекет шашылған ысыраптың ешкімге әкелер пайдасы жоқ. Бұл мәселе ауданның төл газетінде көтеріліп жүргенін білеміз. Енді ардагерлерге арналған «Ардагерлей мерейі» басылымында ел ағалары, ақсақалдар тарапынан көтерілсе. Тойдың уақытылы басталуын қалыптастыру үшін тойхана иелері белгілі бір шектеулі уақыт қойғаны дұрыс сияқты. Сонымен қатар, жастармен жұмыс жасағаны абзал. Осындай басқосуларға жастарды да шақырып, қымбат көліктерді жалдап, қаражатты көкке ұшырудың қажетсіз екенін түсіндіруіміз керек. Қазір көлікпен шеруге шыққан жастардың баратын жері дарияның жағасы мен «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» тас жолы бойындағы алаң. Ол жерлерді шашып, жан-жағын қоқысқа толтырып кетеді. Міне, мәдениетсіздік. Жастардың бойында туған жерге деген жанашырлық, мәдениеттілік қалыптастырмай болмайды.

Уәли Ибрагимов,
асаба:

– Бүінгі жиын қашаннан көкейімізде жүрген мәселе еді. Той мәдениетін қалыптастыру – өте орынды, маңызды бастама. Осы кезекте үлкен көлемде семинар-кеңес өткізіп, оны халық арасында талқыға салу қажет. Тойдың қызықты, мәнді өтуі асабаға байланысты екені рас. Алайда, бізге көбіне той иесінің талаптарын орындауға тура келеді. Кей тойларда жиналған кісілер барлығымыз тілек айтамыз деп, тұрып алатындары да бар. Ал, тойханадағы асабаның даусының қатты шығып кететіні біздегі тойханаларда дыбыс сіңіретін акустиканың дұрыс еместігінен. Соның салдарынын дауыс жаңғырып шығады. Мәселен, сағат 18.00-де басталатын тойға тойдың егесінің өзі 19.00-де келеді. Ал, халық түнгі 22.00-де жиналады. Осыдан соң тойды қалай ерте аяқтаймыз? Міне, мәдениетсіздік осыдан басталады. Мүмкін шақыру билеттеріне тойға уақтылы келу керектігін ескертіп жазған дұрыс шығар.

Серік МҰСАБАЙ,
қоғам белсендісі:

– Аудан халқының басым бөлігі кент орталығында тұратыны белгілі. Сондықтан, біздің негізгі идеологиямыз, түп қазығымыз осы кент орталығында. Демек, жұмыстың басын кенттегі халыққа түсіндіруден бастағанымыз абзал. Ауыл халқының көбісі осы жердегі тойханаларға келіп той жасайды. Осы ретте, кент әкімдігі, жергілікті полиция, тойхана иелері үш жақты меморандумға отырғаны маңызды. Онда барлық талаптар қаралса деймін.

Серік БАҚЫТҰЛЫ,
жас кәсіпкер:

– Тойдың уақытылы басталып, уақытылы бітуі үшін тойхана егелері той уақытын белгілесе. Мәселен, үлкен қалаларда тойхананы сағатқа жалға береді. Белгіленген уақыттан асып кетсе, той жасап жатқан кісі тағы да қосымша ақша төлейді. Осы үрдіс бізге енсе, той уақытылы басталып, уақытылы бітер еді.


P.S.: Төл басылымның бас редакторы Нұрлат Байгенже пікір-талас алаңына жиналған қоғам белсенділерінің ойлары орынды екенін жеткізіп, той төңірегіндегі мәселелер әр жерден талқылаумен бітпейтінін айтты. Сондықтан, 14 ақпанда «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығында кәсіпкерлер, құзырлы мекеме қызметкерлері мен қоғам белсенділерін жинап, семинар өткізуді ұсынды. Ұсыныс қолдау тауып, сағат 11.00-де өткізу келісілді.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.

09 ақпан 2019 ж. 1 277 0