» » Шауеновтер шаңырағының жетінші перзенті Үміт

Шауеновтер шаңырағының жетінші перзенті Үміт

Тума талант, ерекше қабілетті баланың біріне Үмітті қосуға болады. Шауеновтер шаңырағының жетінші перзенті Үміт Жомартқызы биыл үшке толды. Балдай тәтті балдырғанның жасы кіші болса да, ойы озық, тілі тәтті. Өзінен үлкен әпкелерінің оқығанын лезде жаттап алады. Оның құймақұлақ қасиетін әуелі әжесі аңғарыпты.
– Баланың дарынды, зейінді болуы отбасындағы тәлімді тәрбиеге байланысты. Үміттің әкесі түзде ел үшін еңбек етіп жүргендіктен, бала тәрбиесін маған табыстаған. Бейнеттің зейнетін осы сегіз немереммен бірге көріп отырмын. Анасы болса, отбасы ошақ қасының шаруасынан босай бермейді. Аллаға шүкір, немерелерімнің барлығы да ерекше зейінді, Абай ақынның кітаптарынан бас алмай оқиды. Өлеңдерін жатқа айтады. Бірақ солардың бәрінен ерекшесі, мектепке де, балабақшаға да бармай-ақ, үйде жүріп Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқитын үш жасар Үмітіміз. Алғашында әпкелерінің жаттаған «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңін күмбірлеп айтып жүретін. Өзінің былдырлаған тілі ғой деп мән бермеуші едік. Кейіннен, отбасымызбен таң қалысып, әріп танымаса да жаттап алғанына қатты қуандық, – дейді сексеннің сеңгіріне шыққан Ұлмекен кейуана.
Дана қазақ «болар бала бесіктен» деген тәмсілді бекер айтпағаны анық. Біз кейіпкер еткен Үміт те кішкентайынан болмысы бөлек болған-ды. Анасының әлдиіне ғана балқып өскен жасөспірімнің өлең оқудан бөлек, мінезінің де өзіне тән ерекшелігі бар. Болмашыға бала болып алданбайтынды, өзгелер секілді ойынға құмар емес. Алаңсыз аңдығаны – әпкелері оқитын оқулықтағы суреттер мен әріптер. Мұны өз анасынан білдік. Қысқасы, біз вундеркинд санаған Үміттің көптен даралығы – естіген дүниені құлақпен тыңдап, лезде жаттап алуы. Бұған өзі жатқа айтатын Абай Құнанбаевтың өлеңдері дәлел.
– Үміт басқа балаларға қарағанда өз алдына дара. Дүние есігін ашпас бұрын, үлкен әжесі түс көріп, отбасымыздың үкілі үмітін ақтар перзент болсын деген ниетпен Үміт есімін қойдық. Атының да астарында біршама мән бар. Бұл – біздің отбасының келешек жарқын келбеті мен асқақ армандарының жалғасы іспеттес. Үкілі үмітіміз, – дейді баланы байлығына санайтын әкесі Жомарт Абибуллаұлы.
Рас Жомарт Шауеновтің шаңырағында жеті қыз, бір ұл өсіп келеді. Үлкені – Ерасыл мен Аяулым орыс тілі, ағылшын тілін жетік меңгеруге мән берген. Аягөзі қара сөзден жауһар жыр теріп, қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен. Хамар сұлу және Бегім сұлулар поэзияға жақын. Ұлданай мен Үміт қылықты қыздар. Ең бастысы, барлығы Абайдың өлеңдерін жатқа біледі. Бұл – әке тәрбиесінің қазақи танымында болуына әсер ететіндей.
Біз балалар мерекесі қарсаңында шаттыққа толы Шауеновтер шаңырағының үкілеген үмітінің жалғасы болған үш жасар Үміттің балдай тәтті тілегіне куә болдық. Лайым, қасиеті мен өсиеті дарыған қазақтың әр отбасында Абай жырлары осылайша ұлықталып, өскелең ұрпаққа өнеге етілсе игі...

Ханзада ДОШАН
02 маусым 2020 ж. 1 180 0