«Вундеркинд» қайдан шығады?
Данышпан бала қайдан шығады? Интеллектуалдылық текпен келген қасиет пе? Әлде өскен ортаның әсерінен қалыптаса ма? Міне, осындай маңызды сауалдарға жауап іздеп, кент орталығындағы балабақшаларға бардық.

Болар бала бесіктен
Бұл тұста біздің де мақтана айтар жас өрендеріміз баршылық. Облыстық, республикалық түрлі додаларда аудан абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жас бүлдіршіндер қатарына Айлин Сәбитті де қосуға болады. Ол – менталды арифметиканы меңгерген, үш тілде шабыттана қара өлең оқитын, өте жылдам, абстрактілі ойлау қабілетіне ие.
Алты жасар ақылды қыз биыл «Жұбаныш-А» балабақшасынан түлеп ұшады. Үш жыл бойы қазақ, орыс, ағылшын алфавитін меңгерген жас талант қандай қиын есеп болса да, санаулы секундта ойлау мен саусақты қимылдату арқылы шешіп береді. Бүгінде алты жасар баланың қабілеті 10 жастағы жеткіншекпен бірдей. «Әліппе», «Сауат ашу», «Ана тілі», «Орыс тілі», «Ағылшын грамматикасы» сынды іліммен балабақшадан-ақ таныс болған дарындының мінезінен өжеттікті, ашықтықты байқадық. Яғни, психологиялық ойлау жүйесі мен жан-жақтылығы ерте дамыған.
–Айлин кішкентайынан зерек, зейінді болды. Ал, егізінің сыңары Раян оған қарағанда баяулау, момын бала болып өсті. Айлиннің жүрісі де, сөйлеуі де ерте дамыды. Оның ерекше қабілетін аңғарған соң, білікті балақшаға бердік. Нәтижесі, керемет. Қызымның деңгейі 3 сыныпты бітірген оқушыдан да жоғары деуге болады. Ендігі мақсат – дарынын шыңға жетелейтін озық білім ордасына беру, – дейді әжесі Қаракөз Қалқозова.
Қасиет – ана мен әкеден, ата тектен берілетін анық. Бір қызығы, Айлиннің атасы мен әкесі де математик болған. Әкесі Жасұлан Қалбергенов бүгінде алматылық фирмада «бухгалтерлік» жауапты қызмет атқаруда. Ал, немересін бауырына басып, өз қамқорлығына алған әжесі баланың ойлау жүйесінің жылдамдығын таныған соң, менталды арифметика курсына берген.
Ханзада ДОШАН.