№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 105 жастағы кейуананың ғибратты ғұмыры

105 жастағы кейуананың ғибратты ғұмыры

ХХ ғасырдағы аштық, қуғын-сүргін, алапат соғыстың қиындығын сезінген адамның бірі – Ақшайы Қоқажанова әжеміз. Біз жүз бестің жүзін көрген кейуананың ғибратты ғұмырын әңгімеге арқау еттік.


Аудандағы ең үлкен қария Ақшайы Қоқажанова Қожакент ауылында тұрады. Ақсамайлы ана әлі де тың, бақуатты. Салихалы сұхбат бергенінен-ақ, ұлы мен келінінің мейірімі мен пейілінен кенде емес екенін аңғарасыз. «Апам, шаршап қалмасын» деген ықылас аңғарылады. Апамыз ауыл тарихына қанық, көп мағлұматты түртіп алуға мүмкіндік болды. Ғасырды артқа тастап, ел тарихымен бірге жасап жатқан ана кешегі мен бүгіннің келбетін салыстыруға хақы бар, қойны кеніш көнекөз...
Әжеміз 1915 жылы 8 наурызда Төменарықта өмірге келді. Енді есті жиған кезі 1921-1922 жылдардағы ашаршылықпен тұспа-тұс келді. Аштықтан көз жаза бастаған кезде күштеп ұйымдастыру, колхоздастыру кезеңі келіп жетті. 19932-1933 жылғы аштыққа, 1937-1938 жылғы қуғын-сүргінге куә болды. 1991-1945 жылғы алапат соғыс, тылдағы еңбек. Бәрі-бәрін Ақшайы әжеміз көзбен көрді. Ортасында болды. Ауыртпалығын сезінді. Бейнетін белден кешті.
Мұның бәрі оны ерте есейтті. Еңбекке ерте араласып, жесір қалған анасына қолқанат болып, бауырларына қол жәрдем, сөз жәрдем етті. «Осы жігіт сені бақытты етеді, аш қалмайсың» деп 16 жасында 40 жастағы Ыбырайымға қосады. Сөйтіп, өрімдей жас қыз Ташкентте үлкен отбасына келін болып, өркен жайды.
Жас та болса, ақылды қыз ибалы келін болып, ата-ене бағып, отбасына сіңісуді, әулетке абыройлы болуды басты мұрат еткен-ді. Міне, осы берекелі некеден 9 ұрпақты өмірге әкеліп, оларды азамат етіп тәрбиеледі. Жолдасы соғыс ардагері болса, Ақшайы апа еңбек ардагері.
Соғыс жылдары дала еңбеккерлері сарбаздардан кем тер төкпегені анық. Себебі алып елдің халқын азық-түлікпен қамту үшін қыз-келіншектер білек сыбана еңбек етті. Сол зұлмат жылдары күріш егіп, дән бастыру жұмысын техника күшінсіз, аналар қолымен атқарды. Солардың қатарында күрішші Ақшайы Қоқажанованың ерен еңбегі бар. Тіпті қажырлы еңбегі үшін талай рет марапат мінберінен көрінді. «Алғыс хат» пен «Құрмет» грамоталары соның дәлелі.
Тоғыз перзентті дүниеге әкеліп, етек-жеңді жиып, енді ғана отбасы бақытын сезінген сәтте азаматы өмірден озып, шиеттей баланы асырау, бағып-қағу жүгі оның мойнына артылды. Ол кезде балаға жәрдемақы да төленбейді, не мардымды айлық та жоқ кез ғой. Асыл ана осыншама қиындықты қалай бір өзі арқалады? Тоғыз түгілі төрт баласын баға алмай отырған ер азаматтар қаншама? Біздің осы сауалымызға «Перзент – Құдай берген несібе, ырзық, береке-байлық. Әр баланың өз несібесі бар. Асырай алмаймын, баға алмаймын деп бұлдану ұятсыздық қой. Қарекет еткен ешқашан құр алақан болмайды. Балаларға ас табу үшін алақан жаюдан асқан сорақылық жоқ. Қазақ еш заманда қайыршы болмаған. Ағайын, әулетім бар, көрші қолаң жәрдемші болды. Ағайынгершілік асыл қасиеттен айнымасақ, жесірді де жетімді де елеусіз етпесек, қоғамда қайыршы қалмас еді», – дейді әзиз ана.
Бүгінде ғасырды артқа ысырып, 105 жасқа толып, 9 ұрпағынан 31 немере, 33 шөбере сүйіп, үлкен әулеттің әзиз анасы атанды. Әжесінің тәлімін алып, үнемі сырласып отыратын немересі Ақерке Бақытғалиқызы: «Әжеміз өте ақжарқын, балаларды өте жақсы көреді. Кішкентайымнан әжем еркелетіп, тәлімін сіңіріп келеді. Қызық хикаялар айтып, өткеннен сабақ алуға, келешекке жоспар құруда бағыт-бағдар көрсетеді», – дейді.
Балаларының бақытын тілеген әженің ұрпағы оқыған, білімді азаматтар. Елдің дамуы мен өркендеу жолында еңбек етуде. Бұл ұстаз, балабақша меңгерушісі, орманшы, сәулетші, мемлекет қызметшілері болып, өмірден өз орындарын тапқан.
Осындай алтын құрсақты аналардың тіршілігіне сүйсінесің. Өкіметтен де, өзгеден де еш жәрдем тілемейді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
26 мамыр 2020 ж. 925 0