№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАСІРЕТІҢДІ ҚАЛАЙ ҰМЫТАЙЫН?

ҚАСІРЕТІҢДІ ҚАЛАЙ ҰМЫТАЙЫН?

Санамда әлі қорқыныш бар. Иә, бір немесе үш күн емес жылдап ашқұрсақ жүргенімді қалай ұмытайын? Талай парасат-пайымы биік, санасы сергек, иманжүзді қазағым опат болды ғой. Қорек іздеп төбелер мен қырқаларда қырылды. Артынша ұлттың қаймағын итжеккенге айдады. Абақтыға қамап, өлім жазасына кесті. Қырып салды. Осылайша қолдан жасалған геноцидтің нәтижесінде ғасырдан ғасырға сабақтасқан өр мінез, қасиет-қабілетімізден айырылып, жалтақ, сенімсіз, жуас болып қалыптастық. Бәрінен бұрын, ұмытшақ болдық. Ұраншылдығымызды қайда қоясыз?
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Біз 31-мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні кезінде ғана гүл шоқтарын ескерткіштерге қойып, бір минут үнсіздікпен еске алып, Құран бағыштаймыз. Былайғы уақытта ашаршылық пен қуғын-сүргін қасіретін пайымдауға, тигізген зардабын зерделеп, жас ұрпаққа нанның қадірін түсіндіре алмай жүрміз-ау...

Тарихшылардың пайымдауынша, оған кінəлі Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, содан туындаған шаруалардың жеке мен­шігін тəркілеу, жою, əртүрлі ауылшаруашылық салықтарымен бас көтертпеу, күштеп отырықшыландыру, күштеп колхоздастыру, дəулеттілерді, зиялыларды «феодализмнің өкілі, буржуазиялық интеллигенция» санап, атып-асу, билікке жалшыларды тартып, қоғамды қолдан надандандыру.
ВКП(б) Орталық Комитетінің Қазақс­тан өлкелік партия комитетінің басшылығына Голощекинді жібергені мəлім. Екінші пленумда сөйлеген сөзінде-ақ: «Ауылды кеңестендіру, бұл – шын мəнінде, Қазақстанды кеңес­тендіру. Сондықтан барлық салада біздің жұмысымыздың ілгерілеуі үшін қазақ кедейлерін ұйымдастырмай əсте мүмкін емес», – деп жар салды. Сол кезде «Советская степь», «Еңбек­ші қазақ» газеттерінің бетінде Голощекиннің «Ауылды кеңестендіру», «Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын!» деген сөзі ұран болып көтерілді.
Сөйтіп, ол Қазақстанда «Кіші Қазан» өткізуге кірісті. Қазақтың төрт түлік малын түгел сыпырып алып, мемлекет меншігіне бергізді. Қазақтың қанаты жылқысына қырғидай тиді. Сталиннен, партияның ОК негізгі басшыларынан өзінің төтенше шараларды жүргізуіне рұқсат алған Голощекин Қызылордада өткен 1927 жылғы 23 қарашадағы ВКП (б)-ның Бүкілқазақстандық конференциясында халыққа ашықтан-ашық: «…Сіздер Зиновьевтің: «Қазақс­тан Голощекиннің жеке билік құруы үшін басыбайлы берілді», — дегенін білесіздер», – деп қолына тиген шексіз билікті пайдаланған ол бірінші кезекте өзіне қарсы шыққан білікті де білімді азаматтарды қызметтен қуды.
Мұнан кейін «ұжымдастыру» деген желеумен көшпелі елді тонатып, халықты əдейі ашаршылыққа ұрындырды. Қызыл империя бейбіт заманда қазақ ұлтына жасаған нəсілшілдік қылмысын əлемдік қауымдастық алдында жасырып келді. Кеңестік цензура көп жылдар бойы 1931-1932 жылдардағы қазақ даласындағы ашаршылықты баспасөз бетінде жазуға, айтуға қатаң тыйым салды.
Əкімшілік биліктің осынау ел ішіндегі арандату саясатына, əді­лет­сіздік пен зорлық-зомбылыққа қарсы шыққандар «халық жауы», «бандалық құрылым» аталып, қырып жойылды. Қолында мүмкіндігі мал-мүлкі барлары бассауғалап шетел асты. Босқынға айналды. 1930-1933 жылдардағы қолдан жасалынған ашаршылықтан елімізде қазақтардың үштен бірі ғана аман қалды. Өйткені, 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының алғашқы мəліметтері бойынша, Қазақстанның ауыл халқы 1930-1933 маусымы аралығында үш жылда 3 миллион 379,5 мың адамға кеміген. Олардың ішінде миллионнан астамы босып кеткен. Сонда аштық құрбандарының өзі 2 миллион 200 мыңнан асып кетеді екен.
1992 жылы осы мəселені Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комис­сиясы арнайы тексеріп: «Қазақ елі аштықтан жəне соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 миллион 200 мың адамнан, яғни барлық қазақ халқының 48 процентінен айрылды», – деп нақты тұжырымдама жасады.
Атап өтерлігі 1930-1933 жылдардағы қолдан жасалынған ашаршылықта жас балалар мен əйелдер көп қырылды. Оның халқымызға демографиялық зардаптары өте ауыр тиді. Ұлтымыздың сан жағынан өсуі тежелді.
Аштық жылдары ауылдастарын аман алып қалғандарды ел есінен шығармайды. Жаңақорған аудандық мұражайының қор сақтаушысы Рахима Әбсаттарованың айтуынша, Құдайберген Айдарұлы деген кісі 1929-1930 жылдары ашаршылық кезінде Ташкентте «Жетімдер» деген колхоз ұйымдастырып, ағайын-туыс, ауылдастарын аман алып қалуға үлес қосады. Ашаршылық кезінде Төменарықтан Ташкенге көшкен кезінде ондағы туысы жүз қой бергенде, «ағайындарым аш отырғанда мен мұны қайтемін» деп Төменарық ауылындағы адамдарды көшіріп апарып, малын үлестірген екен. Сол кісінің бір баласы әділдігімен аты шығып қазір Ташкенттегі құқық саласының басшы қызметтерінің бірінде көрінеді. Ал, «Бірлік» ауылын аштық жылдары Ақылбек деген кісі пілтелі мылтығымен аң атып, қақпан құрып, бүркітімен қоян, құс ұстап елді аштықты аман-есен еңсеруде еңбегі көп. Қазір бұл кісілердің суреттері мен қолданған құралдары мұражайда көрік беріп тұр.
1897 жылғы патша өкіметінің санағында қазақтар көрші өзбек ұлысынан үш есеге жуық артық. Яғни 4 миллион 84 мың болыпты. Аштықтың ащы дəмін татпаған өзбек халқы қазіргі кезде 30 миллионнан асты. Жалпы дүниежүзіндегі қазақтарды қоса есептегенде әлі жиырма миллионға да жете алмай келеміз. Кей тарихшылар «осындай алапат аштық қолдан жасалмағанда, қазақтардың саны 60 миллионнан да асып түсер еді» деседі. Голощекин тұсындағы қызыл империяның үстемдік құрған шақтағы асыра сілтеушілік бертін келе «Қызыл қырғын», «Голощекиндік геноцид» деген атауларға ие болып тарихи бағасы берілді.
«Голощекиндік зұлматтың қазақ халқына алып келген шығыны əлем тарихында (пайыз есебімен) гитлер­шілдердің Еуропадағы еврей­лерге жасаған сойқанымен пара-пар келіп, Кампучиядағы «қызыл кхмерлер» зардабынан асып түседі. 1932 мешін жылғы зұлмат ХХ ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі болып саналады», – деп жазды белгілі демограф Мақаш Тəтімов пен тарихшы Талас Омарбеков.
Жалпы, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақтың тең жартысы опат болды. Әттең, солардың арасында ұлтты алға бастайтын қайраткерлер мен ғалымдар қыршын кетті ғой! Оның зардабын ұмыту мүмкін емес.

Е.Ертай.

01 маусым 2019 ж. 1 624 0