№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖҮРЕК

ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖҮРЕК


Қайран біздің шешелер!
Арды ойлаған, Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.
Жігіттерден айрылып, қалмай қараң, Қырман басып, егін caп арба айдаған... – деп Мұқағали мақатаев жырлаған қайран жандардың бірі – Келінтөбеде ғұмыр кешуде. Расында, аштықтан аман өтіп, қуғын-сүргінге куә болып, алапат соғыста ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Сұлу Кәзімқызы жүзінші көктемін қарсы алды. Дархан даланың пейіліндей болған кейуананың өнегелі өмір жолы ғибратқа толы. Салиқалы ананы Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында аудан әкімі ғалым әміреев арнайы барып құттықтап, ақ батасын алды.
Кешегі ұлы майданда ерлерге қолқанат болып, тылда еңбек еткен нәзік жандылардың қатары сиреп барады. Солардың қатарында тер төккен Сұлу әжейдің қонақжайлылығы мен жылы жүзі жанымызды жадыратты. Біз шаңыраққа бас сұққан қонақтарды көріп, орнынан тұрып, төрге оздырды. Ананың көңілі көтеріңкі, жүзі жайдарлы.
– Қалыңыз қалай апа?
– Шүкір, Аллаға. Жақсымын балам.
– Шаршамай жүрсіз бе?
– Әзірге денсаулығым жақсы. Бала-шағаның көз қуанышы деп жүрміз. Жүздің табалдырығына таянғанда төсектен төбе көрсететін болдық, қарағым!
– Әже, жағдайыңызды біліп, әйелдер мейрамымен құттықтау үшін келдік.
– Өркендерің өссін, айналайындар. Сендер де жүз жасаңдар, – деп әже аудан басшысының ізеттілігіне алғысын жеткізді.
Сөз арасында әкім:
– Апа қандай бұйымтайыңыз бар? – деді.
– Қандай бұйымтай болсын, бізге елдің тыныш болғаны керек. Ұрпақтың қиындық көрмей, мәнді өмір сүргенін қалаймыз. Ең бастысы, өткен күндер тарих қойнауында қалып, бейбіт күннің берекесі кетпесін, – деді азиз ана.
ХХ ғасырдың қасіретті жылдарында ақыл тоқтатып, мінезі шыңдалған анамыздың қара шаңырағынан кісі аяғы үзілмейді. Бәрі де ұлағатты қариямен қол алысып, тағылым мен тәрбиеге ұласатын түрлі тақырыптағы әңгімелердің тиегін ағытуға құштар. Ол тек ұзақ жасаған жан ғана емес, алтын құрсақты ана. Себебі, сегіз құрсақ көтеріпті. Жаны әйел болғанымен, ер-азаматтың тірлігін атқарған шынайы болмысына тәнті болдық. Мұндай жандарды кешегі мен бүгіннің келбетін салыстыруға хақы бар, қойны кеніш көнекөз данасы деп санағанымыз жөн. «Ашаршылықты, қуғын-сүргінді, соғысты да бастан өткердік. Ол кездегі көрген қиындықтарды бүгінгі жастардың басына бермесін» – деп өткенді еске алып отыратын ананың ендігі арманы тәуелсіз ел жастарының соғыссыз ғұмыр кешуі.
Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген ана 1966 жылы Келінтөбе ауылына көшіп келеді. Жары Шәріпбекпен отау тігіп, бала-шағалы болды. Қиындықтарды басынан өткізген әженің жүзінде жылулық, сөзінде өнеге, ойында ғибрат тұтыпты. Еңсесін тік ұстап, ұрпағын санап отыр. Бүгінде Сұлу апа сегіз баладан 54 немере, 132 шөбере және 14 шөпшек көріп отыр.
«Қарты бар ел – қазыналы ел» деген дана қазақ қашанда қариясын қастер тұтқан, үлкендерін ұлықтауды ешқашан жадынан шығарған емес. Осы мақсаттағы сапар барысында ғасыр анасы келген қонақтарға ақ батасын берді. Ал, келіні Айжан Абдрахманова арнайы аудан орталығынан келген қонақтарға бір ауыз алғысын білдірді.

Әли Темірбек.
07 наурыз 2018 ж. 1 784 0