Қауіпсіздікке атсалысу – міндет
Қазақ халқының өмір салтының ажырамас бір бөлшегіне айналған той мәселесі мәні мен мазмұны жағынан біздің бүгінгі болмысымыздың айнасы іспеттес. Осы тұрғыдан қарағанда той-томалақ мәселесінде талабымыз, талғамымыз қай деңгейде? Той мәдениетіне мін түсіріп алған жоқпыз ба? Отбасындағы қызықшылықтар, басқа да түрлі мерекелік шараларға арнайы есігін ашып қойып отырған мейрамханалар мен дәмханалар егелерінің басын қосып, құзырлы орындар тарапынан қоғамдық-көпшілік орындарға қойылатын талап тұрғысындағы міндеттер, сонымен қатар әлем жұртшылығын алаңдатып отырған коронавирустың таралуы жағдайындағы қауіпсіздік шараларын талқылау жөнінде ой бөліскен едік. Төменде осы тақырыпта ұйымдастырылған дөңгелек үстелде қозғалған ой-пікірлерді назарларыңызға ұсынамыз.
Ақылбек Жәнібеков,
аудандық қоғамдық кеңес төрағасы:
– Президент Қытайда басталған індетке байланысты шұғыл кеңес өткізіп, қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телевизиялық үндеуін жолдады. Назар салып тыңдап шықтым.
Ел азаматтары сақтық шарасына аса мән беруі міндет, ал кәсіпкерлер әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерін қымбаттатып жібермеуі керек. Сондай-ақ театр, кітапхана және тағы басқа әлеуметтік қызмет түрлерін уақытша тоқтатуға пәрмен берді. Бұған халық түсіністілікпен қарауы тиіс. Бұл – елдік мүдде пен мемлекеттік мұрат жолындағы аса жауапты міндет.
Дегенмен халық болып талқылайтын мәселе де жоқ емес. Ол – ысырапшылдық пен той мәдениетін жандандыру. Тойханалар қызметі, асабалар және той жүргізу уақыты мен мәдениеті жайлы мәселелер бойынша өткен жылдан бері аудандық қоғамдық кеңесте бірнеше рет әңгіме қозғалып жүргендігі жасырын емес. Жақында ғана аудан әкімі Сұлтан Мақашұлы мұрындық болып, құзырлы органдар басшыларын, ардагерлер, қоғамдық кеңес төрағаларын қабылдап, кент ішіндегі тойханалар иелерін анықтап солармен меморандум жасау керектігін ортаға салған болатын. Нәтижесінде қоғамдық кеңестің алқа мүшелерінің қатысуымен кәсіпкер тойхана иелерімен бірлескен жиын өткізіліп меморандум жасалынды. Ондағы жалпы мақсат қоғамдық тәртіптің алдын алу, қоғамның тыныштығының бұзылмауы, шақырылған қонақтардың уақытын тиімді ете отырып, аман-есен үйлеріне оралуы және түн ортасы ауғаннан кейін мас күйінде көлік жүргізушілер кафе жағалап, арақ ішіп, жол көлік оқиғалардың болдырмаудың алдын алу. Сонымен қатар тойхана қызметкерлері мен жұмысшыларының еңбегінің қорғалуы. Оның ішінде офицанттармен асхана жұмысшыларының еңбегін кәсібилендіру, санитарлық бақылаудан уақтылы өтіп отыруы, заңдылыққа сәйкес салық түсімдерінің аударылуы т.с.с. асабалардың да қоғамның пікірлеріне бейімделу керектігін той иелеріне түсіндіріп отыру дұрыс шығар. Қазіргі кезеңдегі әлем бойынша таратып жатқан короновирус ауруының өршіп тұрған сәтінде, жаппай келген дағдарысқа ұшырамаудың алдын алу үшін көпшілік бас қосатын жерлерді (көпшілік тамақтанатын орындарды) жұмысты уақытша тоқтатып, сақтану шараларына көшкеніміз өте орынды.
Әбілғазы Төлегенов,
аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:
– Уақыт алға озған сайын, қоғам жаңарған сайын ұлттық құндылықтардың жаңғырып, жаңа формасы қалыптаса бастайтыны табиғи заңдылық. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ дәстүрімен етене той-томалақ мәселесі бүгін де маңызын жойған жоқ.
Тойдың түпкі мағынасына тереңдеп үңілер болсақ, ол-тойымшылық деген ұғымның баламасындай. Дәулеті бар, қолы ұзын, бай-бағландар кең сахараға атын шығарарлықтай ұлан асыр той жасап, тобық үлестіргендегі мақсат отбасы қызықшылығына әлеуетті ортақтастыру арқылы жиған малын жұмсап, сол арқылы өзінің шүкіршілігін, тағдырына разылығын жомарттықпен көрсетуі дер едік. “Той дегенде қу бас та домалайды” дегендей, бай деп бағлан деп бөлмей, дастарханын баршаға тең жайып барын ұсынар қазақ халқы пейілінің кеңдігінің бір үлгісіндей осы салт, осы дәстүрдің бүгінгі көрінісі қандай?
Қазақ тойдан қазір де кенде емес. Тойдың түрлері де көбейді. Отбасындағы қызықшылығын өзі ғана тойлап қоймай, ел-жұрт, ағайын-туғанымен бірге тойлауды мұрат тұтқан менталитетімізді жазғыруға да болмас. Тек бұл орайда тойды бәсеке алаңына айналдырмай, тағылым аларлық мазмұндық деңгейіне көңіл бөлсек ұтқан болар едік.
Қазіргі той мәселесіне айтылар сын көп. Мәселен сүндет тойды алайық. Баласының құрметіне өткізілген тойдың аты ғана, ал шындығында той төрінде үлкендер өздерімен-өздері қызықтап жатқанда бола көңілден тысқары қалады. Сонда сүндет тойда не мән-мағына қалды? Бір ерекшелігі, той басталарда тай жетектеп, қоржын ілетін салтымыз орындалып жатады. Бұл жарасымды. Бірақ сол қоржынға шөлмек қыстырғанды қай ата-бабамыздан көрдіңіздер? Өзі баласының мұсылманшылықтың алғашқы қадамының қуанышына той жасап отырып осындай көріністер орын алып жатса мұны өресіздік дейміз бе, не дейміз? Сүндет той өткізу мәселесінде имамдарымыз, өздері көпке үлгі көрсетіп тойды ұйымдастырудың үлгі-тәсілдеріне тағылым боларлық бастаманы қолға алсақ дейміз.
Той – көпшілік – мәдени орын. Оның өзіндік әдеп нормалары бар. Соны бұлжытпай сақтау арқылы қазынаға теңер қасиетті ғұрпымызға құрмет көрсете аламыз. Құрмет болмаған жерде оның мәні де, мағынасы да, құны да төмендей береді. Той дастарханына әркім арнайы әзірленіп, әдеміленіп баруының өзі оның сән-салтанатын арттыра түсері белгілі. Осы тәртіпті белден басып, бейберекет, тіпті кейде ас дастарханына арнайы жұмыс киімімен кіре салудан арланбаушылықты көп аңғарамыз. Бұл мәдениеттілікке жатпайды.
Екіншіден, тойға кешігіп келу мәселесін көп жылдардан бері ретке келтіре алмай отырмыз. Мұны реттеуде аудандық кәсіпкерлер бөлімі қозғау салуымен кент әкімдігімен жеке тойхана, мейрамхана иелері арасында меморандум жасалды. Тойханалар түнгі 12-ден кейін жұмысын толық тиянақтауы керек. Бұл қоршаған орта, айнала қоғам тыныштығы үшін қажет.
Бұл кәсіпкер қызметін шектеу емес, реттеу деп түсінген жөн. Қоғамдық қатынастардың жүйелі дамында әрбір азаматтың іс-әрекеті, белсенділігі, тәртіпке бас игені маңызды. Ел экономикасын ілгері апарып, халықтың тұрмысына тірек болып отырған жеке кәсіпкерлердің ой өрісі, патриоттық сезімінің биік болуы қоғам алдында туындап отырған талап-ережелерді өз дәрежесінде еңсеріп отырмайынша ел өміріндегі түйткілді мәселелерді шешу күрделене түсетіні жасырын емес. Кәсіпкерлерміз осы жағын ескеруі керек.
Бүгінгі күні аудан халқының отбасылық қызықшылықтарына орай өткізіп жататын той-жиын шараларының уақтылы басталмауынан бірнеше орынсыздықтар туып жатады. Бұл, біріншіден, әлеуметтің уақытына залалын тигізіп отыр. Бір қолын екі ете алмай жүрген істің адамдары, халық қызметінде жүрген қаншама тұлғаның қымбат уақытын ұрлайтын қаперсіздіктен қалайда арылып, бір ізге, бір жүйеге түсу, егер ел болып, етек-жеңімізді жинасақ еш қиын шаруа емес.
Сонан соң аудан халқы назарын мына жайтқа аударғым келеді:
“Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында төтенше жағдай жариялады.
Сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін уақытша тоқтатылады. Сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынады”. Осыған байланысты әрбір азамат өзінің және өзгелердің саулық жағдайына жан-жақты жанашырлықпен және жауапкершілік қарауы құпталады.
Бекзат Омарова,
аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:
– Әлем халқын толғандырып отырған COVID-19 коронавирусына байланысты сақтық шараларын күшейту маңызды. Бұған кәсіпкерлер бей-жай қарамайды деген ойдамын. Ғылым дамыған уақытта вирусты жеңетін антиденелер табылып, індетті жеңетінімізге сенемін. Сондықтан ұлттық қазынаға айналған тойды реформалау маңызды деп санаймын.
Мен бұл бөлімде 2016 жылдан бастап қызмет атқарып келемін. Қазірде аудан бойынша тойхана саны көбейді. Кафе де, асаба да, той ұйымдастыру орталықтары да бар. Бірақ мойындауымыз керек, осы орындарда қызметті ұйымдастыруың мәдениеті төмен. Тойдың уақтылы басталмауы ол өз алдына үлкен түйткілді мәселе болып тұр. Бұл жөнінде осыдан екі жыл бұрын аудандық қоғамдық кеңесте талқыланып, біраз оңды өзгерістер болған еді. Қайтадан бәз-баяғы қалпына түсті. Бір мекенде өмір сүріп жатан соң заң ортақ, тәртіп бірдей, бірақ осы құндылықтарды аяқасты етіп, көпшіліктің уақытына қол сұғуға болмайды.
Орталықтағы “Орда”, “Аяна”, “Астана”, “Ынтымақ”, “Айсұлу”, “Би-Бек” сынды ірі тойхана иелері, елді мекендерде іске қосылып жатқан дәмхана, мейрамхана иелері бар, тұтынушыдан тапсырыс қабылдағанда осы тәртіпті түсіндіріп, екі жақты ортақ келісімге келіп алғаны дұрыс.
Тойханаларда еңбекке ақы төлеу мәселесі өте өзекті. Жұмысшыны қызметке қабылдаған күннен бастап келісімшарт жасалуы керек. Әркім сол заңды шарттың аясында жұмыс жасауы тиіс. Бізде осы заңдылықтар сақтала бермейді. Жұмыс берушінің жұмысшының құқымен санаспауы, қалаған уақытында көңілінен шықпаса жұмыстан шығарып жіберу фактілерін де жиі кездестіреміз. Еңбекке ақы төлеу мардымсыз. Заң шеңберінде әрекет болмаған жерде әділетсіздіктер жиі қылаң береді. Содан келіп істе берекесіздік, тұрақсыздық кең етек алады.
Тойхана иелері ең алдымен кәсіп әлеуетін бекемдеу үшін өз ісіне берілген, адал, жұмысын таза атқаратын тұрақты ұжым қалыптастыруы керек. Жалақысы жоғары әлеуметтік жағынан қорғалған, жеке басы саулығы мен салтанаттылығына кепілдік берілген салмақты келісімшарт болған жерде әрбір қызметші жеке кәсіпте жұмыс жасаса да мемлекет қарамағындағыдай қамқорлықты сезінетін болады.
Айдана Қуатбекова,
жеке кәсіпкер
– Президент жаһан жұртына жайылған індетті бағамдап, төтенше жағдай жариялады. Өте орынды бастама. Халықтың саулығы бірінші орында болуы заңды. Біз бұл үндеуді қолдаймыз әрі қуаттаймыз.
Жарым екеуміз бірлесіп, кәсіпшілікті бастағанымызға төртінші жылға аяқ басты. Кафе және қонақүй, бильярд столы халыққа тұрмыстық және мәдени қызмет көрсетеді.
Бұған дейін үлкен қалаларда жинақтаған тәжірибеме сүйенер болсам, шағын кәсіптің бағы жануы үшін оны жандандырудың жүйелі ережесіне мін түспеуі керек. Бизнес, ол да жанды организм. Қоғаммен бірге дамып, бірге өркендейді. Ал оның шын егелері саналық тұрғыда соған дайын болуы керек. Бізде қалай?
Кісі өз кәсібін терең игерумен қоса оны қарапайым немесе күрделі деп бөлмей жан-тәнімен сүйе білуі және құрметтеуі керек. Өйткені әрбір кәсіптің киесі, қадір-қасиеті бөлек. Жұмыстың жаманы жоқ. Ал менің байқағаным, көпшіліктің бұл тұрғыдағы түсінігі әлі таяз. Мәселен, біздің дәмханада жұмыс жасайтын даяшыларымыз арнайы форманы киюдің өзіне арланады. Даяшылық олар үшін амалдың жоғынан атқарып жүрген артта қалған кәсіп. Ал ыдыс жуатын, еден жуатындарымыз елдің көзіне түспей, жасырынып жүріп жұмыс жасауды қолайлап тұрады. Өз кәсібіңді өзің менсінбесең өз басыңды кем көріп, кері тартқанмен бірдей емес пе? Содан соң атқарған ісіңде береке бола ма? Ал шетелде әжетхана тазалаушы болсын өз мамандығын бәрінен жоғары қояды. Жалақыны көп алатын да солар. Бейнеті басым болған сайын еңбекақысы да артып, еңсесі көтеріңкі жүреді.
Айлық – жалақы мәселесінде тұрақты мөлшерден түспеуге, уақтылы қамтамасыз етуге тырысамыз. Қызметшінің санатына қарай еңбегіне ақы төлеу де көтеріліп отырады. Мәселен, жақсы маманданған әмбебап даяшының жалақысы 90 мың теңге. Жұмыс кестеміз түскі уақыттан түнгі 12-ге дейін.
Жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлердің айлық жалақысын тұрақты қамтамасыз етумен қатар олардың табыс салығымен, зейнетақы қорына уақтылы аударым жасап отыруы тиіс. Бұл екі жаққа да тиімді. Бірақ неге екенін, бүгінін ғана ойлайтын көпшіліктің ертеңнің қамына көп алаңдамайтынны өкінішті. Есепке алмай-ақ қойса, салыққа аударым жасамай-ақ қойса деген түсінікте болып, тіпті еңбекақысының өзін күнбе-күн қолына беріп отыруды қолайлы санайды. Себебіне келсек, банкте қарызы бар азаматтар ұстап қалады деп қауіптеніп есепшотында қаржы түсуіне де келіспейді. Ал біз барлық құжаттар рәсімделіп, заң аясында жұмыс жасағымыз келеді. Екі тараптан да шарт орындалғанда тәртіп мықты орнығар еді деп санаймыз.
Тойханаларда, кафе, дәмханаларда тәртіпсіздік мәселесі жиі айтылады. Өзіміз осы жұмысты қолға алып, іс бастағалы байқағанымыз, шектен асқан орынсыздық, жолсыздық оқиғалары болған емес. Оның бір ерекшелігі, халал сауда екендігінде деп есептеймін. Арақ-шарап, ішімдік атаулыға орын еншілеткен кезіміз болған емес. Жүз орындық дәмханамызда өтетін кішігірім банкет, мерекелік шаралар, отбасылық қызықшылық рәсімдер, қайсысында болмасын ішімдік қойылмайтыны ескертіледі. Өзіміз әкеліп, дастарханымызға қояйық дегеніне келісім жоқ. Мүмкін, сондықтан, бізде өтетін кез келген шара, отырыс артық ырду-дырдусыз, айқай-шу жоқ, мәдениетті түрде өз арнасын тауып, мазмұнды демалумен үйлесім тауып жатады.
Әлеуметтің арасында арақ-шарапсыз, адал дастарханда отырып, отбасылық қуанышын атап өтуді құптайтын азаматтар өте көп. Сондықтан айтар едім, халал саудада табыс болмайды, шығынға ұшыраймыз, жұмысымыз жүрмейді деп жүргендер пікіріне түбірімен қарсымын.
Менің жергілікті басшылыққа мынадай ұсынысым бар. Тұрғылықты халықтың қажетін өтуге қарай қоғамдық-көпшілік тамақтандыру, қызмет көрсету орындары көптеп ашылып жатыр. Осыларды маманмен қамтамасыз ету мәселесінде мониторинг қажет. Кәсіби қызметшілер жеткілікті ме? Мәселен, алғаш жұмысқа келген талапкерді іске баулуда өзімізге үлкен жүк артылады. Ауданда белгілі бір курстар жұмыс жасаса, біз осы азаматтарды арнайы оқытып алуға мүмкіндік алар едік. Олар кәсіби тұрғыда маманданып, өз-өзіне сенімі қалыптасады, әрі атқаратын жұмысына деген қызығушылығы артады. Әр істің көзін таба білген соның нәтижесіне қол жеткізеді. Осы орайда бағыт-бағдар жасалса дұрыс болар еді.
Қазір үздіксіз технологиялық жаңару үдерісін бастан кешіп жатырмыз. Бізге де үздіксіз жаңару қажет.
Жақында Шымкент қаласында өткен семинарға қатысып қайттық. Онда Қазақстан бойынша қонақүйлерге он-лайн үлгіде тапсырыс қабылдау тәртібімен таныс болдық. Біздің қонақүй аудан территориясынан өтетін шетелдіктерге де сапалы қызмет көрсетеді. Бесжұлдызды қонақүй қожайындарымен иық тірестіре отырып көптеген мағлұматтармен қаныға отырып, болашақта сондай биік деңгейге қол жеткізе алатынымызға өзімізде де сенім зор. Тек білмекке, үйренбекке талпынуымыз қажет. Аудандағы шетелдіктерге де қызмет көрсететін бірден-бір қонақ үйдің статусын нығайтып, қызмет аясын кеңейтуде іс-тәжірибе алмасуды арттыруымыз қажет болып отыр.
Көп идеяларымыз бар, қонақжайды қазақы нақышта безендіруге күш салсақ дейміз.
Мүссарам Сейдазимова,
ДК “Атамекен” төрайымы:
– “Атамекен” дәмханасының ашылып, қызмет көрсете бастағанына төртінші жылға жуықтады. 130-ға жуық келушілерге қызмет көрсетеміз. Сыртта жаздық жайымыз тағы бар.
Бізде келушілерге халал тағамдар ұсынылады. Ортақ залымен қоса жеке үш кабинамызда банкеттік шаралар, мерекелік дастархан жасап бере аламыз.
Осы тұста көңіліме түйген бір мәселе, тұтынушыларымыз бойында әдептілік, зиялылық қағидалары толық қалыптаспаған. Отырған орындыққа сызып кету, ақ дастарханға қолының майын сүрте салу, ебедейсіз қимылмен ыдысты, орындықты сындыру сынды орынсыз әрекеттерге жиі куә боламыз. Ашылған сәтте балаларға деп кинотеатр ашып, орналастырып, сәбилер игілігіне ұсынған едік, дұрыс тұтынып, пайдалана білмегендіктен бәрі қирап, жарамсыз болып қалды.
Онымен қоймай дәмханамызға күніне жүз адам келсе соның 70-80-і еңбегіңді мақтап, разылығын білдіруі мүмкін, соның арасынан әйтеуір бір адам ісіңнен мін тауып, жамандап кетуге тырысады.
Өткенде бір мектеп жасындағы қыздарымыз дөрекі сөйлеп, даяшыларға дүңк-дүңк етеді. Оған қитығып, ренжіген қыздарыма сәл төзуге тура келеді деп үйретемін. Әдептілікті әдепсізден үйреніңдер деген сөз бар. Қандай ұнамсыз көрініс, оларға ұқсамауға тырысыңдар деймін. Қысқасы, айналайынмен күн көреміз. менің пікірім, әркім қоғамдық орында өзін дұрыс ұстауы керек.
Тұтынушыныкі не десе де жөн деген қағидамен ойға келгенді жасауға болмайды ғой.
Енді елдегі төтенше жағдайға байланысты тұрғындардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, сапалы қызмет көрсетуіміз міндет. Мен осының ауыртпалығын жақсы түсінемін.
Баян ҮСЕЙІНОВА