Волонтерлер белсенді ме?
Жаңақорғанда 30 мыңнан астам жас болса, белсенділерінің саны артпаса кеміген емес. Әр саладағы жастардың жеткен жетістігі аудан дамуына серпін беруде. Ал волонтерлар ше? Олардың қоғам алдындағы белсенділігі елдің дамуына қосқан үлесі қандай? Жаңақорғанда ерікті жастарды жұмылдыру бағытында қандай шаралар атқарылуда? Бұл сұраққа нақты жауапты ерікті жастардың аудандағы атқарып жатқан жұмысынан іздедік.
«Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» деген француздық философ Дени Дидроның қанатты сөзі бар. Расында ерікті волонтер – риясыз мейірімділік көрсету, адамдарға жақсылық жасау, әсіресе тағдыр тауқыметін ертерек тартқан мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға керек екенін сездіру, тағдырдың тезімен қиын жағдайға тап болған адамның жанынан табылу, сүйеу бола білуі тиіс. Ол екінің бірінің қолынан келмейтін іс.
Волонтерлар жылының басталғанына екі айдан асты. Біздегі мақсат жастарды сынау емес, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, рухани-мәдени бағытында шектелмей, сан саладағы бағытын айқындау. Өйткені жастар – қоғамның негізгі қозғаушы күші, елдің ертеңі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды волонтерларға арнағаны қоғамда үлкен өзгеріс тудырды. Енді Президенттің еріктілер қызметін еңбек өтіліне қосу туралы ұсынысы қабылданса, волонтерлікті бір реттік акция емес, көпті біріктірген тұрақты тірлік, игілікті іс ретінде қабылдайтындар көбейеді. Ең бастысы, жастардың туған өлкесіне, Отанына деген сүйіспеншілігі артады. Бір сөзбен айтқанда, еріктілер елдің – шынайы патриоты болуы тиіс. Жастарды осы бағытта тәрбиелеп, бағыт-бағдар көрсетуіміз керек. Ауданда бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес, – деді ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов.
Ол қандай жұмыстар? Бұл туралы «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Наурызбай Орынбасаров:
– Жастар жылында жастарға көбірек көңіл бөлінді. Енді еріктілер жылында олар қоғамға, әсіресе көмекке мұқтаж жандарға жылылық сыйлай білуі керек. Жыл басында Талап ауылдық округінде басталған челендж елді мекендерде жалғасын тауып келеді. Талапта тұратын Тұрғанбай ақсақалға көмек қолын созған жастардың ізгі амалын басқа округтер де қолдап, еріктілердің саны күн санап арта түсті. Жаңарған Жаңақорған жастарының өскелең өрендерге көрсеткен өнегесін айрықша айта кету керек. Бұл жасалып жатқан игі істер ең бірінші аудан жастарының жүрегіндегі мейірімін, көңіліндегі кішіпейілділігін оятты, – деді.
Иә, мұқтаж адамдарға көмек қолын соза алатын кез келген адам волонтер бола алады. Жалпы қазақ қоғамында қайырымдылық жасау үрдісі ежелден бар. Ол заманда ерікті, волонтер деп ешкім ешкімді атамаса да, жетім көрсе жебей жүріп, жесірін жылатпау, қарт адамға қолғабыс жасау сауапты іс саналды. Әсіресе асар әдісі қазақ елінің ынтымағын, бауырмалдығын көрсетті. Енді, міне, биыл сол қасиетімізді жаңғыртатын, еріктілер қызметін жаңа сапаға көтеретін жыл болғалы тұр.
«Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру – маңызды міндет». Бұл Президенттің пәрмені.
– Еріктілер жылы атқарылатын жалпы ұлттық 7 жоба ауданда жүзеге асырыла бастады. Олар – «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Білім» және «Үміт» жобасы. Мәселен, Бесарық, Сүттіқұдық, Қыркеңсе, Қожамберді мен Ақүйік ауылдық округі жастарының қамқорлығы өрендерге өнеге болды, енді сабақтастыққа ұласса игі болар еді. Ал «Таза әлем» жобасы бойынша байкенжелік жастардың бастамасы көпке үлгі болды. Ауыл еріктілері ой-қыры көп асфальтты өз қолдарымен тегістеп, көптің алғысын алды. Сол секілді «Саулық» жобасы аясында аудан орталығында дәрігерлермен біріге отырып, акция ұйымдастырдық, – деді Наурызбай Ерікұлы.
Осы ретте, жаңарған Жаңақорған ерікті жастарының атқарған жұмысына тоқталсақ. Қоғамдық қор тарапынан бірқатар әлеуметтік маңызды жобалар қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыруға арналған іс-шаралар да тұрақты қолға алынған. Соның бір айғағы жуырда аудан орталығындағы Шыңғыс Азнабаев жетекшілік ететін «Шыңғыс» спорттық жаттығу орталығына велотренажер сыйға тартылды. Өйткені, мұнда салауатты өмір салтын серік ететін ерекше жандар көп келіп жаттығады.
– Мұндағы негізгі мақсат бір ғана отбасын қуантқаннан гөрі, жалпыға ортақ барлығы бірдей келіп шыныға алатындай мүмкіндікті жасау болатын. Тарту таралғыны «ЖЖЖ» қоғамдық қорының аға буын өкілдері Қоғамбек Бейсенбиев, Қайрат Оралбеков, Арман Мажитов, Данияр Досантаев, Нұрхан Айдаров бастаған белсенді жастар табыстады. Игі бастама мұнымен тоқтап қалмайды, қайта жалғасын табады, – деді «ЖЖЖ» қоғамдық қорытының төрағасы Еркінбек Айнақожаев.
Одан бөлек «Шаңырақ жылуы» жобасы аясында 30 тонна көмір 30-дан аса отбасыға тегін таратылды. Шаштаразшы Асылжан әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларының шашын ай сайын тегін қысқартып береді. «Қамқор» жобасы аясында әр жұма сайын мешіттерде 70-тен нан тарқатылса, торт өнімдерін пісіретін нәзік жанды осы кәсіпке икемі бар нәзік жандыларға тегін курс ұйымдастырып, қабылетін шыңдалуына мүмкіндік беруде.
Енді ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау жұмыстары, ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауаттылықты жетілдіру ісі жолға қойылады дейді жастар жетекшісі. Бұл өте маңызды жоба. Өйткені бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасу үшін – білімнің орны бірінші орында.
Жалпы алғанда аудандағы ерікті жастардың жұмысы қысқаша осындай. Бірақ әлі де белсенділіктің бірізділігін көре алмаймыз. Әсіресе жастардың ұсынысын, әкімдер есебінде ел тілеуін жеткізуде, әлеуметтік желідегі ой-пікір айтатын жастар, еріктілер тіпті аз. Көбіне жастарды іс-шарада, жоба аясында кездестіреміз. Оған да түрлі себеп бар. Ең бастысы қазақ жастарының бойында ұлттық рух, Отанға деген патриоттық сезім басым болуы керек. Сонда ғана біз күткен белсенді жастардың қатары артатын болады.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ