Би апа
Би – дала демократиясының діңгегі. Қара қылды қақ жарған, адамдар арасында қалыпты тіршілік қағидасына қиянат келтіргенге немесе ардан аттағанға ақиқат үкімін айтып, туралыққа үндеген төбе билер төрелігіне қалың ел қашанда тақ тұрған. Оның билігін бұқараға мойындатуының астарында қадір-қасиетіне кір жуытпаған әділетті қазылығы себеп.
Тарихымызда дала заңдарының темірдей тәртіппен шегенделген ережелерін еріккеннің ермегіне айналдырмай, айдар тұтып, мінезіне мін түсірмей, ұлттың міндетті мінберіне айналуына бабаларымыздың осындай аманатқа адалдығы дәлел.
Ал енді осы құндылығымыздың бүгінгі құрметі қандай? Қазақ халқының әдет-ғұрып заңдары Тәуке ханның кезінен атақты үш би – Қазыбек би, Төле би, Әйтеке бидің даналығымен дүниеге келген "Жеті жарғымен” жалғасын тауып, ғасырлар бойы сақ тұқымының саф тазалығына қорған болып келсе, енді бүгін ел тәуелсіздігін алған шақта қайта арнасын тауып, сот төрелігімен тұтастықта тұғырына қонған тәрізді.
Осы орайда Мемлекет басшысының пәрменімен Билер институтын құру қолға алынды. Қауымның өз арасынан шыққан, шындықтың туын тік ұстар, тазалығына шық жуытпаған табанды мінезімен "Тура биде туған жоқ" ұстанымын ұлықтай білер тәбәрік тұлғаны баяғының биіндей бетке тұтып, ақылына жүгініп, амал қылу, айналып келгенде, адасқанды жолға салып, сүрінгенді демеуге, жаңылысып, жаза басқанға абақтымен емес, ағайындықпен араша тұруға, сол арқылы әлеуметке тіреу болып, әділеттіктің салтанат құруына жол ашса керек.
Ата-баба дәстүрін жаңғыртуға ниетті жұртшылықтың қолдауымен жер-жерде Билер алқасы құрылып, бет-бағдарын бекемдеуге кірісті. Ауданымыз бойынша бес адамнан тұратын Билер алқасының төрағасы болып, сот саласының ардагері Кенжегүл Көпесова тағайындалды.
Осы жерде Билер төрағасы неге ер адам емес деп өнбес дау қуатындар да бар.
Қазылық деп аталар қасиетті құндылық ұлтқа да, жынысқа да, нәсілге де бөлінбейді. Оның қаруы – жалғандыққа қарсы тұрар қаранар мінез, жорта егесіп, жосықсыз жала қуғанның қиянатына қылбұрау салар қызыл тіл, әлімжеттікке тап болғанға қорған болар әділ үкім ғана.
Қырық жеті жыл құқық қорғау саласында қажырлы тер төккен, оның он алты жылында аудандық соттың судьясы болған, осы қызметте қаншама тағдырға үкім шығарған сайын бірге күйзелетін дағдысымен талай жүрек ауыртқан, айналасындағы әрбір замандастың өткені мен бүгіні көкірегінде сайрап тұрған, көпті көрген тәжірибелі тұлғаның тағлымын ұлықтап, төрге шығарып, Би етіп сайласақ, бұл біздің, сайып келгенде, заң төрелігіне деген құрметіміз емес пе?
Бір күндік баққұмарлықты емес, ел келешегін ойлаған әркім осылай әділ ой қорытса керек.
Қазіргізаманныңқазысынешемежылдарөзіжүргізгенсотісіндебіржақтышешімқабылдағанкезіболғанемес. Ажырасуғақадамжасағанөтінішиелерініңарызынқанағаттандыруданбұрынекіжаққадаақыл-кеңесінберіп, қаншщамаотбасылардыңсақталыпқалуынакөпқажырқайратынжұмсапкелгенінеалдынанөткендеркуә. Адамтағдырынакеліптірелетінмәселеде «жетіөлшеп, біркескен» байыптыкөзқарасыннықұстағанұстанымынсерікетіп, қызметінабыройментиянақтады. ОтставкадағысудьяКөпесованыауданбойыншаБилеркеңесініңтөрағасыретіндетаңдауолкісініңосындайқұқықтықбағыттағықұзырлыәлеуетінәлідеелигілігінебағыттаумақсатынантуыпотыр.
Сүйген кәсібіне шын берілген бейнеткештігі сала саңлағын құрметтен де кенде етпеді. ҚР Конституциясының 10 жылдық мерекелік медалінің иегері, ҚР Судьялар Одағының «Үш би» белгісі және «Құрмет» медалімен марапатталған.
Кеше Қызылорда облысының сотының төрағасы Қамбар Жұмабайұлы аймақтағы сот төрағалары қатысуында өткен алқада сот саласының ардагері Кенжегүл Көпесованы төрге шығарып, сот төрелігін жүзеге асырудағы табыстары мен белсенді қоғамдық қызметі және 70 жасқа толған мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Құрмет грамотасымен марапаттады.
– Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Теректі ауылының тумасымын, – дейді ол бізбен әңгімесінде. Біздің үрім-бұтағымыз Домалақ анадан тараймыз. Бұл кісінің кім болғанын тарихтан білесіздер. Бәйдібек атамыздың кіші әйелі, жалғыз ұлы Жарықшақ бабадан тараған тікелей ұрпағы қатарында менің анамның әкесі ілімі зор молда кісі болатын. Үш-төрт жасар кезім болса да есімде қалыпты, әудем жерде тұрған Домалақ ана кесенесін күзететін ұлты бөлек кісі біздің үйге келіп, ақ матаға ораулы, төрде ілулі тұратын Құран кітабын атамнан жалынып сұрап алды. Оның себебі, күн сайын кірпішін қалап қойса да таңертең әулиенің бір шеті құлап жатады екен. Осы Құранды алып кетіп, арнайы бағыштаған соң ғана шырақшысы тыныштық тапқан екен. Осы оқиғаны бала да болсам ұмытпаймын. Кейіннен әулие анамыздың кесенесі қайта оңдалып, реставрация жасалып, сәукелеге малынып тұрғандай кейіпте архитектуралық ажарына қауышты. Қазірде Домалақ ананың басына қаншама жұрт тәу етіп барады. Ақылдығымен, көрегендігімен елді бүліншіліктен сақтандырып, бірлікке, ынтымаққа ұйыстыруды ұлықтап өткен әзіз ананың артында қалған сан ұрпағы Шымкент, Әулиеата, Жетісу өңірінде аман-есен, өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жайып келеді,– дейді асылдың сынығы.
«Тектіден текті туады, тектінің жолын қуады» дегендей, кешегі аталар жолымен ақ сөйлеп, адалын айтар айнымас сертке келгенде бұл кісіге таңдауымыз бекер түспеген екен деген ойға тоқтадық. Кешегі Домалақ ананың миссиясын замана мінберіне алып шыққан «Би апамыз» осы биігінен аласармаса деген тілектеміз.
Баян ҮСЕЙІНОВА