Көмірқышқыл газынан уланбау үшін не істемек қажет?
Газдан иістену жылыту маусымы кезінде өте жиі кездесетін жағдайға айналды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша апта сайын газбен иістену бойынша 3-4 жағдай кездеседі және кейбір жағдайларда адам өлімімен аяқталады. Жаңақорғанда да былтыр осындай деректер жиі кездесті. Сондықтан оның алдын-алу іс-шаралары қатаң бақылауға алынды.

Иісті газбен улану белгілері бұлшық ет әлсіздігі пайда болады, бас айналып, құлақта шу естіледі, тұншығуы сезіледі. Сондай-ақ, жүрегі айнып, лоқсу пайда болады, адам сандырақтап, галлюцинация пайда болады, әрі естен танады. Естеріңізде болсын, зардап шегуші адамды иісті газ концентрациясы бар жерде көмектесу үшін алдымен өзінің уланып қалмау қауіпсіздігін сақтау керек. Ол үшін қол орамал, дәке немесе киімдерді сулап сол арқылы тыныс алу керек.
Иісті газбен уланудың алдын-алу іс-шараларына пеш және пеш құбырларының жарылуын болдырмау, бітелген құбырларды, турбаларды тазалап түтін жолдарын ашу, әсіресе жатар уақытында оттың жануын қадағалау жатады. Өйткені адам ұйықтағанда иісті газбен уланғанын сезбей қалады және өрт салдарына әкеліп соғады.
Аудандық төтенше
жағдайлар бөлімі