Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қарияның өмір жолы тағылымға толы

Қарияның өмір жолы тағылымға толы

Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен өркендеуіне, әсіресе ауыл келешегін кемел ету бағытына еңбек еткен тұлғалардың тағылымға толы өмір жолынан мол ғибрат алуға болады. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырауда ыдырай бастаған кеңестік шаруашылықтардың жұмысын жүйелеп, ауыл өмірінің ақсаған тұстарына тірек болуға айшықты үлес қосқандар қатарында бүгін жетпіс жасқа толып отырған Қалдан Жәнібеков ағамыз да бар. Кеңестік кезеңде Түркістан қой совхозының директоры, кейін Қандөз ауылында әкім қызметін атқарған ардагерді ауылдастары мақтан тұтады. Қырық жыл қызмет атқарып, туған жер экономикасының өсуіне өзіндік үлес қосқан Қалдан ардагер қазір қайда жүр? Ауылдан кетсе де, ағайыннан алыстамаған ел ағасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік.
Бәрін басынан бастайық, Қалдан Омарұлы 1950 жылы Түркістан облысындағы Үшқайық ауылдық кеңесінде шопан отбасында өмірге келген. 1958 жылы жалпы білім беретін мектеп табалдырығын аттап, 1966 жылы Шәуілдір ауданы Балтакөл орта мектебін бітірген. Еңбекке ерте араласқан ол 1966-1968 жылдар аралығында атакәсіпті жалғап, шопан болады. Бірақ оқуға ынталы жас келешегін мал шаруашылығымен байланыстыруды мақсат тұтып, 1968 жылы Алматы қаласындағы «зоо-ветеринариялық» оқуға түседі. 1974 жылы «зоотехник» мамандығын бітіріп шыққан жас қызмет жолын туған өлкесінде экономист мамандығынан бастайды.
– Ол кезде ауылдықтардың негізгі кәсіп көзі мал және егін болатын. Оқуға екінің бірі түсе бермейтін еді, екі жыл ауылда қой бағып жүрген менің бар арманым жоғары оқу орнына түсу болатын. Арман қуып Алматыға да келдім, білім алдым. Содан жаман болмадық, қырық жыл елге қызмет етіппін, – деп бастады әңгімесін.
1974-1977 жылдар аралығында Түркістан совхозында экономист болған маман 1989 жылға дейін зоотехник, бас зоотехник қызметтерін атқарады. Сол жылдың желтоқсан айынан бастап совхоз директоры міндетінде болады. 1999 жылдан 2013 жылға дейін Қандөз ауылдық округінің әкімі қызметін абыройлы алып жүрді. Қалдан Жәнібеков басшылық қызметте жүргенде ауылда қандай тірліктер атқарылды? Бір ауылда 25 жыл бойы тұрақты тізгінін ұстаған басшы тактикасының тағылымды тұсын да білгіміз келді.
– Егемендік алған уақыттарда ел енді еңсесін тіктеп жатқан кез еді, ал ауылға клуб, мектеп, емхана қатты қажет болды. Алдымен білім ошағының іргетасын қаладық, одан кейін 20 орындық аурухана мен 50 орындық балабақша құрылысы жүрді. Кейіннен 150 орындық клуб үйін асар әдісімен салдық. Ең қиыны совхоздың тарағаны болды. Жеке меншікке өткізу халықты мемлекеттен бөліп тастағандай болды. Бірақ кейін тұрғындар тәртіпке бағынып, жағдайды түсініп, әркім тіршілігін тіктей бастады. Осындай сындарлы сәтте сағымыз сынбады, салымыз суға кетпеді, қайта уақытпен санаспай қызмет қылдық, бар қажыр-қайратымызды жұмсадық, – дейді кейіпкеріміз.
Ел үшін еткен еңбек еленіп, «Тыңның 50 жылдығы», «ҚР Конститутциясына 10 жыл», Қызылорда облысының 70 жылдығы мен ҚР Парламентінің 10 жылдығына арналған медаль кеудесіне тағылды. Сондай-ақ, Қызылорда облысының 200 жылдық мерейтойына арналған медалмен де марапатталды. Міне, өз саласының майталманы жеткен жетістік, бағындырған белес осындай еді. Қазір ел ағасы Түркістан қаласында тұрады. Зейнеткерлікке шықса да өзі туылған елді мекеннің тыныс-тіршілігін бағдарлап отырады екен.
– Шыны керек, қазір ауылдың ахуалы тұрақты, елдің әлеуеті артып келеді. Бұрынғыдай тоқырау, таршылық тауқыметі артта қалды. Қазір білім аламын, оқимын деген жастарға мүмкіндік өте көп. Шүкір етіп отырамын. Бірақ қазақта, «айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман» демекші, қазіргі қоғамның кейбір мәселелеріне көңілім тола бермейді. Оның ішінде жемқорлыққа жол берген жоғары биліктің шекпенділерін көргенде іштей ренжимін. Біз өскелең ұрпаққа осындай үлгі көрсете берсек ертеңіміз не болмақ? Сондықтан келер ұрпаққа өнеге қалдыру үшін еңбекті адал істей білу керек. Менің жетпіс жыл өмірден түйгенім осы, – дейді.
Қалдан ағамыздың еңбек жолынан уақытында әріптес болған қызмтекерлері өнеге алып, соның ізімен келеді. Солардың бір Көктөбе ауылдық округінің әкімі Боран Абуов
– Қалекеңмен қызметтес болған 26 жыл уақытта көп тәжірибе жинақтадым. Ұжымды ұйыстырып, елдік жұмысқа халықты жұмылдырып, ағайынды ауызбіршілікке шақыра білетін білікті басшы болды. Әсіресе тәуелсіздіктен бергі уақытта еткен қызметін ауылы ұмытпайды. Сол кісінің салған ізімен жүріп келеміз, – дейді.
Бүгінде екі ұл, екі қызды өсіріп, ыстық ұясына қондырған әкенің елге айтары көп. Әсіресе жастарға еңбекқорлық, ізденімпаздық керек дейді. Үлкеннің қашанда тәлімі қымбат. Өз әкесі 1992 жылы токсан екі жасында, араға тағы 10 жыл салып анасы да 92 жасында өмірден озыпты. Отбасында 6 ұлдың ортаншысы болған Қалдан Жәнібековтың осындай өнегелік өмір жолынан туған өлкеге деген шынайы махаббаттың бейнесін көрдік.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
16 ақпан 2020 ж. 663 0