Зорлық-зомбылыққа заң ізгілігі жүрмейді
Ел айтса, електен өткізіп айтады. Ауыр қылмыс жасағандардың жәбірленушімен келісімге келуіне жол бермеу керек, ол жазасын толық өтеуі тиіс, дегенді алға тартатындар көп. Рас, заңды ізгілендіру ісіне көп мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофиля және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Елдің талабы осы.
Мәселенің мәнісін түсіндіріп өтейік. Зорлау қылмысы Қазақстанда ауыр санатқа жатқызылатын. 2000 жылы Парламент депутаттарының шешіміне сәйкес заңнама орташа санатқа көшірілді. Осы қателіктің кесірінен кейбір жағдайда тараптар татуласып, қозғалған істің аяқсыз қалуы, зорлықшының жазадан сытылып кетуі әдеттегі құбылысқа айналды. Президент қолға алды, нәтиже бар. Енді 14 жасқа дейінгі балаларды зорлағандар 20 жылға дейін сотталады немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылады.
Ел арасында бұған екі жақты пікір жоқ емес. Яғни азғындарды қоғамнан оқшаулап, ешқашан түрмеден шығармау керек дегенді ұстанғандар, сондай-ақ оларды өлім жазасына кескенді құптайтындар бар. Әрине, бейкүнә бүлдіршіннің болашағына балта шауып, тағдырын тас-талқан еткендерге кешірім жоқ. Әлеуметтік желіде де жазаның осы түрін қолдайтындардың қарасы басым.
Мұндай қатал шешім қабылдауда ескеретін жайттар бар. Соның бірі халықаралық-құқықтық нормаларды қайта қарауды талап етеді.
Сонда қайтпек керек? Нәпсінің құлақ кесті құлына айналған, ар-ұяттан жұрдай, адамшылық қасиеттен айрылған «педофил» сөзін естіген жұрттың төбе шашы тік тұрып, жаны түршігетін халге жетті. Ойды алысқа жүгіртіп, халықаралық тәжірибеге үңілсек, мәселен, Қытайда педофилдің баланы зорлағаны дәлелденсе, сөзсіз өлім жазасына кесіледі. Мысыр мен Иранда азғындар көпшіліктің көз алдында атылады немесе дарға асылады. Солтүстік Кореяда да ату жазасы белгіленді. Үндістан үкіметі 2018 жылы 12 жасқа дейінгі қыздарды зорлағандарға өлім жазасын енгізді. Сауд Арабиясында, Латын Америкасы мемлекеттерінде, Оңтүстік Корея мен Иракта да «сәбиқұмарлар» өмірімен қош айтысады. Тіпті Африканың кейбір елдері педофильді тірідей өртеп жібереді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кәмелетке толмаған жас балаларды зорлаған азғындарға кастрация жасау заңнамасы қолданысқа енді. Ол үшін бюджеттен 9 млн 629 мың тенге бөлінген. Ал 2019 жылы 11млн 38 мың тенге қарастырылған. Қыркүйек айында Қылмыстық атқару жүйесі комитеті 11 адамның химиялық жолмен піштірілгенін мәлімдеді.
Химиялық піштіру дегеніміз – жыныстық құмарлықты төмендететін антиандрогендік препаратты ағзаға енгізу шарасы. Оны сот шешімінің негізінде медициналық мекеме жүргізуі тиіс. Медицина мекемелерінің мәлімдеуі бойынша, кейбір қылмыскелер кострацияның күшін қайтаратын антипрепорат тауып алатын көрінеді. Ондай препараттар нарықта емін-еркін сатылады. Сондықтан піштіреді екен деп айылын жиған, нәпсісін тиған педофил бар ма, жоқ па, ол жағы – әлі беймәлім.
Біздің пайымдауымызша, 14 жасқа дейінгі балаларды зорлағандар өмір бойы тор қапасқа қамалсын немесе өлім жазасы тағайындалсын. Кастрация жасалсын, аты-жөні ашық жариялансын. Мораторий мерзімі біткенде өлім жазасы қайтарылсын. Зорланған балалардың немесе ата-аналарының орнына өзіңді қойсаң, одан зорғысын істегің келетіні жасырын емес.
Педофилдер біздің елде неге көбейді? Адамдық атқа сызылған қара дақтан қалай құтыламыз? Жаһандану үрдісі ұлтты рухани дағдарысқа ұшыратты ма? Оған қарсы ұлттық иммунитетті күшейту жолы қандай? Сұрақ көп...
Еразақ ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор
заң ғылымдарының докторы, профессор