№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы


Сөз өнері – киелі өнер. Сөз – бір әлем. Сөз – адам танымын кеңейтіп, өмірін айшықтайтын құрал. Тарихқа көз жүгіртсек халқымызда қара қылды қақ жарған би-шешендер қауым елге жол сілтеп, әділдігін айтқанда етектегі баладан еңкейген қартына дейін сөз құдіретіне бас иіп, бір ауыз сөзге тоқтаған. Бұл өзге емес өз жұртымыздың тәлімі. Ал енді осыдан сәтте жұрдай болып әлеуметтік желі салған әлектен әліміз құрып, сөз құнарын жоғалта береміз бе?


Ұлы ғұлама Абай Құнанбаев «сөз өнері – дертпен тең» дегенде көркем әдебиетіміздің қойыртпаққа айналып, мағынасыз сөздер мен мағына бұзылмауына сақ болуды айтқан.
Қашанда қаламгерге артылар жүк жеңіл емес. Алайда қазіргі әлеуметтік желідегі блогерлер, дәлірек айтқанда өзін блогер деп санайтын жазғыштардың «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп мағынасыз сөздермен өрілген хабарларының бейресмилігі өз алдына, олардың сөз саптауындағы қателерден көз сүрінеді. Оқығанда ойың бөлініп, санаңды сарсаңға салатын, бір қайнауы ішінде қалған туындыларға не дерсің?
Инстаграм желісінде жарияланған мына бір жазбаларға көзім түсті «...ұтқан жанмен ұтып тұрып ұталмай қалған жанмен сөйлескенім». Ал енді осы сөйлемнен не ұқтыңыз? Жаңылтпаш дерсің. Тағы да бір жиі айталатын: «әңгіме соғып отырғансың ғо» дейтін тіркес шықты. «Баратқанда, келатқанда, нағылса, нағыламын, әнейер, мінейер...» жаза берсең көп, сөздерді толығымен жазуға шыдамымыз жетпей ме, қайдам.
Ендігі кезекте желідегі қазақ әріптерінің қолданылмауы туралы бірер сөз. Көбінде әлеуметтік желіде қазақша жаза бермейтініміз рас. Желідегі пікірталастар былай өрбиді «казыр тусиндирип беремин. Мени тангалдыратыны, морали томен адамдардын морал туралы козгайтыны. Бир жиркеништи. Бир адам, дин кызметкери, жанагы сиз айтпакшы сайрап отырган молдеке. Сол молдеке келген мын-сан адамнын хал-жагдайын сурай бермейди. Акылга сыймайтын нарсе». Осылай жалғаса береді. Бұлай өзімізді масқаралап, желі жұлдызы болмағанымыз жөн-ау. Мұнымен бітпейді, күнделікті WhatsApp-тағы чаттардан да таңертеңнен кешке дейін әзіл-қалжыңы аралас небір хабарламалар келіп жатады. Әрине өзімізден де қателік кетіп жатыр, алайда турасын айтсаң қысылудың орнына мойынсынбай бұлқан-талқан болып сауатты жазуға құлық танытпайтынымыз тағы бар.
Журналистиканың білгір маманы, осы мамандық бойынша докторлық еңбегі дайын тұрған жерлес ғалым-оқытушы Гүлжазира Құдайбергенқызының салмақты пікірі біздің көңіліміздегі сан сауалды дөп басқандай: «Журналист блогер бола алады, ал блогер журналист бола алмайды. Бүгінгі блогер өзінің кім екенін өзі де білмейді. Сол үшін ең алдымен кәсіби журналистер мен блогерлердің аражігін заңмен анықтап алу қажет.
Бүгінде ғаламтор желісіндегі ақпараттардың қайсысы рас, қайсысы жалған екендігін ажырата алмайтын жағдайға жеттік. Бұрыннан келе жатқан газет, радио, теледидар сияқты ақпарат тарату көздері ең алдымен объективті, нақты, шынайы хабар беруді басты назарда ұстайды. Журналистика ең ежелгі екі мамандықтың бірі болып саналғандықтан хабар таратудың әдіс-тәсілдері ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан. Ал ғаламтор желілерінде өз ойларымен бөлісетін блогерлер бұл санатқа жатпайды.
Журналистиканы блогермен қатар қоюға болмайды. Олар қоғамдық пікір қалыптастыратын көлемді сараптама мақалалар жазбайды, тек қысқа ғана ақпараттарды таратады. Тіпті кей блогерлердің көз жеткізілмеген дәлелсіз ақпаратты көшірумен және өсек пен төсекті сенсациялаумен шектеліп жүргені қарын аштырады. Былапыт әңгімемен сөз арасын былғап, сөз тіркесін сауатсыз құрып жүрген «жазғыштарды» да кездестіріп жүрміз. Сөйте тұра «мен блогермін» деп төсін қағып, шаттанатындары мені қайран қалдырады.
Блогерлік – бұл журналистика емес. Мысалы, блогер елде орын алған төтенше немесе апатты жағдайды суретке түсіріп өзінің сайтына немесе парақшасына салады да, «басшылық жұмыс істемейді» деген секілді қысқаша мәлімет береді. Ал журналист болса, алдымен оқиғаны толық зерттегеннен кейін ғана толықтай нақты ақпарат таратады. Блогер өзі үшін жазады, өзінің оқырмандарымен ой бөліседі, ал журналист қалың оқырмандарға, жалпы аудиторияға арнап жазады.
Мәселен, журналистикада белгі­ленген жауапкершілік бар. Ол өзінің алған миссиясынан аттап өте алмайды. Халық алдында жүрген соң, қалыптасқан ережелер аясында қызмет етеді. Ал блогерде жауапкершілік төмен. Олар қазақ үшін керек және керек емес дүниені сараламайды. Оған кей сайттардағы жазбалар дәлел бола алады.
Журналистика – мамандық, бло­гер­лік – мамандық емес. Журналистердің кәсіби мерекесін еншілеп, өзін сол саланың өкілі санап, мейрамды атап өтетін кей блогерлердің бейшаралығына жаным ашитынын жасырмаймын.
Блогерлерді дұрыс ақпарат таратушылар деп те айта алмаймыз. Кейде оларды қоғамда белгілі бір ой-пікірді тарату құралы ретінде пайдаланады. Осы мақсатта олар тапсырыспен, ақылы жұмыс жасайды. Оны жасыра алмаймыз»
Ғалым осылай деп түйеді. Бұдан ұққанымыз, оқырман алдымен журналист пен блогердің аражігін айырып алу керек. Әрине, блогерлердің барлығы деп айтуға болмас, басым көпшілігі сөз өнерінің құдіреттілігін ұмыт қалдырған.
Айтайын дегенім, бүгінде қасиетті қарасөзді қолжаулық етіп, аяққа таптаудан арланбайтын ағайынға Абайдың мына сөзін араша еткім келеді: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы. Ол ақынның білімсіз бишарасы».

Майра ҒАНИЕВА
28 қаңтар 2020 ж. 997 0