БЛОГГЕР ДЕГЕН КІМ ӨЗІ?
Бүгінде қит етсе болды, оқиға желісін әлеуметтік желіге жариялауға асығатындар қатары көбейді. Өзін блоггер санап, биліктің осал тұсын тапқанын мақтаныш санайды. Дұрысы, санасын солай сендіреді. Сосын, жүрген-тұрған жерінен ілік іздеп, қармаққа ұнамсыз істі ілуге тырысады. Қысқасы, қас-қағым сәтте желідегі жамағаттан сүйінші сұрауды жаны сүйетін желі белсенділерінің бүгінгі ахуалын тақырыпқа арқау етсек. Бірден айта кету керек, смартфоны бардың бәрі блогер емес. Өйткені, бұл кең ауқымды түсінік.
Әрине, блоггерді мамандық иесі деп айтуға келе қоймас. Алайда соңғы жылдары блоггерлердің қоғамдағы салмағы күн санап өсіп келе жатыр. Хош. Ғаламторды еркін меңгергеннің барлығы бірдей блоггер ма? Жоқ. Ең алдымен, блогердің көзқарасы журналистікіне қарағанда субьективті болып келеді. Жалпы, блоггер мен журналисті ажыратпас бұрын, блоггер ұғымын нақтылап алу қажет. Блоггер – ол өз блогында дербес пікір білдіретін адам. Блогтың қарапайым анықтамасы – онлайн күнделік. Ал, блогер – күнделік жүргізуші. Әдеттегі күнделіктен айырмашылығы – ашықтық пен жариялылығы.
Қазақстандағы №1 қазақ тілді блоггер Өркен Кенжебек блоггерлік өнерге қатысты мынадай ой айтады. Бірінші, блоггер өзі үшін, ал журналист ел үшін жазады. Мысалы, блоггер постын қалай жазғысы келсе солай, күй талғап, көңіл хошын келтіріп барып өзіне-өзі рахат сыйлау үшін жазады. Екіншіден, блогтың бір артықшылығы – мұнда блоггер өзінің оқырмандарымен әңгіме құрып, олармен бірден интерактивке түсіп, пікірлесе алады. Сөзбен салғыласып, шаңын шығара салады. Үшіншіден, блоггердің қай жерде, қай кезде жазам десе өз еркі. Бекітілген кестесі жоқ. Шығармашылық шабытым жоқ деп 1-2 ай блогын жауып кетсе де, ешкім ештеңе демейді. Бұл Өркеннің өрнегі.
Тақырыптың жалпы мазмұнын түсінген боларсыз. Бұлай ежіктеп отырған себебім, бүгінгі таңда әлеуметтік желіні ашсаңыз, қатыгездік пен мазаққа толы кадрлардан көз сүрінеді. Адамның мүшкіл халіне көмектесудің орнына телефонның видеосына түсіріп, жалпақ жұртқа жариялайтындардың саны артып барады. Небір жағдайларға немқұрайлық танытып қана қоймай желілерді шулатуға жаны әуестердің көпшілігі жазасыз жүр. Мәселен, белгілі бір отбасының мүшелері жасырын сақтауға тырысатын мәліметтерді де рұқсатсыз жариялауға тыйым салынады. ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабының 5-бөлігі бойынша «адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз тарату не өзге де дербес деректерді заңсыз жинау және өңдеу нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру, мұндай мәліметтерді сөйлеген сөзде, көпшілікке көрсетілетін шығармада, бұқаралық ақпарат құралдарында немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып тарату» жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.
Сондықтан әлеуметтік желілерде бір адамның мейрамхана, қоғамдық орын, қысқасы, көпшіліктің көргенін қаламайтын басқа да жерлерде түсірілген, біреумен кездесіп тұрған фотосуреті немесе сол туралы ақпарат оның келісімінсіз жарияланса, ол адам заң орнына соны жариялаған адамның үстінен шағымдана алады. Заң бұзғандардың кінәсі дәлелденсе, 7 жылға дейін түрмеде отыруы мүмкін. Әрине, ең бірінші кезекте дәлел-дәйек міндетті түрде керек. Жақсы дәлел – нотариус арқылы куәландырылған скриншоттар не аудио, видео деректер.
Қорыта айтқанда, телефонға түсіріп, желіге жар салудан бұрын бір ойланып, пайым сүзгісінен өткізіп алған абзал.