Инновация игілігін икемдеген мектеп
Жаңартылған оқу бағдарламасына көшкен білім ошақтарының басым бөлігі инновация игілігін көре бастады. Яғни жаңа технологиялар, роботтандыру сабағын енгізген мектептер ғылыми жобаларға қатысып, жаңа идеяларды жүзеге асыра бастады. №160 мектептің де негізгі бағыты осыған негізделген. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен аудандық ғылыми жоба байқауынан үздік шыққан білім ордасы әдебиет, математика пәнінен облыстық байқауларға жиі қатысып жүр. Сондықтан қазақтың біртуар ақыны Манап Көкенов шыққан ауылдағы мектептің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Шағын ауылда 1400-дей тұрғын түтін түтетеді. Іргетасы 2007 жылы қаланған білім ошағында қазір 160 оқушы білім алады. Типтік жобада салынған мектеп негізінен 120 балаға арналған, десе де жыл сайын бала саны артып келеді.
– Қазір мектепте 30 ұстаз бар. Барлығы жоғары білімді, екінші санаттағы мұғалім саны екеу, қалғандары 1 және 2 санатты педагогтар. Жыл сайын ҰБТ көрсеткіші жоғарылап келеді. Кейінгі үш жылда әзірге мектепте бір ғана алтын белгі иегері бар. 2018-2019 оқу жылында 12 оқушы бітіріп, 72,5 орташа балл жинады. Оның 10-ы ҰБТ-ға қатысып, 9 оқушы мемлекеттік грантқа түссе, өалған үш түлек ақылы негізде оқуға түсті. Мектеп қазір жаңартылған оқу бағдарламасына көшті, – деді мектеп директоры Жанәділ Ибрагимов.
Білікті басшысының директорлық қызметте жүргеніне 8 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде мектептің бағындырған биігі аз емес. Алдымен жаңартылған оқу бағдарламасының тиімділігін біліп алайық.
– Жаңаша оқыту бағдарламасының негізгі қағидасы – бала қиялында білім көкжиегіне ашық кеңістік қалыптастыру. Ол одан қалағанын табуға ұмтылуы тиіс. Оған сенімі биік. Қасындағылары да көмекке келеді. Сабақты топтап оқыту, жұптап оқыту әдіс-тәсілдерінің астарында баланы қоғамға баулу, томаға-тұйықтықтан арылтып, тәуекелшілдікке тәрбиелеу талабы тұр.
Жас өрен мектеп партасында тұтас әлем туралы ақпарат алып, ой қорыту үшін алған білімінің бір-бірімен өзектесіп, өміршең арна қалыптастыруы маңызды. Мәселен тарихты оқытуда оны әдебиетпен, математикамен байланыстыра зерделеуге күш салудағы мақсат, теориялық білімді күнделікті өмір құбылыстарымен бекемдеп, тізбекті түрде қарапайымнан күрделіге қарай санада қорытып отырғанда 5-сыныптан бастап сұрақтар қамтылатын ҰБТ сынағында оқушының қиналмасы хақ, – деді директор.
Енді ұстаздар мен шәкірттер жеткен жетістіктерді саралап өтейік. Оқушылар аудандық олимпиадалардан көбіне екінші орынмен көрінеді екен. Мәселен, Қазақстан тарихы пәнінен Зарина Шекербек, математикадан Ақжүніс Әбдімүтәліп, қазақ тілі пәнінен Нұрсел Мейірхан және Назгүл Еркебайқызы ауданжық олимпиада да екінші тұғырдан көрінді. Ұстаздар да осы белесті бағындырған. «Ең үздік сындарлы сабақ-2018» аудандық байқауынан үш мұғалім екінші орынды жеңіп алған.
Манап Көкеновтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған мәнерлеп өлең оқудан аудандық сайыста Нұрсел Мейірхан бірінші орынды жеңіп алып, «Фариза оқулары» көркем сөз байқауында үздік үштіктен көрініпті. Мөлдір Тасхожаеваның шәкіртінен әлі де жетістіктер күтеді ұстаздары. Мұғалімдер арасында Жолдауды насихаттау сайысынан №160 мектеп мұғалімдері 1-орынды жеңіп алды. Аудандық «мұғалімдер отбасы» сайысында Қошановтар отбасы тұғыр биігінен көрінді. Команда мүшесі, әрі аудандағы белді математика пәні мұғалімі Абзал Қошанов «Үздік понорамалық сабақ» сайысында да бірінші орынды иемденді. Абзалдың қос шәкірті «Қазақстан балалары шексіз әлемде» тақырыбында деректі кино сайысында жүлделі оралды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аудандық ғылыми жоба байқауынан бір, екі және үшінші орынды №160 мектеп шәкірттері иеленіпті. Зарина Шербек бас жүлдені жеңіп алған. Ұстаздардың «Алғыс хат», Құрмет грамоталары» аз емес. Жалпы алғанда енді еңсе көтеріп келе жатқан білім ошағының беталысы жаман емес.
– 26 оқушы мектепте есебінен ыстық тамақпен қамтылған. «Тау Самалы» және «Талдысу» лагеріне, Машат пен Бурабай лагеріне жыл сайын балаларды демалуға жіберіп тұрамыз. 1 оқушы демалып қайтты. Сондай-ақ, мектеп жанынан ашылған шағын орталық бар. Қазір онда 24 оқушы тәрбиеленеді, ал, интернатта 12 оқушы жатады, – деді Жанәділ Пайызұлы.
Қорыта айтқанда, қазіргі мектептерде үштілділік қағидатын қалыптастыруда, жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытуда, ҰБТ-ға дайындық мәселелерінде көп ізденіс, тың тәсіл, жаңаша бетбұрыс бар. Бұл бағытта мектептерге дербестік берілуі серпін береді. Оқу ошақтарында жетсітікке жету жолдары түрліше болғанымен мақсат біреу. Ол жаңа заманға сай интеллектуалды тұлға қалыптастыру. Міне осы бағытта келе жатқан №160 орта мектептің келешегінен көп үміт күтеріміз түсінікті.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ