Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Аудан медицинасы неге сынға ұшырады?

Аудан медицинасы неге сынға ұшырады?

Күлтөбенің басында күнде жиын» демекші, бұл басқосу бұрынғыдан өзгерек. Рас. Аудан әкімі Сұлтан Мақашов бұған дейінгі кездесуде көше жарығын талқыласа, ендігі кезек медицинаға келді. Аудандағы денсаулық саласына қатысты түйдек-түйдек мәселелер ашық көтерілді. Талқылау форматы да тым бөлек. Төрде отырған ауданның бас дәрігері Яхия Шорабаевқа тұрғындар тікелей сұрағын қойды. Тіпті бас дәрігердің жұмысын сынға алғандар да болды. Басқосу барысында аудандық ауруханадағы үш білікті дәрігердің жұмыстан неге шығарылғаны айтылды.
Әуелі сөз тізгінін алған Сұлтан Ысқақұлы тұрғындармен мұндай ашық диалог ұйымдастырудағы басты мақсат – мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру екенін тілге тиек етті.
– Біз бұған дейін осындай басқо­суларды аптасына не екі жетіде бір өткізіп тұруға уағдаласқан болатынбыз. Ондағы мақсат – ашық диалог арқылы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру. Ендігі кезекте, денсаулық саласы қызметкерлеріне қарапайым халықтың көңілі тола ма? Толғандырған және қордаланған қандай мәселелер бар? Осы жөнінде ойларыңызды білгім келеді. Кездесу ашық. Енді кезекпен сұрақ қоймас бұрын бас дәрігер Яхия Шорабаевтың жыл бойы атқарып жатқан жұмысы мен жоспарын тыңдайық, – деді әкім.
Ә-дегеннен ауданның бас дәрігері статистиканы сөйлетті. Оның айтуынша, аудан бойынша 1400 денсаулық сақшысы 74 343 тұрғынға медициналық қызмет көрсетуде. 2016 жылмен салыстырғанда медициналық ұйымдардың заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі 86 процентке жеткен. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 50 пайыз болған.
– Биыл жаңа рентген аппаратын алдық. Ендігі жоспарда компьютерлік томография. Сондай-ақ біз ауданарлық аурухана ретінде нейроинсультті орта­лық ашуды жоспарлаудамыз. Жалпы аурухана, емханада барлық мамандар толық. Тек неонатолог маман жетіспейді. Негізі біздің аудандық емхана 250 орынға лайықталған болса, бүгінде күніне 680-жуық пациент келеді. Көбіне тұрғындардың дәрігерлерге көңіл толмаушылығы осы тұстан басталады. Сондықтан темір жолдың екі бетіне де емхана ашу күн тәртібіндегі мәселе, – деді Яхия Кәдірбекұлы.
Хош. Денсаулық саласында атқа­рылған жұмыстан кейін сөз кезегі тұрғындарға берілді. Микрофонға жақын­даған жұртшылық қарасы көп болды. Десе де, ең өзектілерін өрбітсек. Өйткені, қордаланған мәселенің шешілгені абзал.
Бірінші болып зейнеткер Сырғагүл Болғанбаева сауал қойды. Ол көше аралап, тұрғындардың саулығын қада­ғалап жүрген медбикелердің айлығына қосылатын қосымша үстемақысы неге кешіктіріліп берілетінін сұрады. Себебі, 4-5 айда қосылған қосымша үстемақы 100 мың теңгенің үстіне шығып, атаулы әлеуметтік көмек алуға өзіндік кедергісін келтіріп жатқанын жеткізді. Яғни, табыс көзі ұлғайып кетеді.
Бұл сұраққа Яхия Шорабаев бүй деді: «Бұл қаржы медицина қызметкерін ынталандыру сыйақысы. Ол ақша бірден берілмейді. Өзіндік салалық, сапалық индикаторы бар. Сол бекітілген аймаққа жауапты дәрігер ретінде ана мен бала өлімі болса, бала шала туылса деген секілді өзгеде көрсеткіштер назарға алынып, мониторинг жасалынады. Міне, осыны талдауға уақыт кетеді. Арнайы базаға толтырылады. Сондықтан қосым­ша үстемақы кешіктіріліп беріледі. Ал жалақыларын уақытылы алады».
Бұдан кейін ішкі істер саласының ардагері Әлібек Сүгірбаев ағамыз мик­рафонға жақындады. Кенттегі дәрі­ханаларға қатысты мәселе көтерілді. Өзіне мемлекеттің беретін тегін дәрісі жақпайтынын айтып, дәріханадағы баға реттілігін тексеретін не бақылау жасайтын орган кім екенін сауал етті. Түркістаннан 2900 теңгеге алған дәріні ауылдан 4300 теңгеге сатып алатынына қынжылды. Мұны елдің атынан сауал еткен Әлібек Сүгірбаев қымбат дәрілерді сатып алуға өзінің шамасы келгенімен, басқа тұрғындардың қалтасына салмақ екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде, бас дәрігер Яхия Кәдірбекұлы:
– Барлығыңызға белгілі, дәріханалар жеке сектордың қолында. Біз жеке кәсіпкерлерге бағаны төмендет деп айта алмаймыз.
Десе де, Қазақстан бойынша дәрі-дәрмектің шекті бағасын бекіту жөніндегі құжат жобасы ҚР Парламент Сенатында қаралымда тұр. Негізі Үкіметтің бекіткен әлеуметтік маңызы бар жиі қолданылатын 96 дәріге ортақ баға бекітілген. Оны кенттегі дәріханалардан алуға болады. Ал дәрілердің бағасына қатысты тексеру не бақылауға келсек, облыс орталығында Тауарларды және қызметтердің сапасына бақылау жөніндегі арнайы комитет бар. Баға жөнінде сол орталыққа жүгінесіздер, – деді.
Мұнан кейін мінбеге көтерілген аудан­дағы темір жол ардагерлері ұйымының төрайымы Кенжегүл Бақтыбаева емха­наға барып, дәрігерлерден қажетті нұсқаулықты алғаннан кейін сол укол­дарды салдыратын кентте  орын жоқ екенін жеткізді. Осыған байланысты шағын болса да  процедуралық кабинет пен қан тапсыратын орын ашып беруді сұрады.
Бұл сұраққа қатыстыаудан әкімі Сұлтан Мақашов пікірін білдірді. Ауданға әкім болып келгеннен кейін ең алғашқы қараған мәселесінің бірі – осы емхана екенін атап өтті. Себебі, темір жолдың арғы бетінде емхана болып, екінші бетінде жоқ болуы тұрғындарға ыңғайсыздық туғызатынын түсіндірді. Сондықтан бұл мәселені шешудің 2 жолын ұсынды. Біріншісі, жалға алып болса да емхананың бір бөлігін дайын ғимаратқа көшіру. Екіншіден, бастапқы медициналық-санитариялық  көмек ұйымдарын ұйымдастыру. Бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 10-15 мың тұрғыны бар аумаққа шағын емдеу орнын салуға әрекет жасау керек.
Өз кезегінде Яхия Шорабаев: «Бізде үй жағдайындағы стационар деген меди­циналық көмек түрі бар. Егер күндізгі стационарға бара алмаса, не егде кісілер болса, үй жағдайындағы стацио­нарды қолдана алады. Аймақтық дәрі­гер үйіне барып, ем-домын жасап, анализін де алады. Сондай-ақ алдағы уақытта Саяжай, МАИ бекеті аумағынан амбулатория ашу жоспарда бар. Өйткені, ол жақта тұрғындар саны жыл санап өсуде».
«Ауырған адамға ең бірінші жылы сөз ем болады. Жазда бас дәрігерге екі рет қабылдауында болдым. Өзім қан қысымым көтеріліп барғандықтан қатты дауыс көтердім. Дәрігерден жылы сөз күттім. Бірақ... Осы дұрыс па? Екінші жағынан басшылыққа келгелі дәрігерлер жұмыстан кетті. Неге? Осының жауабын білгім келеді. Сосын емхана мен аурухана дәлізіндегі желдеткіш ешқашан іске қосылмайды. Оның себебі бар ма?». Бұл – кент тұрғыны Қаракөз Сабырханованың уәжі болатын.
Эмоцияға берілмеуге үндеген аудан әкімі сөз кезегін Яхия Кәдірбекұлына берді. Бас дәрігер салқындатқышқа қа­тысты сұрақтың жауабын әріден бастады.
– Өздеріңізге белгілі, өткен жылы 1 қазанда осы қызметке тағайындалдым. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы нақты тапсырмалар берді. Яғни Жаңақорған ауданындағы аурухананың мемлекетке жарты миллиард қарызы болды. Осы тығырықтан шығуда менеджерлік қарым-қабілетін көрсетуі тиіс болды.
«Өткен жылдың қазан айынан қаңтарға дейін 125 миллион теңге қарыздан құтылдық. 2019 жылға 425 миллионтеңге қарызбен кірдік. Сондықтан сіздер айтып отырған кондиционерге әзірге қаржы қарастырылмаған. Жоспарда жоқ. Себебі, бұл жылдың өзін мекеме 300 миллион теңге көлеміндегі қарызбен аяқтаймыз» деді ауданның бас дәрігері.
Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі Сұлтан Мақашов өзіндік тәжірибесімен бөлісті. Қармақшыда әкім болып тұрған кезінде тап осындай сұрақтың шешімін тапқанын жеткізді. Ол үшін аудандық бюджеттен ауруханаға қажетті салқындатқыш, мұздатқыш, теледидар, су жылытатын құрылғы алуға жұмыс жасайық деген ұсынысын білдірді. Бас дәрігерге осыған байланысты құжаттамалық негіздерді беруді тапсырды. Бұл қаржыға бюджеттің бір бүйірі қисайып қалмас деген ой айтылды.
Әбдісамат ӘБДІШ
07 желтоқсан 2019 ж. 715 0