№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «АУЫЗ СУ жыры» ой-шұқыр жолға тап қылды

«АУЫЗ СУ жыры» ой-шұқыр жолға тап қылды

    «Күлтөбенің басында күнде жиын» демекші, бұл басқосу бұрынғыдан өзгерек. Жаңақорған кентінің «бас ауруына» айналған ауыз су мәселесі өткен жылдан бастап «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге аса бастағаны белгілі. Алайда, ауыз суға қарық боламыз ба деген қарақұрым халық, бүгінде әр жерден қазылған ойдым-ойдым жолдардан зиян шегуде. Кентішілік ауыз су құбырларының жүргізілу барысында аудан және кент әкімдігіне тұрғындар тарапынан түсіп жатқан арыз-да есеп жоқ. Мәселен, жаңбыр жауып, күн күркіреген күндері су құбыры жүргізілген аумақта «аққу ұшып, қаз қонбаса да» қазылған ордың орны төмен түсіп, көлік жүргізушілері мен тұрғындарға жайсыздық тудыруда. Бұл мәселеге бей-жай қарамаған аудан әкімдігі мен бас мердігер компания өкілдері, тапсырыс беруші, жетекші партия өкілі мен ел ағалары әкімдікте бас қосып, техникалық кеңес өткізді. Бұған дейін мамыр айында өткен кеңесте ауыз су құбырының сапасы сөз болса, бұл жолы ойдым-ойдым көшелер күн тәртібіне шығарылды.

   Ә дегеннен кеңес төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков бас мердігер компания өкіліне сауалды төтесінен қойды.
– Асфальтталған көшедегі қазылған траншеялер қашан қалпына келтіріледі? – деген сұраққа бас мердігерден мардымды жауап болмады. Десе де, бүгінгі таңға дейін атқарылған жұмысты тапсырыс беруші «Қазсушар» РМК «Арал» СЖКБД Қызылорда филиалы директорының орынбасары Алтынбек Есенов баяндап берді.
Оның айтуынша, 2018 жылға 1 393,93 млн. теңге және 2017 жылдан қалған 306,15 млн. теңгені құрылыс жұмысына игеру жоспарланған. Бүгінгі таңға дейін нысан бойынша 2 297,669 млн. теңге игеріліп, 193,2 шақырым су құбыры мен 3050 дана көру құдықтарының 157,451 шақырым ішкі су құбыры жүргізіліп, 2120 дана көру құдығы орнатылған. Сондай-ақ 2 дана 1000 текше метр су жинайтын қойма, су айдайтын сорғы стансасы салынған.
Оған қоса, бас мердігер «Темір Строй Сервис и Ко» ЖШС-і өз қаржысымен келесі жылдың есебінен ауыз су желілерін жүргізіп, жалпы жобаның 90 пайыздық жұмысын бітірген. Міне, «Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан басталды» дегендей, кентішілік жолға қатысты көп мәселе осы жерден туындаған. Әлгі біз айтқан бас мердігер өз қаржысы есебінен дегені жай қаржы емес. Бақандай 800 млн. теңге. Техникалық кеңеске келгендердің барлығы да «Аталмыш қаржыға неге қазылған көшені қайта қалпына келтіруге яғни, асфальттауға жұмсалмаған?» деген сауалын қойды. Әсіресе, бас көшелердің бойын қазған кезде артынан асфальттап кеткенде ел арасында мұндай наразылық болмаушы еді. Енді келіп, қаржы жоқ. Әрине, мердігердің жұмысын жоққа шығаруға да болмайды. Кентішілік М.Көкенов, Пахырдинов, Құрманғазы тағы да басқа көшелерге қайта қалпына келтіру жұмысын жүргізді. Десе де, көп уақыт өтпей асфальттанған жерлер төмен түсіп, орға айналды. Мәселе, жұмыстың жүргізілуінде емес, сапасында болып отыр.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының саяси бюро мүшесі Алшынбай Тұртанов сапасыз жүргізіліп жатқан ауыз су құбырларын сынға алды. Ауыз су мәселесі жайына қалып, жолдың күйі шаршатып біткенін сөз етті. Жүз жерден жамағанмен бұрынғы асфальттанған жол қайта қалпына келмейтінін айтты. Себебі, күн райы жауын-шашын. Бүгін жасалған жұмыс, ертең опырылып, ойдым-ойдым шұқырға айналады. «Асфальттанған жолдың қиылысын кесіп өтпей, астынан тесіп өту керек еді. Ал, қойылып жатқан көру құдықтары мен қақпақтарының сапасын айтпай-ақ қояйын. Мемлекеттің қыруар қаржысы ит-рәсуа», – деді ел ағасы Алшынбай Тұртанов.
 Ал, аудандық мәслихат депу­таты Серік Абдуллаев пен Мәжит Балқожаев аудандық бюджет есебінен қыруар қаржыға салынған «Хорасан ата», «Мұсаханов» көшелерінің бүгінгі күйін айта келе, қайта қалпына келтіру жұмысын сапалы жүргізуді елдің атынан мердігер компанияға аманаттады. Жол бойынан бірі төмен, бірі жоғары шығарылған көру құдықтарының кесірінен жол-көлік оқиғасы орын алып жатқаны белгілі болды. Ел тілегін жеткізген халық қалаулылары өзгеде орын алып жатқан бірқатар сапасыз жұмыстарды жіпке тізді.
Сонымен қатар, «Саяжай» мөлтек­ауданының тұрғыны, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының саяси бюро мүшесі Серік Мұсабай 350-ге жуық тұрғыны бар мөлтекауданның батпағы тым «бауырмашыл» болып кеткенін жеткізді. Жүргізілген су құбырларының орны, жаңбырдан кейін, сай-салаға айналып, көлік жүргізушілерінің ғана емес, таңғы уақытта жаяу жүргінші оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын ашық айтты. Мектепке барып келетін оқушы аяғын лайдан алып жүре алмайтынын тілге тиек еткен Серік Мұсабай «Саяжайдағы» көшелерге қиыршақ тас төсеп беруді жергілікті билікке елдің атынан ұсынды.
 Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Орман Ахметов ішінара қайта қалпына келтіріліп жатқан жолға қатысты орынды уәжін жеткізді. Көлденең кесілген жолдың қалыңдығы 5 см болса, оған 8 см асфальт төсеу керек. Өйткені, көлік қозғалысынан кейін жамалған орын төмен түсіп, жүргізушілерді әбігерге салып жатыр. Сондай-ақ қайта қалпына келтіру жұмысын технологиясына сай гидрокатокпен тегістеу керектігін ескертті. Себебі, бүгінде көріп жүргеніміздей, кесілген жолдар тротуарлы катокпен нығыздалып жатыр екен.
  Осындай өзекті мәселелер көтерілген басқосу соңында аудан әкімінің кеңесшісі Серқожа Ыдырысов пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Есдәулет Сейлов мердігер компания өкілінен айтылған сын-ескертпе мен жолдың қашан қайта қалпына келтірілетінін сұрады. Бірінші кезекте қаржының жоқтығы мен күн райының суықтығын қалқан еткен бас мердігер асфальтталған көшенің қайта қалпына келтіру жұмысын келесі жылға қалдыру керектігін сөз етті. Алайда бұған кеңес мүшелері бірауыздан қарсылығын білдірді. Соңыра, қайта ойланған бас мердігер бір бәтуаға келгендей болды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, көлденең кесілген жолдың бәрін биыл асфальттайды. Ал, бас көшелердің бойындағы ұзын кесілімдер биыл тек қиыршақ таспен тегістеліп, келер жылы асфальт төселінеді. Тәмам. Қысқасы, қыс ауасында ойдым-ойдым көшелердің ойығы реанимация бөлімінен палатаға шыға қоюуы екіталай. Оны техникалық кеңестің
барысынан түйдік.

Әбдісамат Әбдіш.
27 қараша 2018 ж. 2 241 0