№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кенттегі 80 көшеге қашан жарықтандыру жұмысы жүргізіледі?

Кенттегі 80 көшеге қашан жарықтандыру жұмысы жүргізіледі?


«Уәде беру – бір абырой, уәдені орындау – мың абырой». Бабадан қалған бұл нақыл бүгінде өз өміршеңдігін көрсетуде. Мың абыройға татырлық тірлік көп аудан орталығында. Десе де, жыл сайынғы әкімнің ел алдында есеп беруін халық асыға күтетіні рас. Әрине, жұмысы жақсының жүзі жарқын. Дейтұрғанмен қордаланған мәселе де жоқ емес. Соның бірі – тозығы жеткен электр бағаналары мен тоғы жетпейтін трансформатор.Ел болып сандық технологияға қадам басып жатқанда, қарапайым тұрғындар электр жарығының үйде һәм көшеде де тұрақты жарқырап тұрғанын қалайды. Осыны ескерген аудан әкімі Сұлтан Мақашов әлеуметтік желідегі ресми парақшасы арқылы тұрғындарды кездесуге шақырды.


Тақырып ауаны: электр желілері мен кентішілік көшені жарықтандыру жұмысы. Баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров та барынша хабарландыру жасап, жұртшылықты әкіммен жүзбе-жүз жолығуға үндеді. Өтетін орын да белгілі. «Ордакент» үйі. Еркін форматтағы кездесуге көше комитеті төрғалары мен тұрғындар және жауапты сала басшылары қатысты.
Ә-дегеннен аудан әкімі Сұлтан Мақашов Жаңақорған кентінде 134 көше бар екендігін, оның 54-не ғана көше жарықтары орнатылғанын тілге тиек етті. Қалған 80 көшені жарықтандыру жұмысының бір немесе екі жылда шешімін табатынына уәде бермейтінін ашық айтты. Жергілікті қазынаның мүмкіндігі мен үнемделген қаржы есебінен кент көшелерін жарықтандыру және транфсорматормен қамтамасыз етуге ықпал ететінін жеткізді. Сұлтан Ысқақұлы бұл бағытта жауапты мекеме басшылығымен кездесіп, резервте тұрған электр бағаналары мен жарықшамдарын көшеге орнатуға келіскенін айтты. Нақтырақ айтқанда, 300-ге жуық бағана, 5 шақырымды құрайтын электр желілері, 200-ге жуық жарықшамдар бар. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен жаңа трансформатор сатып алуға 7 млн. теңге бөлінгені белгілі болды. Аудан әкімі кенттегі жарықтандыру жұмысы жүргізілмеген көшелердің мәселесін шешудің үш жолын ұсынды.
Бірінші кезекте, оқушылар мен ұстаздардың мектепке ең көп қатынайтын көшелерін жарықтандыру. Екінші, жергілікті тұрғындардың ең көп баратын әлеуметтік нысандар орналасқан көшелерге. Соңғысы, кенттің шеткі аймақтары Алтыкрант, Май бекеті, Жаңауыл, Саяжай мөлтекауданындағы басты көшелерін жарқытандыру.
– Өздеріңізге белгілі, электр тарату торабы мекемесі жыл сайын жұмыс кестесіне сай электр жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізеді. Алайда бізге керегі күрделі жөндеу. Оған қоса, бір ғана кенттің жарықтандыру жүйесіне жылына 50 млн. теңге төленеді. Бұл қаржыны үнемдеудің бір жолы бар. Яғни үнемдегіш жарықшамдарды орнату. Сонда үнемделген қаржы есебінен келесі кезегін күтіп тұрған басқа көшелерді жарықтандыруға мүмкіндік туады. Осылай қолда бар дүниені ұқсатып, кент келбеті мен сәулетін жарқыратуға жұмыс жасауымыз керек, – деді Сұлтан Мақашов.
Сондай-ақ аудан басшысы алдағы жылы кенттегі Хорасан ата және Амангелді Иманов көшесіне қайта жаңғырту жұмысы жүргізілетінін жеткізді. Қос көшеге жаңа асфальт төселіп, төрт жолақты санатқа өтеді. Оның қатарында жаяу жүргінші жолы, қосымша бағдаршамдар, жол кедергілері қайта жасалынады. Ауылдардан келетін таксилерге автотұрақ мәселесі де шешімін табады. Хош. Тақырыпқа көшсек. Жаңақорғанның көшелері қашан жарқырап тұрады? Сәтін салса, 2020 жылы әуелі бас көшелер ретке келтіріліп, соңыра шет аймақтарға басымдық беріледі.
Кездесу барысында аудандық электр тарату тораптары мекемесінің басшысы Шалқар Рақышев бүгінгі таңда кенттегі Е.Қоңқабаев, С.Сапарбаев, Есболғанов, Өркендеу көшелеріне жаңа трансформатор қойылып, электр желілері жаңартылғанын және Раушан көшесіне электр бағаналары қойылғанын айтты.
Ары қарай қаржы мүмкіндігіне қарай жұмыс жүреді. Оған қоса, Шалқар Рақышев халық өтінішіне сай, ел аузында «Қылкөпір» атанып кеткен орталықтағы қос көпірдің маңына жарықшамдар қойылғанын хабардар етті.
Мұнан кейін тұрғындар көше жарық­тарына қатысты сауалдарын қойды. «Алтынсарин» мөлтекауданынан Ыбырайым Мұхаммед ақпан айынан бері 8 үйдің электр желісіне қатысты шағы­мына жауап алмағанын сауал етті. Кент әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жарас Мырзалиев бұл мәселе жақынарада шешілетінін жеткізді.
Ал, А.Жанпейсов көшесінің тұрғы­ны Абдурахман Ахметов көшені жарықтандыруға қатысты жергілікті биліктің уәдесінен шаршағанын сөз етті. Өз кезегінде Жарас Мырзалиев Жанпейсов көшесі 2020 жылдың жос­парына енгізілгенін айта келе, жа­рық­тандыру жұмысы келесі жылы жүргізілетінін мәлімдеді. Бұдан бөлек, С.Молдалиев, Нарымбетов, Сейтпенбетов көшелеріне қатысты тұрғындар тарапынан сауал түсті.
Әлеуметтік желі белсендісі Серік Бақытұлы халық атынан аудан әкіміне алғыс айтты. Ол – осыдан біршама уақыт бұрын орталық саябақ пен №51 орта мектепке баратын көпірі бар аралыққа жарықшам қою жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Енді міне, араға аз уақыт салып, Серіктің шағымын ескерген жергілікті билік жарықшамдар қойды. Айта кететіні, әкіммен кездесу барысында тақырыптан тыс мәселелер көп көтерілді. Осыны ескерген Сұлтан Мақашов алдағы уақытта әрбір аптаға не белгілі күнді жоспарлап, қордаланған мәселелерді жауапты сала басшыларымен бірге шешуді ұсынды. Яғни, аптасына не екі жетіде бір денсаулық, білім, өзгеде салаларға қатысты өзекті мәселелерді тұрғындардың қатысуымен қарауға қарсы еместігін жеткізді.
Қорыта айтқанда, кенттегі электр желілерін жаңарту, жаңа транс­форматорлар орнату және көшелерге жарықшамдар қоюға қатысты келер жылы көп жұмыс атқарылады. Айтпақ­шы, «ауласы бірдің ауасы бір» демекші, кенттен бөлек, келер жылы ауылдық округтердегі ең өзекті деп саналған, тозығы жеткен электр бағаналары мен электр желілеріне сараптама жұмысы жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Нәтижесі бойынша сапалы жұмыс жүргізілетініне сендірді жергілікті билік өкілдері.

Әбдісамат ӘБДІШ
30 қараша 2019 ж. 870 0