» » Кенттің келешегі кемел

Кенттің келешегі кемел

Соңғы жылдары Жаңақорған ауданы экономикалық өсім бойынша өңірде көш бастады. Оның ішінде, инфрақұрылым саласы мен құрылыс қарқыны көңіл қуантады. Инвестиция тарту бойынша да үздіктер үштігіндеміз. Әсіресе, аграрлы салаға салынған инвестицияның көкжиегі кеңейді. Сәулеті келіскен кентте қаншама ғимараттар мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп үлгерді. Бұл аудандағы шағын және орта бизнестің болашағын көрсетіп тұр. Биылдың өзінде атқарылған жұмыс аз емес. Жыл соңына дейін қыруар шаруа бар. Бұл жөнінде кент әкімі Жасұлан Бейсенбековпен сұхбатымызда нақты зерделедік.
Сыр беткейдегі ауылдар мен жаңақорғандық жұртшылықтың асыға күтіп жүрген көпір құрылысы да аяқталуға жақын. Жарты ғасырға жуық жарамсызданған құрылысы қайтып қолға алынбаған көпірдің жөнделіп, ел игілігіне табысталатынына халық қуанулы. Ал, Жаңауыл мен Кейден тұрғындары үшін мәселе болған көпір астынан орталыққа қатынайтын көлік жолы да шешілді. Қара жол асфальттанып, тұрғындардың тілегі орындалды. Сол секілді, күретамыр жолдағы көпір, Аманкелді мен Хорасан ата көшесін жалғайтын темір жол көпірінің көлік жолы да жаңаланды. Бұл қаншама жылдан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселенің бірі еді. Қазір бюджеттің негізгі кіріс көзі салықтан түсетін түсімдермен толығуда. Сондықтан алғашқы сауал салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы болды.
– 2025 жылы Жаңақорған кенті бойынша кент әкімі аппаратымен салықтық түсімдер болжамы 383 млн 683,3 мың теңге болып бекітілген. Қазіргі таңға кент әкімі аппаратымен кірістелген түсімдер 391 млн 091,1 мың теңгеге орындалып, межені 102,0 пайызға жеткіздік. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті еселейтін боламыз. Бізде кәсіпкерлік өте жақсы дамыған, сондықтан салық түсімі де көңіл қуантады, – деді кент әкімі.
– Енді инфрақұрылым мәселесіне тоқталсаңыз. Оның ішінде, ең өзектісі – көшелердің жолы болып тұр.
– Иә, биыл кенттегі бірнеше көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділігін жақсартуға барынша екпін беріп, кент көшелерін орташа жөндеуге, көшелердегі көше жарығын күтіп ұстауға, тазалық жұмыстарын жүргізуге, көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Т.Әбенов, П.Өргараев және Т.Құлымбетов көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша келісімшартқа отырып, бүгінгі таңда жұмыстар басталыпты. Бас мердігер – «Жаңақорған жібек жолы» ЖШС. Сонымен қатар Қ.Жарқынбекұлы көшесін орташа жөндеу жұмыстарына тиісті қаражат қаралып, бүгінгі таңда сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жаңақорған кентінің тазалығын ұстап тұру мақсатында бөлінген 104 млн 39,4 мың теңгеге «Ақбидай» жеке мекемесі тазалық жұмыстарын бастады. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын күтіп ұстауға 5 млн 741 мың теңге бөлінді. Бас мердігер «Ахмет» кәсіпкерлігімен полигонды күтіп ұстау нақтыланды.
– Кенттің келбетін ажарландыратын көркейту жұмыстарына тоқтала кетсеңіз...
– Жаңақорған кентін көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша біршама бастамалар қарқын алды. Кент орталығындағы ой-шұңқырларды жамау жұмыстарына қажетті қаржы бөлініп, «Қорған құрылыс компаниясы» ЖШС істі тиянақты қолға алды. Сондай-ақ, кент орталығындағы А.Иманов, Ы.Алтынсарин, Шалқия жолы бойында орналасқан көше жарығы шамдарына диодты түрлі-түсті шамдар орнатуға 19 млн 960,2 мың теңге қарастылып, жұмыс басталды. С.Сапарбеков көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу, Ы.Алтынсарин көшесіне аллея салу, кентішілік көшелерге тас төсеу жұмыстары, Жаңауыл аумағында жаяу жүргіншілер жолын салу сынды жұмыстарды жеделдетіп жатырмыз. Сол секілді Жаңақорған кентіндегі жарықшамдарын орнату жұмыстары, соғыс даласында қаза тапқан боздақтар тізімін жаңарту, Жеңіс паркін жөндеу жұмыстарын, кент орталығындағы алаңды абаттандыру жұмыстарын, кентішілік көшелердің жиегін жөндеу жұмыстары бойынша келісім-шарт жасалып, қажетті абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Айта кететіні, халық қалаулылары да жолдар жобасына үлестерін қосуда екен. 2,7 шақырымды құрайтын А.Мұхаммеджанов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарының жобасын дайындауға аудандық мәслихат депутаты Жандос Әбдімәуленов, ұзындығы 2,3 шақырым болатын А.Накипов және Б.Байкенжеев көшелерін күрделі жөндеу жұмыстарына жобасын дайындауға аудандық мәслихат депутаты Данияр Досантаев демеушілік білдірген екен. Сондай-ақ, Жаңақорған кентінің дамуына үлес қосып демеушілік есебінен «Аңсар строй» ЖШС тарапынан А.Иманов пен Хорасан Ата көшесі қиылысындағы темір жол асты өткелін демеушілік есебінен гранитпен қаптап әрлеу жұмыстарын жүргізуде дейді әкім. Өтпел жанына «I LOVE JANAQORGAN» аллеясы кент кәсіпкерлері тарапынан демеушілік есебінен орнатылған. Кешке жарық беріп, кент ажарын ашып тұратын келбеті келісті орынға айналды. Раушан көшесінің тұйығына ДК «Оспанов Б» кәсіпкерлігі тарапынан тас төсеу жұмыстарын жүргізіп, демеушілік танытқан. Міне, елдің азаматтары шама-шарқынша қол көмегін беруде. Бұл да кейінгі жастарға өнеге боларлық іс. Азаматтардың мұнымен тоқтап қалмайтынын білеміз. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстар осылай жүйеленді. Жыл соңына дейін кент келбеті әлі де жаңара түседі деген ойдамыз. Әсіресе, жаңадан ашылатын Саяжай аумағының инфрақұрылымы бір жүйеге келіп, жер кезегінде тұрған тұрғындарға мемлекеттен берілетін тегін жерлер үлестіріледі деген сенім бәрінен маңызды болып тұр. Бұл іс құрылыс саласына қатысты, сонда да үміт бәріне ортақ. Ең бастысы, жас болса да бас болып, тірліктің тетігін тауып жүрген кент әкімінің жұмысы әзірге жаңақорғандық жұрттың көңілінен шығуда. Қалғанын уақыт көрсетеді.
10 маусым 2025 ж. 90 0