ОРЫНДАЛҒАН УӘДЕ

Бұл ағай көрші Қызылорда өңірінің азаматы екен. Келісті келген, сұңғақ бойлы, бұйра шашты, жігіттің сымбаттысы еді десем артық болмас. Осы Абдулла ағайым ылғи сабақтан соң мені алып қалып:
- Абибек, сен техникалық жоғарғы оқуға түс, сенде математикалық білім негізі жақсы, – деп айтумен болатын.
Мен ағайымның ұсынысын қолдап, «Мақұл, техникалық жоғарғы оқуға барамын» дейтін едім. Ұстазымыз екеуміздің де фамилиямыз Сыздықов еді. Абдулла ағай: «Екеуміздің фамилиямыз бір, атымыз да «А» әрпінен басталады, сондықтан саған жаңа есім беремін. Бұдан былай сені «Абибулла» деп атаймын» деп, өзінің сұлу күлкісімен маған жымия қарады. Мектепті бітіргенше Абдулла ағай мені Абибулла деп атап кетті. Мен 1973 жылы мектепті бітірген жылы, аттестатымды алуға барсам, менің аттестатымды Абдулла ағай үйіне алып кетіпті. Сонша оқушылардың ішінен менің аттестатымды Абдулла ағайдың үйіне алып кеткенін түсінбей, аң-таң болып үйге келдім. Ізімше үйге бір бала келді де, сені Абдулла ағай үйіне шақырып жатыр деді. Ол кезде ағайдың үйіне бармақ түгілі, көшеде көріп қалсақ, бас киімімізді шешіп сәлемдесіп, қашан ағайымыз өтіп кеткенше күтіп тұратын құрметіміз бар еді. Жүрексініп отырып Абдулла ағайдың үйіне келдім. Ағайдың үйі біздің көшенің бас жағында болғандықтан, әр басқан қадамымды санап келемін. Ағай мені үйге кіргізіп, қонақ бөлмесіне апарып, «отыр» деді.
Абдулла ағайым, менің аттестатымды қолына алып, айқара ашып қойды да, маған қарап:
– Абибек, сені Қызылордаға апарып институтқа түсірер едім, бірақ онда техникалық жоғарғы оқу орны жоқ. Саған айтарым, Мекеңмен де сөйлесемін, қалай болғанда да техникалық институтқа барып оқуың керек, – деді ол.
Абдулла ағайдың Мекең деп отырғаны менің әкем Сыздықұлы Медеубек. Мен Абдулла ағаға «Жарайды, айтқаныңызды орындаймын» деп уәде бердім. Сол күні Абдулла ағай біздің үйге келді. Аттестатымды әкем Сыздықұлы Медеубектің қолына ұстатып тұрып: «Меке, Абибек математикаға өте жақын және «беске» бітіріп шықты, сондықтан қалай болмасын техникалық оқуға жіберіңіз» дегенді нығырлап айтты, Әкем менің аттестатымды қолына ұстап тұрып: – Абдуллажан, енді сені жібермеймін, отыр, қонағым бол, қазан асылады, деп маған ана қорадағы семіз тоқтыны шығар деді де, Абдулла ағайымды ертіп үйге кіріп кетті. Сүйегі асылдан жаралған, марқұм анам Үржан бибі есік алдындағы ошақханадағы үлкен қара қазанға қойдың етін молынан салды. Мен астына от жағып, самаурын қайнатып, екі иығынан ырсылдап, дем алып тұрған сары самаурынды көтеріп үйге кіргізіп, әкем мен Абдулла ағайыма күрең шайды бабымен құйып беріп отырдым. Дастарханда, анамның қолынан шыққан сары майы мен құрты, шұжық қосылып пісірілген таба нан, дереу пісіріліп, дайындаған семіз қойдың қуырдағы, есіктің алдынан теріп әкелген өрік-алма және одан дайындаған тосап дастарханды жайнатып тұрғандай көрінді маған. Анамның шұжық қосып пісірген таба нанының дәмін айтып жеткізу мүмкін емес. Қазіргі пиццалар анамның шұжық нанының қасында “әдірем” қалсын. Жүрегім алып-ұшып, шай құйып отырып, жанымдай жақсы көретін Абдулла ағайымды осылай құрметтеп қарсы алған әкем мен анама ішімнен шексіз рақметімді айтып, қуанышым қойныма сыймай отыр. Әкем: «Абдуллажан, болды, қолымнан келгенше оқытамын деп ұстазыма уәде берді. Ет пісіп, малдың басының бір құлағын кесіп, қасына жамбас және пышақ қойылған табақты қолыма ұстатып: «Үйге апар, Абдулла ағайыңнан бата сұра» деді жеңгем. Мен дереу қолыма құмған ұстап, иығыма шашықты іліп алып, үйге кіріп, әкем мен Абдулла ағайымның қолдарына су құйдым да, қайта шығып,табақтағы басты көтеріп үйге кірдім. Абдулла ағайым, екі қолын жайып маған батасын берді. Басты ағайдың алдына қойып едім, Абдулла ағай: «Меке, жасыңыз үлкен, өзіңіз бастасаңшы” деді. Әкем, «жоқ, Абдуллажан, сен қожасың, өзің басты реттеуді баста» деді. Басты пышақпен кесіп жеп отырған Абдулла ағай, малдың екінші құлағын кесті де, маған ұсынды, мен “рақмет” деп алдым. Абдулла ағай құлақты беріп отырып: «Ал Абибек, енді екі құлағым сенде болады, техникалық оқуға кетті ме, әлде кетпеді ме деп отырамын” деп бір өзінің сұлу күлкісімен жымиып қойды. Осылай бас желініп отырған кезде үлкен табақ тола етті бір жеңгем көтеріп дастарханға әкелді. Іле қымыран мен анамның әдемілеп ұйытқан айраны келді. Ет желініп, сорпа ішілді, артынша Абдулла ағай бата жасап, әкеме қарап: Меке, маған рұқсат беріңіз, мен бүгін еліме Жаңақорғанға жүремін деп орнынан тұрды. Кетіп бара жатып:
Ал Абибек, мен еліме кетемін, аман болып тұр, деді де, үйіне қарай беттеген. Сол күн Абдулла ағаймен соңғы кездесуім болды. Әкем ауылдың дау-дамайын сотқа жеткізбей бітістіріп, келістіріп, елді бірлікке шақырып отыратын кемеңгер тұлға еді. Сондықтан ел, әкемді – Медеубек би деп атап кеткен еді. Осы күнге шейін ауылға бара қалсам, әкемнің көзін көргендер бидің баласы Алматыдан келіп қалыпты деп сыйлап тұрады. Сол жылы яғни 1973 жылы Абдулла ағайға берген уәдемді орындай алмадым. Ағам мен әпкем студент болды да, мен оқуға бара алмай, ауылда қалдым. Ол кезде мектепте, орта білімге қоса механизатор-комбайншы дайындайтын курсты оқытып, онжылдықты бітіргенде куәлік беретін. Оқуға бармағандарды совхоз директоры шақырып комсомол бригадасына тартты.
Осы ұйымда механизатор болып жұмысқа кірістім. Еншіме «ЮМЗ» тракторы тиді. Ал менің есіл-дертім оқу, қалай болғанда Абдулла ағайыма берген уәдемді орындау. Тракторыма математика-физика кітаптарымды салып алдым да, егін алқабында жұмыс істеп жүріп, сәл қол қалт етсе кітаптарды ашып, қайталап оқып жүрдім. Осылай егін алқабында шаңқытып жер айдап, малшыларға жем-шөп тасып жүргенімде зуылдап екі жыл жеті ай өте шықты. Ол кездегі ауыл адамдарының бар түсінігі – баласы жақсы оқыса, жоғары оқу орнында оқытып, бас зоотехник, бас малдәрігер, бас инженер, бас агроном, бас бухгалтер, бас экономист болады деп, ұл-қыздарын солай тәрбиелейтін кез еді. Ал техникалық оқу дегенге ешкім көңіл қоя бермейтін. Өйткені қазақтың мәдениеті техника маманы емес, қайткенде жұмсақ креслоны меншіктер бастық болу керек дегеннен аспайтын. К
үз айы болатын. Егін алқабында жер айдап жүргенмін. Бас инженер Шертай аға “Уазик” машинасымен шаңғытып келді де, мені шақырып алып:
– Абибек, сені совхоз директоры шақырып жатыр, – деді де кетіп қалды. Мен тракторымды дырылдатып-шаңғытып совхоздың конторына келдім. Үстім шаң-шаң, қолым солярка сасып кеткен, аяғымда керзі етік, аяғымды еппен басып конторға кірдім. Директордың хатшысы мені ертіп совхоз директоры Тұрмахан Досбердиевтің кабинетіне алып кірді. Маған директор “отыр” деді. Мен шеткі орындыққа отырдым. Директор маған қарап:
– Балам, ауданға бір ғана жолдама келіпті, оны бізге берді, сені шақырғаным, Санкт-Петербург қаласындағы телекоммуникация университетіне барасың ба? Сразу айт, уақыт жоқ, егер барам десең екі күнде құжаттарыңды дайындап береміз, жолға шығуың керек. Уақыт тығыз, оқу басталатын мезгілі келіп қалды. Университеттің дайындық курсына барасың, бір жыл дайындық курсында оқисың, сосын университеттің студенті боласың, – деді совхоз директоры. Менің есіме баяғы математика пәнінің мұғалімі әрі класс жетекшім, әрі ақылшым болған аяулы ұстазым – Сыздықов Абдулла ағайыма берген уәдем сарт етіп түсе кетті. Мен ойланбастан “барамын” дедім. Сонымен, совхоз директоры Тұрмахан Досбердиев өзінің қарамағындағы кадр бөлімінің басшысы Сырманды, рабочком Темірбеков Мырзахметті және бас бухгалтер Қауымбаевты кабинетіне шақырды да, алдыңғы екеуіне тездетіп еңбек кітапшасын, мінездемені, ал бас бухгалтерге расчетын дайындаңдар деп тапсырма берді. Мен контордан қуанып шықтым да, ЮМЗ тракторымды гаражға апарып өткізіп, құжаттарды толтырып, үйге келдім. Осылайша менің өмір мектебімнің нағыз соқпағы басталды. Сонымен, 1976 жылдың күзінде қолымдағы жолдама бойынша әсем қала Санкт-Петербургтегі профессор М.А.Бонч-Бреуевич атындағы телекоммуникация университетіне Шымқала әуежайынан ТУ-154 деген ұшақпен кетіп барамын. Аспан көкпеңбек, бұлттардың арасында қунышым шексіз. Абдулла ағайымды еске түсіріп отырмын ұшақта. Ішімнен Абдулла ағай, сізге берген уәдемді орындауға ұшып барамын деп те қоямын. Тіпті көңілім сенер емес, кешеге дейін үстібасы солярка сасып жүрген қазақтың қара домалақ баласы шыттай киініп, ТУ-154 ұшағымен ұшып барамын. Стюардессаның: «Приятного прилета в город Санкт-Петербург, аэропорт Пулкова, застегните ремни» деген, жұмсақ дауысы ауаны желпіп өтті. Сонымен дайындық курсты ойдағыдай бітіріп, бірінші курстың студенті болып шыға келдім. Университетті ойдағыдай бітіріп, СССР Байланыс Министрлігінің бағдарламасын алып, Алматы қаласына келіп, Байланыс Министрлігінде аға инженер болып қызметімді бастап кеттім. Айтпақшы, жолдамада баспанамен қамтамасыз ету деген талап болғандықтан көп қиналмай жатақхана, кейіннен пәтер беріп, таза алматылық болып, тағы да жолым болды. Өмір өз ағынымен өте береді екен. “Қазақтелеком” саласында көп жыл лауазымдық қызметтер атқардым. Өз бетімше өндірістік кооператив ашып, еліме еңбек сіңірдім. Телекоммуникация саласында қырық жылдай еңбек етіппін. Өмірімде мен бір-ақ рет мемлекеттік марапат алдым. «СССР байланыс саласының шебері» деген. Бұл менің еңбегіме берілген жоғары баға деп есептедім. Төсбелгіні Мәскеуге арнайы барып СССР Байланыс Министрі Шапошников мырзаның қолынан алдым. Ол төсбелгіні тапсырды да, қолымды қысып тұрып: “Персональді пенсия иегері бола аласың” деді. Қазір Кеңес үкіметі қайда, министрдің берген уәдесі қайда? Ал ұстазымның одан кейінгі өмір жолы – атамекені Жаңақорғанның «Октябрь» колхозында жалғасыпты.
Ұйымдастырушылық қабілеті, білім-білігі бағаланып, ол шаруашылықта парторг, робочком сынды басқару қызметінде болыпты. Сұлу қызға үйленіп, екеуінен парасатты ұл-қыз өсіп-өніпті.
Сол жылдары оныншыны үш сынып қатар бітірдік. Сол параллель сынып түлектер арасында мені ерекше көріп, ықыласы ауған Абдулла ағайыма деген мөлдір мұңға тұнған сағыныш менің жүрегімде де мәңгіге сақталып қалған еді.
Қадірлі ұстазымның кейінгі өмірінен бейхабар болғанда да ол кісінің сүйкімді келбетін еш ұмыта алмадым. Қазір технологияның заманы ғой, ұстазым туралы фейсбук желісіне жазба жүктедім. Осыны оқыған ұрпақтары атынан Айгүл атты қызы менімен хабарласып, тіпті оны місе тұтпай Алматыдағы үйіме арнайы келді.
Міне, ұстазымның шәкіртіне деген шынайы сезімі өзі өмірден өтсе де шалғайда жатқан жандарды бір-бірімен табыстырып жатыр. Ұстазым алпыс үш жасында өмірден озыпты. Өзі болмаса да көзі-өмірінің жалғасы – ұрпағын көріп, бала кездегі ағайыма деген пәк сағынышым қайта оянды. Мен өткен өміріме еш өкінбеймін. Ең бастысы, көңіліме тоқ санайтын тағдырдың тартуы – математика пәнінен сабақ берген жүрегі таза, нағыз ұстаз, сүйікті ағайым Абдулла Сыздықовқа берген уәдені орындадым.
Абибек СЫЗДЫКОВ