» » ҚОЛДА БАРДЫҢ ҚАДІРІ НЕГЕ ЖОҚ?

ҚОЛДА БАРДЫҢ ҚАДІРІ НЕГЕ ЖОҚ?

Экономиканың басты тірегі – өнеркәсіп. Онсыз өсу де, өркендеу де болмақ емес. Бүгінде экономиканы қуаттандыруда шағын және орта бизнесті қолдап, өнім өндіруді жолға қою маңызды. Ауданда өнім өңдеу мен өндірудің әлеуеті неге төмен? Ал халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсартуда өңдеу өнеркәсібінің ықпалы өлшеусіз. Біз бүгін осы тақырыпты сараладық.
Облыс әкімінің мәжілісінде Нұрлыбек Нәлібаев өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесіне ден қойып, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды. «Отандық өндіруші кәсіпкерлерді қолдау басты назарда болуы тиіс. Өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған сапалы жобаларды әзірлеп, қаржы ұйымдарына ұсыныңыздар», – деді аймақ басшысы.
Ақпараттарға зер салсақ, өткен 4 айдың қорытындысымен өңірдің өңдеу өнеркәсібі саласында 124 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 23,6%-ға артты. Бес шағын өнеркәсіптік аймақ құру үшін Өнеркәсіпті дамыту қорына 5 млрд. теңгенің өтінімі жолданды. Өңірде жыл басынан бері жеке кәсіпкерліктің 491 жобасы қаржыландырылды. Бұған қоса ірі кәсіпорындардың өзекті мәселелері шешімін тауып келеді. Былтыр маусым айында қуаттылығы жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісінің жаңа желісі іске қосылғанын білеміз. Енді ауданға ойыссақ, ауданымыз мал шаруашылығынан да, ауылшаруашылығынан да көш басында. Өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмысты жандандыруға әбден болады. Өкініштісі, жергілікті жерде өнімдерін өндеу түпкілікті жолға қойылмаған. Ауыл-аймақта сүт өнімдерін өңдеу шаруасы шала күйі. Сүт өнеркәсібін айтпағанда, шағын цехтің өзі жоқ. Шыны керек, біздің тұтынып жүргеніміз Павлодар мен мен Ресейдің айраны мен сүті. Содан ағарғанның бағасы да құбылып, күн сайын өсім алуда. Бүгінгі таңда республика бойынша сүт өнімдерін қайта өңдеу бойынша 200-ге жуық кәсіпорын бар екен. Бұл – елдегі сүт өнімдеріне деген қажеттіліктің 70 пайызын қамтамасыз етеді.
Нақтырақ айтқанда, ішкі нарықта азық-түлік өнімдерінің жалпы көлемінде сүт өнімдерінің үлесі 17 пайыз. Бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жылына 3500 тонна сүтті өңдеуге мүмкіндігі жетеді. Ресми статистикаға жүгінсек, 2024 жылы 184 млрд теңгенің сүт өнімдері өндірілген. Еліміздің өндірілген отандық сүт өнімдерімен қамтамасыз етілу деңгейіне тоқталсақ. Сұйық сүт бойынша 91 пайыз, қышқыл сүт өнімдері 85, сары маймен қамту 66 пайызды құрап отыр. Қалған бөлігін импорттық өнім толықтыруда. Өзіміздің ауданда және елдімекендерде мал басы көп болғанымен сүт өнімдерін өңдейтін бірде бір кәсіпорын жоқ. Сүт өткізетін орындардың жоқтығы, сүтті бір жерден қабылдап, орталыққа тасымалдайтын қызметтің ұйымдастырылмауы қарапайым шаруаға қиындық туғызатыны анық. Кәсібін аяққа тұрғыза алмайды. Олардың ірі сауда нүктелерімен байланысы әлсіздігінен көп жағдайда делдалдардың асығы алшысынан түсіп жатады. Кәсібін өрістетуде өз әлеуетіне сүйенген қаратөбелік кәсіпкер Қымбат Исақанованың сүт және сүт өнімдерін өңдеу мен өндіруді жолға қойған тыңғылықты талабы қуантты. Қарауындағы 10-12 бас бұзаулы сиырының қыстыгүні 4-5-уі ғана сауғызады. Соның өзінде 30-40 литр сүтті өндіріп май шайқап, құрт дайындайды. Жиналған өнімді аптасына бір рет Түркістан қаласы базарларына нарық бағасынан төмендеу етіп өткіземіз. Аудан орталығы бізге алыс әрі тез өте қоймайды. Байқайтыным, жұртшылық дүкендегі жылтырақ қалташадағы қоспасы көп айран мен сүтті, 5-6 данасын бір пакетке әдемілеп салып қойған құртты көбірек саудалайтынын да көріп жүрміз. Ал ауылда сүт пен айран өте қоймайды, – дейді ол. Өйткені әркім қорасындағы бірліекілі малынан өз қажетін айыра алады. Сондықтан отбасымызбен қаймақ, май өнімдерін шығаратын шағын цех ашқымыз келіп отыр. Соңғы кезде мал шаруашылығына грантқа шектеу қойылып оған қолымыз жетпей отыр – дейді ол. Иә, мал шаруашылығының көш басында тұрған ауданға ет, сүт өнімдерін кәдеге асыратын цехтің қажеттігі өз алдына, шағын болса да тері өңдеп, жүн түтетін өндіріс орны қажет-ақ. Төрт түліктің терісін тым болмаса былғары күйінде, жүнін жіп пен матаға айналдырып, нарыққа шығарсақ, ауданның әлеуеті мен экономикасы артуына әсер етері сөзсіз. Бұл үшін жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, шетелден заманауи техникалар әкелуге жәрдем берілуі қажет. Кеңестік кезеңде ауданда мұндай цехтің болғаны рас. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда да қызметін көрсетті. Бүгінде ел ішінде ара-тұра жүн түтіп, көрпе-көрпеше тігіп жүрген аналарымыз бар. Сондай жанның бірі, жоғарыда біз сөз еткен шалқиялық Гүлжан Қамбарбекованың үйіне арнайы іздеп барып, емен-жарқын әңгімелескенді жөн көрдік. – Біздің ауданда жүн өндірісін қолға алып дамытуға мүмкіндік мол. Өйткені бізде шикізат жеткілікті. Сол тегін шикізатты өндіре алмай жатырмыз. Мына Қытай халқы баклашка, пакет қалдығының өзін пайдаға асырады. Мен де тырысып келемін. Бірақ мемлекет тарапынан қолдау көріп отырғаным жоқ. Мал шаруашылығына субсидия беріледі, жүн өндірісіне қаралмаған. Ал, мемлекеттік грантты алайын десем жасым сәйкес келмейді екен. Егер менің мүмкіндігім болса, осы жүннен көп дүние жасап шығарар едім. Қазақ атқа міну үшін ер тұрман істеп, оның астына ер тоқым салады. Ал оны таза жүннен жасайды. Синтетикалық жүннен жасалған жабу жылқының арқасын терлетіп, ауа өткізбей жара етіп жібереді. Сол сияқты жүннен ұлтарақ жасауға болады. Жер асты ызада жұмыс істейтін кеншілердің резеңке етігінің табанына жүн ұлтарақ іздейді екен. Әйтпесе, табаннан сыз өтеді. Оған базардағы синтетикалық ұлтарақтар жарамайды. Сол сияқты, моншаға барғанда ақ киізден қалпақ киіп жатамыз. Оған да синтетикалық жүн жарамайды, тазасы керек. Ал текеметті айтсаңызшы. Оның қадір-қасиетін білмейтін қазақ жоқ шығар. Қазір өзім түйенің жүнінен көрпе тігемін. Қойдың жүнінен жіп иіріп беремін тоқымашыларға. Осы істі дамытқым келеді. Бірақ көп нәрсеге қолбайлау көп. Мысалы, менде жүнді түтетін аппарат бар. Оған қосымша жүнді жуып, текемет басып шығаратын апараттар алғым келеді. Қазір, бұрынғыдай ешкім бар күшін салып текемет баспайды. Мен қазіргі әдіспен, сәннің озық үлгілерін қолданып түрлі-түрлі киіз басқым келеді. Ал, оған техника болмаса, көп қол күші керек. Егер қажетті аппаратты алсам, 2-3 адамды қабатыма алып, жүйелі жұмыс жүргізуге болады, – дейді ісмер. Иә, бағамдап қарасақ, бүгінде нарықта айран, қаймақ, пастерленген сүт, өңделген және тазартылған сүт өнімдеріне сұраныс мол. Халықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуде әлеуетіміз жеткілікті. Бірақ немқұрайлылық пен бейқамдық өндірістің өрістеуіне қолбайлау болып отырған секілді. Төрт-түліктің етін жеп, сүтін ішіп, тіпті өзге аймақтарға саудалап та жатырмыз. Бірақ оның терісі мен жүнін кәдеге асыра алып жатырмыз ба? Жылына мыңдаған бас қой қырқылады. Мал сойылады. Олардың терісі мен жүні ауылдың шетіндегі қоқыста жатады. Бұрын жүннен киіз басылатын, кілем тоқылатын, көрпе, көрпеше тігілетін. Біз осы тақырып төңірегінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаевпен байланысып көрдік. – Қыркеңсе ауылында орналасқан «Бекарыс Агрофуд» ЖШС 2017 жылдан бастап асыл тұқымды ірі қара, қой және жылқы өсірумен, дәнді және жемшөп дақылдарын өсірумен айналысады. Бүгінде серіктестік 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. 500 – ге жуық қалмақ тұқымы бар. Шаруа қожалығының аумағы 300 га суармалы жерді құрайды. Серіктестіктің бөлек мал сою пункті бар. Онда зертхана, тоңазытқыш, малдың етін жіліктейтін арнайы бөлме, электронды таразысы бар. Етті зертханада тексеретін арнайы медициналық маман жұмыс жасайды. Сонымен қатар, Қожамберді ауылында Сәбит Мұятов бал бордақылау ісін қолға алуда. Уақ мал бордақылау базасын салып, жанынан мал сою пунктін салып бітірді. Енді шамалы күнде іске аспақ. Осы уақытқа дейін шаруақожалығындағы түлікт Меркі ауданына және Шымкент қаласына өткізіп келген. Енді, өз ауылында уақ мал өндірісінің өрісін кеңейтіп, үлкен шаруашылыққа айналдыруды көздеп отыр – дейді. Статистикаға жүгінсек, ілгеріде елімізде жылына 100-105 мың тонна жүн өндірілген. Тері өңдеу табысты болған. Бүгінде өзге елдерде қат саналатын малдың терісі де, жүні де кез келген жерде қоқырсып, өртеліп жатыр. Өнім бар, оны өндіріске қажетке жаратуда кенжелеп келеміз. Байқағаным, өзімізде бар шикізаттың қадіріне жете алмай желге ұшырып, сол жүн-жұрқадан өңделіп келген тауарларды қыруар қаржыға сатып алып жүрген жайымыз көңіл құлазытады. Қызық, қытай, жапон, қырғыз жұрты түйе, қой жүнін өңдеп тон, күрте тігіп әлемдік нарыққа шығаруда. Көрші Моңғолияда тері, жүнді былай қойып, мүйіз, тұяқтар өңделеді. Моңғолияда қой саны 40 миллионға жақындаған. Солай бола тұра ысырап болған бір уыс жүн мен бір шөкім тері жоқ. Құрылысқа пайдаланатын «стекловата» деген материалды қойдың жүнінен жасап, әлемге таратуда. Байқасақ, шет елде тері өңдеу технологиясы қатты дамыған. Ал біз керісінше, төрт түліктің терісі мен жүнін сол мемлекеттерге татымайтын теңгеге экспорттап күнелтіп келеміз. Осы тұста мал шаруақожалығының иесі Алтай Ағаділовты сөзге тарттық.
– Қолға пышақ ұстап мал союға кіріскен сәтте әкем, "терісін бүлдіріп алмай іре, тон тіктіреміз" дейтін. Ол кезде он теріге бір тон тіктіруші еді. Ал аталарымыз теріні өздері илеп, одан өрім қамшы жасайтын. Ол кезде қой жүні кәдеге асты. Әжелеріміз қой жүнін жуып, жіп иіріп, одан шұлық тоқитын. Қой етіне сұраныс көп, оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Бірақ, терісі мен жүнін қабылдайтын орын жоқ. Бұрындары Түркістан қаласынан келіп жүнін де, терісін де жинал кететін. Оның өзі әжептеуір пайда әкелетін. Соңғы төрт жылдың көлемінде ешкім келіп алмайды. Өзіміз апарып өткізетін жер жоқ. Әлбетте, ішіміз ашиды. Бір қойдың жүнін қырқудың өзі оңай емес. Қойды екі мезгіл қырқамыз. Көктемде жабағы, күзде күзем жүнді пайдаға жаратамыз. Жабағы жүн іске аспауда. Күземнен киіз үйдің туырлығы, үзігі, түндігі, басқа да жабдығы басылады. Бұрындағы аналарымыз киіз басып, қолғап-шұлыққа жүн иіретін. Қазір отар-отар қойдың жүні қажетсіз болып қалып жатыр. Ал, бірлі-екілі өткізетін жерге апарғаныңмен бағасы жарытпайды, май-пұлды да ақтамайды, – дейді шаруақожалық иесі. Мемлекет басшысы отандық өнімді қолдауды жиі айтып жүр. Мойындау керек, сырттан арзан әрі сапалы тауар ағыны артқанда бұқараның соған ұмтылары анық. Бұл тұрғыда импортты ырықтандырудың жалғыз жолы бар. Ол отандық, оның ішінде жергілікті өнімдердің әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Яғни, Президент айтқан «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана тауар өтімді болып, сырттан келіп бізді ешкім жарылқамайды. Осы ретте «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековтің ойын білдік.
– Бүгінде біздің ауданның өндірісі жақсы. Аудан тұрғындары өзіміздің жергілікті күрішті тұтынады. Жылыжайды дамытып, кәсіптің көзіне айналдырып отырған шаруалар да бар. Біздің кәсіпкерлік палатадан қолдау тауып, ісін дамытып жатқандар бар. Дей тұрғанымен тері, жүн бағытындағы өндіріс орындары бізде кенжелеп тұр. Осы бағытта арнайы үлкен қалаларда іссапарда болып, тері өңдейтін зауыттардың жұмысымен танысып қайтқанбыз. Біздің аймағымызға да тері өңдейтін өнеркәсіп ауадай қажет. Өйткені, төрт түліктің терісі мен жүні тау-тау болып әржерде жарамсыз болып жатыр. Теріден өте көп зат жасауға болады. Мәселен, киім, аяқ киім немесе тамақ өндірісінде де қолданады. Біздің аудан аграрлы аймақ болғандықтан, бізде мүмкіндік өте көп. Малдың терісінен бөлек, сүтінің өзі орасан табыс көзі болар еді.
Қарапайым халық кез келген өнімнің сапасын бағалап үйренбеген. Осы тұста айтқым келеді, өз өнімдерімізді кеңінен насихаттауымыз керек. Аудан халқы осындай жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, шеттен келген тауарды емес, өз өнімдерімізді қолданса, кәсіпкерлердің де өрісі кеңейер еді, – дейді ол. Десек те, отандық өнімнің тағдыры ең алдымен оны тұтынатын жергілікті халықтың сұранысына тәуелді. Егер біздің жергілікті өнім сатылмайтын болса, онда кіріс те болмайды. Елде өндіріс те өркен жаймайды.

Әсел Рзаева

10 маусым 2025 ж. 107 0