№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Еңбек» бағдарламасы аясында 505 000 теңге грант иегері атанды

«Еңбек» бағдарламасы аясында 505 000 теңге грант иегері атанды

  «Жастар жылы» талай жастың қанатын қағып, кәсібін дөңгелетуге дем беруде. Соның бір айқын дәлелі – бесарықтық Құттықыз Қалбергенқызы «Еңбек» бағдарламасы аясында 505 000 теңге грант иегері атанып, Жаңақорған кентінен оқу орталығын ашты.
  Жасыратыны жоқ, бүгінде жаңар­тылған білім мазмұнын толық түсіне бер­мейтін ата-аналар бар. Міне, осы бір олқылықтың орнын толтырып, баланың білмегенін қосымша дәріс арқылы түсіндіріп, әрі ата-анаға демеу болуда осындай орталықтардың қосар үлесі мол. Оған қоса, қосымша білім беру – бүгінгі заман талабы. Бұл бағытта орталық басшысы оқушылардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастырып, олардың сапалы білім алып саналы ұрпақ болып қалыптасуына өзінің үлесін қосып жүрген жайы бар. «Менде болмаған дүниені балам ұстасын деп, балаға дүние әперме. Мен білмегенді білсін деп балаңа білім бер. Дүние көшеді, білім қалады». Осындай ұстанымдағы Құт­тықызды арманы адастырмай ұстаздық жолда еңбек етуде. Сол үшін мемлекет мүмкіндігін пайдаланып, бизнес курс оқып, өзінің бизнес идеясын аудан орталығында жүзеге асырды. Жақында ғана өңірлік «Өз кәсібіңді - BASTA» кәсіпкерлер фору­мында Кәсіпкерлер палатасының аудан­дық филиалының «Алғыс хатымен» марапатталуы оны одан әрі жігерлендіріп, мақсатын айқындай түсті.
– Білімім жоғары. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ Түрік Университетін «математика» мамандығы бойынша тәмам­дағам. Алғаш еңбек жолымды Түркістан қаласында бастадым. Үлкен қалада байқағаным, қосымша білімге деген сұраныс жоғары екен. Содан 2019 жылдың шілде айында кент орталығынан «Дарын» оқу орталығын аштым. Алдымен «Нұрасыл» сауда орнынан бір бөлме жалға алдым. Күн санап оқушылар саны көбейе бастады. Ендігі меже оқу орталығын кеңейту болды. «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, бизнес білімімді жетілдіріп, 505 мың теңге қайтарымсыз қаржыға қол жет­кіздім. Ол қаржыға оқу орталығын жаңа ғимаратқа көшіріп, қажетті құрал-жаб­дықтар сатып алдым, – дейді жас кәсіпкер бізбен әңгімесінде.
Қазіргі таңда 6 адамды жұмыспен қамтып отырған Құттықыздың арманы асқақ. Оның оқу орталығында екі ауысымда 100-ден аса шәкірт қосымша білім алуда.
Әңгіме барысында орталықта көп балалы және тұрмысы төмен отбасы бала­ларына жеңілдіктер қарастырылғанын білдік. Бұл да болса, қайырымдылықтың көрінісі. Тұрмысы тұралағанға тіреу болып, ұл-қызының білімді ұрпақ болып қалыптасуына Құттықыздың қосқан үлесі деп білеміз.
– Елдің ертеңі – білімді ұрпақ. Бала­лардың білімін тереңдетіп, дарындылығын дамы­туда осындай орталықтардың үлесі орасан. Мұнда мате­матика, логика, ағылшын, орыс тілі, қазақ тілі, сауат ашу және 11-ші сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындайды. Оқу­шылардың белсенділігі жоғары, – дейді ұстаз осы орталықтың оқытушысы Сымбат Исабекова.
Қорыта айтқанда, білім беру ісі кез келген қоғамның жан-жақты кемелденіп өсуіне ерекше ықпал етеді. Өскелең ұрпақтың тәрбиелі, білімді, біліктілігі сан қырлы азамат болып өсуі ұстаздарға байланысты. Жаста болса, бас болған Құттықыз осындай тағылымды бойына сіңіріп, ел болашағы жастарға білім беру мен тәрбие ісін қолға алған. Мақсатқа жету жолында шәкірттерінің жүрегіне жол тауып, өз шеберлігін шыңдап келеді.

                                                                                                                                                     Майра ҒАНИЕВА
10 қараша 2019 ж. 995 0