№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Өзгентке қашан көңіл бөлінеді?

Өзгентке қашан көңіл бөлінеді?

   Ұлы далада құм жұтқан қалалар мен қорғандардың, шөгіп жатқан түйедей-түйедей төбелер мен өркеш-өркеш қамалдардың созалаңдаған сұлбасы, каналдардың орындары өте көп. Төбеге айналған сондай көне қаланың бірі – Өзгент шаһары. Ортағасырлық қаланың тарихи маңызын сондағы әулие-әмбиелердің мазарлары сақталуымен байланыстыруға болады. Қаладан бірнеше шақырым жердегі Төлегетай-Қылышты ата, Қылауыз ата, Хорасан ата кесенесіне көзіңіз түседі. Сәл әрі Бақсайыс ата кесенесі орналасқан. Сол аймақтағы көне мазардың бірі Ойық әулие (жергілікті халық солай атайды) мазары. Яғни діни ағартушылар бұқараға насихатын жүргізген үлкен орталықтың бірі болған. Көне қаланы көзбен көрмекке тарихшы Әлімжан Ержановпен бірге бардық.
Қала аумағында көне теңгелерді тауып, қай уақытқа тиесілі екенін зерттеп жүрген нумизматикті әңгімеге тартып, ортағасырлық өркениет орталығының маңызын сұрадық.
– Өзгент – Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды қаланың бірі. Мұнда медреселер мен мешіттер, сауда орындары болғаны анық. Саяси-экономикасы, ілім-білімі дамыған қала болды. Оның дерегі, ишандар және ахундар, әулие-әнбиелер қала тұрғындарына насихат жүргізіп, тәлімін сіңірді. Сауда мәдениеті дамығандықтан, керуендер көптеп келген-ді. Қала аумағында Сығанақта, Ферғанада және т.б қалада соғылған теңгелер табылды. Ең бастысы Өзгенттің өзінде теңге соғатын сарай болды. Оның дәлелі, Түркістан облысанан табылған хиджра жыл санауымен 783 (1382) жылы Күнче ханның атынан соғылған «Өзгент соқпасы» жазуы бар күміс теңге Өзгент қаласын арнайы жеке, өзінің теңге сарайы болғанын көрсетеді, – деп бастады әңгімесін ол.
Өзгент қаласы жайлы Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани, Әбілғазы баһадур хан және т.б. жылнамашылардың жазбаларында кездеседі. Қалаға алғаш 1900 жылы В.Каллаур зер салды. Оның айтуынша, Өзгент моңғол шапқыншылығына дейін Қыпшақ мемлекетінің құрамында болып, Сығанақ билігіне қараған. Моңғолдар қиратып, тонаған соң бұл қала қаңырап бос қалған. Өзгент қаласы Қасым хандығы тұсында қазақ хандығына қараған.
1969-1970 жылдары К.Ақышев жетекшілік жасаған Отырар археологиялық экспе­ди­ция­сы зерттеген. 2004 жылы А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен құрылған археологиялық экспедиция келген. И.Кастаньенің «Древности киргизской степи и Оренбургского края» атты еңбегінде Өзгент қаласы жөнінде тоқталады. Мұнда теңге сарайы болып, арнайы қаланың атымен теңге соғылғандығы туралы ресейлік зерттеуші П.Петров пен А.Брагин 2015 жылы анықтаған. Теңгеде қаланың аты арап әрпімен «Узканд» болып жазылған, соғылған жылы хиджра жыл санауымен 783, яғни 1381 жыл.
– Шаһар жайында айтқанда, Ферғана өлкесінде орналасқан көне Өзгентпен шатыстырмау керек. Себебі, сол Ферғана өлкесіндегі Өзгент туралы да бірнеше тарихи деректерде, араб жылнамашыларының жазбаларында кездеседі, – деді тарихшы.
Бұл жөнінде ғалым, тарихшы Мұхамеджан Тынышпаев өзінің «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде нақтылап, «Перовск уезінде Сырдың сол жағында орналасқан Өзгент қаласы» деп көрсеткен.
Өзгент қаласы топырақ төбеге айналып, тек қаланы қоршаған бекіністің іздері байқалады. Қалаға кіретін негізгі қақпасы шығыс жағында, тағы бір қақпаның ізі солтүстік-батыс бетінде көрінеді. Қосымша тағы басқа да жағында қақпалар болған, оны тек қазба жұмыстары арқылы анықтауға болады. Сығанақ секілді қала шахристан және рабаттан тұрған. Дерек көздерінде, қабырғалардың бойында 15 күзет мұнара орындары сақталған. Қалашықтың өлшемі солтүстіктен оңтүстікке қарай 250-300 метр Қорғаныс қабырғасының сыртынан айналдыра қазылған ордың тереңдігі 2 метр ені 10 метр шамасында болған.
Шаһардың оңтүстігінде 10-20 шақырым жерде Молдақорған, Алғыр-Салғыр секілді шағын бекіністері болса, солтүстігінде 60 шақырым жерде Сығнақ қаласы. Қос қаланың араларын шағын бекіністер мен керуен сарайлар байланыстырған екен.
Бүгінде қала орнынан қыш құмыралар мен тас диірмендердің сынығын көптеп табуға болады. Сондай-ақ, Сығанақ қаласына тән кірпіштер әр жерде шашылып жатыр. Қанша ғасыр өтсе де кірпіштер қорғазындай берік. Мұның сырын сұрағанымда:
– Қалада сарайлар, мешіттер, медреселер, мазарлар және тағы басқа ғимараттар көп болған. Оларды диаметрі 25х25х5 см болатын кірпіштермен салған. Олардың бүгінге дейін бұзылмай, ауа-райына төзімді болып сақталуы, оның дайындау әдісіне байланысты. Мұнда егін алқаптары пайда болуына байланысты жердің бетіне сор-тұз көтерілді. Ал орта ғасырларда бұл жердің топырағы ерекше, нағыз қыш-құмыра дайындайтын топырақ болған. Күз жақындағанда, ұсталар жерде арнайы ауқымды шұқыр қазып, оны топырақпен толтырып, сұ құйған. Сосын үйір жылқыны лайда айдап, оның иінін қандырған. Әпден иленген лайды шұқырдың жағасына шығарып үйген. Оған күздің жаңбыры мен қыстың қарының суы сіңіп, құрамындағы тұздар шайылып, көктемде дайын болған. Күн жылыған уақытта арнайы қалыпқа құйып, қыш дайындаған. Кептірілген қышты арнайы пештерде күйдірген. Оның ғасырлар бойы сақталуы дайындалған өнімнің тазалығында, – деді ол.
Өзгентті халықтың тастап кетуі, біріншіден керуен арқылы сауда-саттық қатынастың тоқтауы, жоңғар шапқыншылығы, қаланың маңынан өтетін Өгіз жылғасы немесе Жыланды өзенінің суының азаюы себеп болған деседі. Қаланың соңғы халқы ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында осында егіншілікпен айналысып отырған. Ресей зерттеушісі И.Кастаньенің «Древности киргизской степи и оренбургского края» атты еңбегінде зерттеуші А.Каллаурдың 1900 жылы Өзгентке келіп, кішігірім зерттеу жүргізу барысында осындағы тұрғындармен кездескендігі туралы мәлімет келтіреді.
И.Кастанье Өгіз Жылғасы өзені туралы мынадай мәліметтер бар: «1900 жылдың 7-ақпанында шыққан археология әуесқойлардың Түркістан үйірмесінің хаттамасының қосымшасындағы 6-бетте үйірме мүшесі В.А. Каллаурдың Сыр-Дарияның ескі арнасының, яғни Өгіз Жылғасы бойында, Перовск уезінде көне қалалар туралы қызықты хабарлама берген. Мақала авторы Сыр-Дарияның ескі арнасы кезінде Арыс өзені Сыр-Дарияға құйылатын жерден жоғарыда Тугул деген жерден бөлінген, Ешкі – Өлмес деген бекініс қорғанның қалдықтарынан Қызыл Құм арқылы әлі де сақталған құрғақ арнасы Өгіз Жылғасы деген атпен аталады. Осы арна бойында көне қорғандар мен бекіністер орналасқан: Шымкент уезінде – Ішкеле, Жарты –Төбе, Сазан, Оксус, Артық-Ата және Қауған –Ата, Перовск уезінде: Қара – Төбе, Абыз – Төбе, Келін – Төбе, Мейрам – Төбе, Ақ – Қорған, Құмиян, Алғыр – Салғыр, Қырғы – Өзгент, Қорасан – Ата, Бақсаис – Ата және т.б. А.Шазовтың хабарлауынша, осы аталған кейбір қирандыларда кірпіш күйдіретін пештер сақталған, олардың ішінде күйдірілген және шығарылмаған күйінде қалған кірпіштер бар, содан ол мынадай шешімге келеді, не өзеннің арнасы өзгертілді, не өзге тайпаның тосыннан шабуылының салдарынан бекіністер қиратылған».
Сонымен бірге И.Кастанье Әбілғазының «Түрік шежіресі» еңбегіндегі Өзгент жайлы мәліметтерді де келтіреді. Бір қызықтысы, бұл кітабінда И.Кастанье Өзгент қаласын бірде Жошының әскері соғыссыз алды десе, бірде қала халқы моңғолдарға қарсылық көрсетіп қырылған деп жазады. Не болса да моңғол шапқыншылығынан кейін аз уақыт ішінде қала Сығанақ қаласымен бірге қайтадан гүлденеді.
XVIII ғасырда Өзгент қаласы Сыр бойындағы өзге қалалар секілді жоңғар шапқыншылығына тап болады. «Елім ай» жыр дастанында авторы Қожаберген жыраудың осы Өзгент қаласында Бөгенбай батыр бастаған қазақтармен жоңғарлар соғысып, 5 мыңға жуық қалмақ қазақтың қолынан қаза тауып, үлкен жеңіліске ұшырағанын айтып өтеді. Осында табылған сол уақытқа тән қорғасын оқтар осы шайқастың дәлелі болуы мүмкін.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында да мұнда көп болмаса да халық өмір сүрген, бұған жоғарыда айтқандай зерттеуші И.Кастаньенің мәліметтері дәлел. 
Қысқасы, ХХ ғасырға дейін адамның ізі үзілмеген ортағасырлық өркениет орталығын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында зерттеп, археогиялық қазба жұмыстарын жүргізетін уақыт келді. Бүгінде әуесқой зерттеушілер көне қаланың әр жерін қазып, құнды жәдігерлерді қолды етуде. Бәлкім қала аумағынан теңгелер көптеп табылғандықтан алтын, күміс іздегендер қазған болар. Ол жағы бізге белгісіз. Бір ақиқаты –құнды жәдігерлердің, ұлттық тарихтың жаңа бетін ашуда септігі көп. Соған ертерек қамдану керек. Көне қаланы көріп қайтқаннан кейін осындай ой мазалайды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
27 қазан 2019 ж. 801 0