Соңғы жаңалықтар

№33 (8847) 6

06 мамыр 2025 ж.

№32 (8846) 30

30 сәуір 2025 ж.

№31 (8845) 29

29 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Садақ ата білген сарбаз болады

Садақ ата білген сарбаз болады


Ықылым заманнан бері ата-бабаларымыз қолданып келген, ұлтымыздың дәстүрімен біте қайнасып келе жатқан асыл мұралар қатарында – садақты бөле-жара айтуға болады. Садақ – қазақтың қасиетті қаруы. Жаугершілік заманда құралайды көзге атқан садақшылар ел қорғаны болды. Спорттың бұл түрі жастарымызды дәлдікке, ептілікке, мергендікке баулиды. Оқ пен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер әр заманда болған. Бірі адырнасын сайлап, аңға шықса, екіншісі соғыста жаудың бетін қайтарған. Әлбетте, заман дами келе көптеген дүниелер қолданыстан шығып қалды. Алайда ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, оның ішінде садақ ату спортына ерекше мән беріп, өмірдің маңызына айналдырған жандар жоқ емес. Солардың бірі – Әлішер Нұрланұлы бауырымыз жақында аудан орталығынан «Нысана» садақ ату орталығын ашыпты. Тіпті бір емес екі орталықты ашып, халыққа қызмет етуде.


Осы бір үрдісті қайта жаңғыртуды қолға алған небәрі жиырма жастағы азаматқа іштей риза болып отырған жағдайымыз бар. Әлішер ашқан орталықта 8 нысана, орта және кіші жасқа арналған 10 садақ түрі бар екен. Оның алтауы әуесқойларға, екеуі кәсіпқойларға және тағы екеуі балаларға арналған. Сонымен қатар мұнда жебенің екі түрі бар.
Әлішердің ұлттық спорттың бұл түрін таңдауына не себеп болды? Ғимаратты жалға алып, өз қаражатына керек-жарағын жабдықтаған кәсіпкердің мақсаты – дәстүрлі садақ ату өнерін насихаттау, яғни оны қазақтың ұлттық спорттық өнері ретінде дамыту. Бұл ойын өзі былай жеткізді:

– Абай атамыз: «Мал керек болса – қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» демей ме? Алматы қаласында оқып жүргенімде жап-жас қыздардың садақ атып, нысанаға дәл тигізіп жатқанын көріп, ерекше ықыласым ауған еді. Негізі өзім бала күнімнен тарихи дүниелерге құмармын. Тіпті осындай орталық ашуды сол уақытта армандаушы едім. Міне, діттеген арманыма қол жеткізіп отырмын. Алдағы уақытта бұл спортты дамытып, қызығушылар қатарын көбейту үшін арнайы жоспарларым да бар. Осылайша садақ ату өнерін бұқаралық спорт ретінде қолданысқа енгізуге теңіздің тамшысындай болса да, үлесімді қосқым келеді. Себебі, бұл – ата-бабаларымыздан жеткен асыл мұра, құнды қазына. Бұйырса, жалғыз садақ ату емес, басқа да ұлттық спорттарды қолға алып, енгізу ойымда бар,– дейді жас кәсіпкер.

Сонымен қатар кәсіп иесі садақ атудың мәні мен пайдасы туралы ақпаратымен бөлісті.
– Садақ атудың бұғанасы беки бастаған жас ұрпаққа пайдасы өте зор. Садақты, жебені ұстап, нысананы көздегенде қолың, жанарыңмен қоса ағзадағы барлық бұлшық еттер жиырылып, жұмылып, жұмыс істеуге кіріседі. Садақ ату баланы, жастарды көздеген мақса­тына жетуге талпындырып, бойындағы табандылық, жігерлілік қасиеттерін ашады. Сонымен қатар садақ ату көңіл күйді көтеретін «антистресс» құралы. Мазасыз ойдың жетегінде жүрген адам қолына садақ ұстағанда жігерленіп, ауырлықтан арылып, жеңілденіп, сергіп қалады, – дейді.
Орталыққа барғанымызда адам қарасы өте көп екен. Әсіресе, жастар бір-бірімен жарысып садақ атуда. Барлығы да нысананы дәлдеп, мергендіктерін сынауда. Осында жүрген жастың бірі Асан Мейірбекұлынан орталық жайында сұраған едік.
– Шыны керек, ауданымыздағы керемет орындардың бірі болды. Уақытымызды түрлі ойынханаларда емес, осындай садақ ату орталығында өткізген тиімді, күннен-күнге қызығушылығымыз артып жатыр. Алғашында біраз қиын болды. Қазір тәлімгердің көмегімен үйреніп жатырмын. Мұнда жиі келемін. Садақ атып, демалып, арасында қымыз ішіп, қазақтың ұлттық сусыны мен дәстүрін байланыстырып отырған жайымыз бар, – дейді ол.
Жалпы, дәстүрлі садақ ату спорты Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Мамандардың айтуынша, садақ атудың пайдасы өте мол. Ол адамға рух беріп, көздің көру қабілетін жақсартады. Сонымен қатар адамдарды сабырлы болуға, өзін-өзін тәрбиелеуге, адам бойына сенімділік ұялатуға көмектеседі.

Әсел Рзаева
04 мамыр 2025 ж. 160 0