АҚҚОРҒАН
Орта ғасырдағы қамалды қалалардың бірі – Аққорған Жаңақорғаннан оңтүстік-батысқа қарай 40 шақырымдай жерде. Сырдарияның сол жағалауындағы қазіргі Түгіскен ауылының аумағында болған. Бұл күнде қаланың төбеге айналған орны ғана қалған.
Аққоған қаласы XV-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығы кезеңіндегі Сыр бойында өркендеген біраз қалалармен қатар аталады. Тарихшы Ибн Рузбихан «Түркістанның отыз бекінісі» атты еңбегінде Сырдария мен оның сол жағалауындағы Аркөк, Өзгент қаласымен бірге Аққорған қаласын да дамыған қалалардың қатарына жатқызды. Бұл қала үлкен сауда орталығы болғанмен, суармалы егін шаруашылығы дамыған бекіністі қала. Кейбір жазба деректерге қарағанда, Аққорғанда астықтың мол қоры болған. Халқы жер жыртып, егін салған. Жаздық, күздік бидайларды көп еккен.
Әбілқайырдан кейінгі өзбек ханы Мұхаммед Шайбанидің хатшысы болған Рузбиханның жазуына қарағанда, Шайбани хан Аққорған және сол маңдағы бекіністі қалалардан өзінің әскерлерін азықтандыру үшін қанша астық жинаса да табыла беретіндігін айтады.
1446 жылы Шығыс Дешті Қыпшақ ханы Әбілқайыр Сығанақ, Өзгент қалаларымен бірге Аққорған қаласын да басып алған. 1581 жылы Өзгентке жорық жасап бара жатқан Абдолла ІІ ағасы Ибадулла сұлтанмен Аққорған маңындағы кең жайлауда кездескен. Аққорған қаласы кезінде сол аймақтың саяси және экономикалық өмірінде лайықты рөл атқарған.
«Жаңақорған» кітабынан.
Пікір 38