» » Қазақ тілі – ұлт рухының алтын қазығы

Қазақ тілі – ұлт рухының алтын қазығы

Фото: assembly.kz
Тіл – әр ұлттың жаны, рухани коды, ұлттың болмысын айқындайтын бірден-бір құндылығы. Ол – ұлттың үні, халықтың тұтастығы мен егемендігін танытатын қасиетті күш. Тіл – жай ғана қатынас құралы емес, ол күрделі әрі жүйелі құбылыс. Тіл арқылы ұрпақтың танымы қалыптасады, сана-сезімі биіктейді, ұлттық идеология нығаяды. Сондықтан, ана тіліміздің тазалығын сақтап, оны келер ұрпаққа қастерлеп жеткізу – баршаға ортақ парыз, әрі ұлы аманат.
         Ана тілі туралы айтқанда, мемлекеттік тілдің мәртебесіне ерекше тоқталған жөн. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауы мен үндеуінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесін басты назарда ұстап келеді. Президенттің: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» деген сөзі – әрбіріміздің жүрегімізге салмақ түсіретін тағылымды үндеу.
         Тіл – өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғайтын алтын көпір. Ана тілінде еркін сөйлеп, терең ойлай алған ұрпақ қана ел болашағының жарқын кепілі бола алады. Шын мәнінде, тілге деген құрмет отбасынан басталады. Бесіктен белі шықпай жатып, ана тілінде сусындап өскен бала ертең ұлтының жанашыры, тілі мен діліне берік азаматы болып қалыптасары сөзсіз.
         Мемлекеттік тіл – елдігіміздің басты нышаны. Ол – ту, елтаңба, әнұранмен бірдей деңгейде тұратын ұлттық байлығымыз. Сондықтан, тіл мәдениетіне, сөйлеу әдебіне ерекше мән бергеніміз жөн. Әсіресе, қоғам алдында сөз сөйлейтін азаматтардың әр сөзі таза, анық, мағыналы болуы – үлкен жауапкершілік. Себебі, сөйлеу мәнері – адамның ішкі мәдениетін, ұлтқа деген құрметін көрсететін айна.
         Дегенмен, бүгінгі қоғамда ана тілінде сөйлей тұра, арасына бөтен тілдің сөзін қосып сөйлеуді әдетке айналдырғандар аз емес. Кейбір жиындар мен ресми мінберлерде мемлекеттік тілдің шұбарланып, шала сөйленіп жататыны – тіл тазалығы мәселесінің әлі де өзекті екенін аңғартады. Бұл – елдікке сын, жауапкершілікке салмақ.
         Мәселен, біздің аудан – түп-тамырымен қазақыланған өңір. Тіліміз – қазақ тілі, ойымыз – қазақша өріледі, сөзіміз – ана тіліміздің мәйегімен өрнектеледі. Бұл – қуантады. Десе де, көңілге қаяу түсіретін бір жайт – өз ана тілінде сөйлеп жүрген кейбір замандастарымыздың әлеуметтік желілерде орыс тілінде жазуы, дүкен сөрелеріндегі атаулар мен мәзірлердің орыс тілінде берілуі. Көзге жиі түсетін бұл құбылыс – өз тілімізді өзіміз елемей, өгейсінудің көрінісі емес пе?
         Бүгінде кейбір кәсіп иелері дүкендерінің атауын, тауар бағаларын, түс атауларын орыс тілінде жазып, онымен қоймай, қазақша мен орысшаны араластырып, шала тілде сөйлеуді «сәнге» айналдырғандай. Бұл – тіл мәдениетінің емес, керісінше, сауатсыздықтың белгісі. Орыстілді ортада емес, жүз пайыз қазақы ортада жүріп, қазақ тілінің орнына жат тілді тықпалау кімге керек?
         Қазақ тілінің байлығы – оның көркем сөзінде, әдемі теңеулер мен терең мағынаға ие ұғымдарында. Біз неге осы құндылықтарды қадірлеуден қалдық? Неге өз ана тіліміздің көркемдігіне сенбейміз? Тіліміздің қадіріне жете алмасақ, ол үшін кім кінәлі?
         Сондықтан, барша замандастарым мен артымыздан ерген жас буынды өзге тілге еліктемей, шұрайлы қазақ тілінде таза сөйлеуге, жарнама, мәзір, жазба болсын – бәрінде ана тілімізді ардақтауға шақырамын. Өзге тілде «шүлдірлегенше», өз тіліміздегі әр сөзді нақышына келтіріп сөйлегеніміз – үлкен өнеге, шынайы сауаттылық, елге деген құрмет.
P.S.: Қазақ тілі – бабадан жеткен аманат, ғасырлар сүзгісінен өткен құнды мұра. Оны ұлықтау, қадірлеу – әр қазақтың азаматтық борышы. Сондықтан, тілге деген құрмет – елге деген құрмет екенін естен шығармайық. Әр сөзі мағынаға бай, бояуы қанық тіліміздің қадірін білейік. Қаза тілі – ұлт рухының күретамыры, мәңгілік елдің мәңгілік тілі.   
Айсұлу Алданазарова.
22 маусым 2025 ж. 185 0