№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ескерткіш – елдіктің белгісі

Ескерткіш – елдіктің белгісі


Төл газеттің №71 (8289) нөмірінде Баян Үсейінованың «Тас тұғырдағы тұлғалар» атты мақаласы жарық көрді. Зер сала оқып шықтым. Автор елдіктің белгісі болатын ескерткіштердің маңызын жан-жақты аша түсіпті. Дегенмен мақала ауқымына бәрін сыйдыру мүмкін еместігі белгілі ғой. Мен бірер жайтқа көңіл бөлуді жөн көрдім.


Академик Сұлтан Сартаевтың жана­шыр­лығымен бой көтерген Хусам ад-дин Сығанақидың ескерткішін елемей кетуге болмас, сірә! Ғұлама ғалым Сығанақ топырағынан нәр алып, Ұлы далада дүниетанымы мен көзқарасы қалыптасты. Бағдат қаласында Абу Ханифа медресесінде білім алып, ислам ғылымын тереңінен меңгеруге мән беріп, «ат-Тасдид фи шарх ат-Тамхид» атты еңбек жазды. Дамаскіге, Алеппоға сапар шегіп, өркениеттердің тыныс-тіршілігін танып, қоғам дамуына маңызда бағыт-бағдар көрсетті. Оның еңбегінен ислам діні, сенім, мазһаб төңірегінде туындаған түрлі пікірлерге қатысты нақты тарихи әрі ғылыми жауап алуға болады.
Ислам өркениетіне, мәдениетіне, тарихына қомақты үлес қосқан тарихи тұлғаның ескерткішінен ілім-білімнің, ғылымның мән-маңызын тануға болады. Сондықтан орналасу орнын қайта қарастырған дұрыс секілді. Бәлкім іргелі мектеп ауласынан қойған дұрыс па? Оны басшылар шешер, біздікі ұсыныс қана.
Ұлы Жібек жолын жаңғыртқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында тарихи-мәдени ескерткіш ретінде Қожамберді батырдың ескерткіші қасқайып тұр. Білуімше, халықаралық жолдың бойында бой көтерген тұңғыш ескерткіш. Бұл ескерткіш бізге несімен құнды? Мұны марқұм қаламгер Айдархан Бибасаровтан артық айта алмаспын. Жазушының жазбасында батыр Хақназар, Шығай, Тәуекел хандарға қызмет етіп, ел басшыларына әскери істерде сенімді серігі, елдік істерде ұйытқы болғаны көрсетіледі. Яғни ескерткіштен батырлықтың рухын танисыз, елдіктің жөнін білесіз.
Батырлық дегеннен шығады, Жаңақорған кентінде Көкен батырдың ескерткішіне тоқталмай өтуге болмайды. Ол ел мен жерді қорғап, Қоқан езгісіне қарсы атқа отырады. Қоқандықтар Сыр бойындағы отырықшы және көшпелі ауылдарға қапыда шауып, үйлерін өртеп, байлығын тонап, мал-жайын айдап алып кететін болған. Жаудың қорлығына шыдамаған Көкен халқының азаттығы мен бірлігін сақтау үшін ту көтеріп, жауға қарсы шыққаны тарихтан белгілі.
Ескерткіш тақырыбын қозғағанда замандасым Манап Көкеновтың тас тұғырын ұмытуға болмайды. Көрнекті ақын Әбділда Тәжібаев: «Манаптың бір өзі – бір театр» дегенінен ақынның жан-жақтылығын, жеті қырлы бір сырлы екенін білесіз. Манаппен талай дәмдес, дастархандас болдым. Расында жүйелі сөздері тартымды әрі көңіл сергітер әзілі қабат жүретін. Сөзді тауып айтатын. Адамның көңіліне жеткізе, ойына қонымды етіп сөз саптайтын. Ұйып тыңдаушы едік. Енді жерлестеріне ойлана көз тастаған ескерткіші қарап тұр. Құтты Манаптың өнегесін дәріптейтіндей.
Халық ақынының 90 жылдығына орай ашылған ескерткіштің ашылуына бара алмадым. Бірақ ескерткішке арнайы барып қайтуға уақыт таптым. Еңселі тас тұғыр орнын тапқан. Бәрінен бұрын, жерлестерін, мәдениет саласының қызметкерлерін рухымен жігерлендіретіндей көрінді.
Расында біз де батыр, ғалым, қайраткерге орнатылған ескерткіштермен мақтана аламыз. Алайда елінің атын шығарған ердің асқақ тұлғасы, ұлттың айбыны, ұлттың болмысы, арман-мұраты ескерткіште өрнек тапқаны жақсы. Кез келген зейінді жан ескерткіштерге осындай өлшеммен қараған абзал. Яғни ескерткіштің эстетикалық әдемілігіне, идеялық көркемдігіне мән беру қажет. Қазір интернет деген жақсы ғой. Аяқпен барып, көзбен көрмесең де мәлімет алуға болады. Өйткенде әлеуметтік желілерде алаштың қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың ақылдаса, сырласа отырған ескерткішіне көзім түсті. Қарқаралыда бой көтерген ескерткіштің идеялық мәні тым терең. Ұлт қайраткерлерінің бір үстел басында елдік мұрат, халықтық бастамалар жолында ақылдаса отырғанын көресіз. Елді дамытып, өркениетке сай көш түзеудің жолын бағдарлап жатқанын бағдарлайсыз. Жалпы ескерткішке қарап әр түрлі ой түйесіз, әр түрлі тұжырым жасайсыз. Міне, ескерткіш осындай болуы тиіс.
Қарқаралыдағы көрнекті ескерткіш бұл ғана емес. Оған Дана Құнанбай мен бала Абайды бедерлейтін ескерткішті қосуға болады. Әке мен баланың арасындағы сыйластықты, сырластықты дәріптейтін ескерткіш әке беделін асқақтып тұр. Исатай мен Махамбеттің еңселі ескерткіші Оралда бой көтерді. Ақын мен батырдың ой үндестігін, достығын, мақсат-мұраттарының ортақтығын насихаттайтын ескерткішке сүйсіне қарайсыз.
Айтайын дегенім, ескерткіштер тұлғалануы тиіс. Тарихи өтпелі кезеңдерде елдік жолында қызмет етіп, ұлттың дамуына үлес қосқан тұлғаларды ғана бедерлеп, ұлтты рухтандыруы, ортақ мұратқа үндеуі қажет.
Ортақ құндылықтарға үндейтін, қоғамның бағыт-бағдарын айқындауда бағдаршам болатын ескерткіштер де болады. Осыдан біраз жыл бұрын Павлодар қаласында «Ұстаз» ескерткіші ашылды. Ұлт ұстазын танытатын ескерткіш қазір керек-ақ. Біздің ауданда «Педагог мәртебесі» ескерткіші салынса қайтеді?! Қазір әлем біліммен қарулануда. Адами капиталға мән беруде. Салаларды ғылыммен байланыстырып, инновация игілігін көруге асығуда. Адамның интеллектуалды қабілетіне сұраныс артқан заманда ұстаздың еңбегіне де сұраныс артатыны белгілі. Олай болса басшылар ойланар, дұрыс деп тапса ұстаздың еңбегі мен қызметін дәріптейтін ескерткіш салар.
Масылдық қоғамның дертіне айнала бастады. Бәрі еңбектен жиренудің саладарынан. Сондықтан еңбектің құдіретін танытатын ескерткішті қажеттіліктен деп қабылдаған дұрыс. Ақын-жазушыларға арналған «Қаламгер» аллеясы ашылғаны қандай жақсы?!
Қысқасы, ескерткіш – елдіктің белгісі, атажұртқа қағылған қазық. Тұлғатанудың бір тармағы ретінде ескерткіш орнатуға мемлекеттік деңгейде мән беру қажет. Егер рулық пиғылдың астарында ұсақталсақ, онда ұтылғанымыз. Тарихи тұлғаларға ескерткіш салғанда ұлттың бірегей тұлғасы ретінде дәріптеп, жұртты біріктіруші құрал ретінде пайдаланғанда ғана ұтамыз.

Фатима ТІЛЕУБАЕВА,
білім саласының ардагері,
ауданның «Құрметті азаматы».
21 қыркүйек 2019 ж. 1 288 0